Қаныш Сәтбаев — алуан түрлі тастары бар тауларды, дархан даланы жақсы көрген, қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан, Қазақстан гелогтары ғылыми мектебінің негізін қалаған, гелогия, минерология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының ұйымдастырушыларының бірі әрі тұңғыш президенті. Бүгін академик Қаныш Имантайұлының туған күні. Ғалымның дүние есігін ашқан күніне орай, қызықты деректер ұсынамыз.
Ғұлама ғалымның шын есімі — Ғабдулғани. Арабшадан аударғанда шексіз байлық иесі, ешкімге мұқтажсыз, Алланың құлы деген мағынаны білдіреді. "Ғани", "Ғаныш", еркелете келе "Қаныш" аталып кеткені осыдан.
Қаныш Сәтбаев өнердің сан саласында озық болған. Музыка тыңдағанды ұнатқан, биді қадірлейтін. Археолог, ғалым Әлкей Марғұланның айтуынша, Қаныш Сәтбаев полька, мазурка, вальс билеріне қызыққан екен.
Қаныш Имантайұлы алғашқы қазақ мектептеріне арналып ана тілінде жазылған "Алгебра" оқулығының авторы. Алғашқы ғылыми еңбегіне жататын оқулық қол жазбасының көлемі 1642 беттен тұрған.
1947 жылғы наурызда Қаныш Сәтбаев КСРО жоғарғы советінің делегациясы құрамында Англияға барған. Сапар барысында қазақ ғалымын алғаш көрген Ұлыбританияның әйгілі саясаткері Уинстон Черчилл зор денелі Қаныш ағаға тесіле қарап тұрып, "қазақтардың бәрі сіздей алып па?" деп сұраса керек. Сонда Қанеке: "О не дегеніңіз Черчилл мырза, олай емес. Мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын. Халқым менен де биік" деп жауап беріпті.
Қаныш Сәтбаев қазақ археологиясының бәйтерегі, ғалым Әлкей Марғұланды қуғын-сүргін азабынан құтқарып Алматыдағы КСРО ғылым академиясының филиалына жұмысқа алады. Сондай-ақ Сәтбаев оған археологиямен айналысуға кеңес берген екен.
Қазақтың тау тұлғалы алыптары Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов дос болған. Ұлы жазушы мен ұлы ғалым Семейдегі семинарияда бірге оқыған. Қаныш Имантайұлының көзін көрген Слямхан ақсақалдың айтуына қарағанда екеуі бір жатақханада, бір пәтерде тұрған. Жастайынан бірін-бірі тап басып таныған қос таланттың арасындағы адал достық соңғы сәтке дейін жалғасын тапқан екен.
Қаныш Сәтбаев айтқан екен:
"Қазақстандағы ғылым дұрыс жолмен даму үшін оның штабында, ғылым академиясының, халқының, өз отанының мүдделерін бар жан-тәнімен берілген адамдар қызмет етуі керек" деп.
Қаныш Имантайұлы домбыра мен гитарада тамаша ойнаған. Қазақ және украин әндерін тыңдағанды ұнатқан екен. Қаныш Сәтбаевтың орындауындағы әуендерді тұңғыш рет тыңдаған белгілі музыка танушы Александр Затаевич, Қаныштың орындауындағы 25 қазақ әнін жазып алған.
Мәскеудің тапсырмасы бойынша Қазақстанның жер-асты қазба-байлығының картасы жасалған кезде Қаныш Сәтбаев төрт-бес іргенішті картаға кіргізбейді. "Бұл қалай" деген орыс ғалымдарына: "Ондағы рудалар өте тереңде жатыр қаржыны да, техниканы да көп қажет етеді. Сондықтан бұл жерлерді картаға кіргізуге әлі ерте" дейді. Ал өзімен сырлас, сыртқа сыр шашпайтын достары Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланға әдейі жасырып алып қалғанын, кейінгі ұрпаққа да байлық керек шығар деген ниетте картада белгілемегенін айтқан екен.
Ұлыбританияның премьер-министрі Антоли Иден, Кеңес одағында Қаныш Сәтбаев сынды әлемдік тұлғаның туғандығы ғажап құбылыс деген екен.
"Адырна" ұлттық порталы