Алматы облысында соңғы тәулікте 254 адам коронавирус жұқтырған. Нәтижесінде аурудың өсу қарқыны 1,6% құрады. Кесел Текелі, Талдықорған қалалары мен Көксу, Қаратал, Ескелді, Ұйғыр, Панфилов аудандарында көп тараған. Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес Алматы облысы «қызыл» аймақта орналасқан.
Аймақтағы эпидемиологиялық ахуалды жақсарту мақсатында карантиндік шаралар тағы да күшейтілмек. Осыған орай Алматы облысының бас санитарлық дәрігерінің №8 Қаулысы шықты.
«Жаңа талаптарға сай, тойханалар, театрлар мен кинотеатрлардың қызметі тоқтатыла тұрады. Сондай-ақ ауданы 2000 шаршы метрден асатын азық-түлік емес дүкендердің жұмысына тыйым салынады. Діни нысандардың жұмысына да шектеу қойылады. Мәселен, азаматтарға Құдайға құлшылық ету, ауызашар түрінде ұжымдық іс-шаралар өткізуге болмайды. Кешкі намаз (тарауих) және жұма намазын кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, ашық ауада оқуға болады»,- дейді Алматы облысы бойынша санитариялық - эпидемиологиялық бақылау басшысының орынбасары Асхат Чарапиев.
Сонымен қатар жұмыс күндері қоғамдық тамақтану нысандары сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді, сенбі және жексенбі күндері уақыт бойынша шектеусіз шығару және жеткізу жұмыстарын қоспағанда қызметке тыйым салынады.
Баршаға мәлім, жыл басынан өңірде халықты COVID-19-ға қарсы вакцинациялау жұмыстары басталған болатын. Қазіргі таңда облыста 117 егу пункті жұмыс істейді, олардың 7-і облыс орталығында орналасқан.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, өңірде 24 803 адам «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін қабылдаған. Оның ішінде 11887 медицина қызметкері, 7809 педагог, 11 студент, 1966 әскерилер, 563 мемлекеттік қызметкер, 94 созылмалы аурулары бар адамдар, 2388 басқа тұлғалар екпе алған.
Вакцинаның екінші бөлігі 21 күннен кейін алынады. Облыс бойынша, екінші компонентті 8122 азамат қабылдаған. Олардың қатарында 6303 медицина қызметкері, 1689 педагог, 52 қарулы күштер қызметкерлері, 74 мемлекеттік қызметші, 4 басқа тұлғалар бар.
Мамандардың айтуынша, егілгендер арасында вакцинациядан кейінгі реакциялар мен асқынулар тіркелмеген.