Алматы облысында ауыл шаруашылығына қолдау артып келеді

6344
Adyrna.kz Telegram

Жетісу өңірінде мемлекет қолдауының арқасында жыл сайын егіс алқаптарының көлемі ұлғайтылып, ауылшаруашылығы техникаларымен қамту деңгейі артып келеді. Бұл өңірдің дамуына, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуде. Мәселен, өткен жылы Сарқан ауданында 1 млрд. 220 млн. теңгеге егіс жұмыстарына арналған заманға сай техникалар сатып алынған.

Сарқан аудандық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, техниканың 37 данасы «ҚазАгроқаржы» АҚ арқылы, бесеуі басқа лизингтік компаниялар арқылы алынған. Қалған техникалар шаруашылықтардың өз қаражаты есебінен сатып алған. Атап айтсақ, комбайн, трактор, тұқым сепкіш, шөп жинайтын, жүк тиейтін, жүгері оратын тіркемелер, тұқым тазалағыш, дәрілегіш техникалар аграрлық сала мамандарының игілігіне пайдаланылуда.

– 2008 жылы шаруа қожалығын жалғыз трактормен және 7 жұмысшымен бастаған едім. Әрине, бастапқы кезде өте қиын болғанын жасырмаймын. Жерді игеру, жырту, себу, өнімді жинау барысында техника тапшылығы қатты білінетін. Табанды еңбектің және мемлекеттен жасалатын жеңілдік пен қолдаулардың арқасында бүгінгі күні шаруашылықта 100-ден астам әртүрлі ауылшаруашылық техникалары бар, 70-тен аса адам еңбек етеді. Маусымдық кезеңде жұмысшылардың саны бұдан да артады. Көбіне арпа, бидай, жүгері, соя бұршағы және қант қызылшасын себеміз. Мемлекет тарапынан қолдау болғандықтан аграрлық салада алға жылжып келеміз. Өткен жылдың өзінде әр мал басына және сатып алған техникамның жарты бағасына субсидия төленіп, қаражат жағынан көп жеңілдіктер берілді, – дейді «Хусайнов Х.Н» шаруа қожалығының басшысы Хасанәлі Хусайнов.

Жыл басынан бері Сарқан ауданы 209,2 млн. теңгеге 16 дана әртүрлі ауылшарушылық техникасын сатып алып үлгерген. Жалпы облыста 7 бағыт бойынша 51 сервистік дайындау орталығы құрылып, «Жетісу» ӘКК арқылы сатып алынған 1204 дана техника жеңілдетілген шарттармен қаржылық лизингіге берілді. Бұл ретте облысымыз СДО-лар табысты жұмыс істеп жатқан өңірлердің бірі.

Сарқан аймағында егістікті сумен қамтамасыз етуді жақсарту үшін ұзындығы 21,7 км болатын Тәуке каналының 10,5 км, Ащылы – Өзек каналының 10,87 км күрделі жөндеуден өтпек. Жөндеу жұмыстарына 888,7 млн.теңге қаражат қарастырылып, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы тарапынан конкурс жарияланды.

Сарқан аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Өмірсадықтың айтуынша, биыл егіс алқабының көлемі 97 641 гектарды құрап отыр.

– Жыл сайын қант қызылшасы алқабының көлемі де артып келеді. Осы жылы аудан бойынша 3315 гектар қызылша себіледі деп жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні көктемгі дала жұмыстарына өңір шаруалары толық дайын. Ауылшаруашылығы техникаларының 93% жұмыс бастауға сақадай-сай. Дала жұмыстарын мерзімінде аяқтау үшін жеңілдетілген жағар-жанармайдың әр литрін 168 теңгеден алдық, – дейді Ж.Өмірсадық.

Жалпы Алматы облысында биылғы жылы ауылшаруашылығы дақылдарының алқабы 2 мың гектарға ұлғайып, 970,5 мың гектарға жетті. Көктемгі егіс жұмыстары биыл 10 наурызда басталды. Қазірге дейін 3,7 мың гектар жер жыртылды, 0,6 мың гектар жерге дәнді дақылдар себілді. Сол сияқты, осы жылы Жетісу өңіріндегі алқаптардың ылғал сақтау технологиясымен қамтылу деңгейін 150,6 мың гектарға жеткізу жоспарланған.

Пікірлер