Қыран қазақ

4268
Adyrna.kz Telegram

1961 жылдың 12 сәуірінде ғарышқа аға лейтенант шенінде ұшып, майор шенімен жерге қайтып оралған Юрий Гагариннің ғарыш сапарына орай бүгін әлеуметтік желіде түрлі материалдар жарияланып жатыр екен.

Ал біздің қазақ халқының тұңғыш ғарышкері Тоқтар батырымыз ғой. Қыран қазақ Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа самғау сәтін көзіммен көру бақыты бұйырған еді маған.

Әлі есімде, 1991 жылдың 2-ші қазаны еді. Қазақ халқының атынан Байқоңыр космодромынан ғарышқа қанат қаққан Тоқтар Әубәкіров ағамыздың ұшу сәтін көру үшін арнайы шақырылған қазақстандық журналистер құрамына «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы атынан қатыстым.
Сол тарихи оқиға туралы «Орталық Қазақстан» газетінің екі санында «Сұңқардың самғау сәті» деп аталатын деректі репортажым жарияланды.
Тоқаң бір айдан кейін Жұлдызды қалашықтан елге келді. Қарағанды әуежайы басынан күтіп алдық та, батырдың кіндік қаны тамған Қарқаралы ауданына тартып кеттік.
Батырдың бұл сапары жайлы репортаждарым «Орталық Қазақстан» газетінде бір апта бойы күн құрғатпай жарияланып тұрды.
Бұл журналистік еңбек жолымдағы жарқын сәттердің бірі ретінде жадымда сақталып қалды.

Тоқтар батырдың ғарышқа қанат қаққан күнінде және бір айдан кейін елге қайтып оралған сапарында түсірілген фотосуреттерді жеке мұрағатымнан алып, жұртшылық назарына ұсынуды жөн көрдім.

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ

Пікірлер