«Ақ жол» зардап шеккен секторларда ШОБ үшін несиелік және салықтық демалыстар енгізуді ұсынады. Бұл туралы бүгін фракция жетекшісі, ҚР Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Мәжілістің жалпы отырысында жолдаған депутаттық сауалында айтты.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А.Ә. Смайыловқа
ҚР Қаржы нарығын реттеу агенттігінің төрағасына
Жақында өткен эпидемиологиялық жағдай жөніндегі кеңесте Президент Қ. Тоқаев Үкіметке «зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес субъектілері үшін жекелеген салықтар мен төлемдерді төлеуді кейінге қалдыруды шұғыл түрде енгізуді, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банкке экономиканың зардап шеккен секторларында шағын және орта бизнес несиелері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін пысықтау туралы тапсырма берген болатын.
«Ақ жол» демократиялық партиясы бұл тапсырмаларды қолдайды және Қасым-Жомарт Кемелұлына кәсіпкерлердің қиын, кейбіреулері үшін үмітсіз болған жағдайларға түсіністік танытқаны үшін ризашылығын білдіреді.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы осы мәселе бойынша алғашқы тапсырманы бір жыл бұрын, 2020 жылғы 23 наурызда Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында берген болатын.
Сол кездің өзінде президент төлемдерді кейінге қалдыруды ұсынып қана қоймай, алдымен 2020 жылдың 15 маусымына дейін, содан кейін 1 қазанына дейін, осы бағытта шаралар кешенін әзірлеуді және іске асыруды тапсырды.
«Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы бірден Президенттің тапсырмасын мұқият пысықтауды талап етті.
Өткен жылдың 15 сәуірінен бастап біз Үкіметке, Ұлттық Банкке және Қаржы нарығы агенттігіне 9 сауал мен өтініш жолдадық, онда олар қабылдаған төлемдерді механикалық түрде кейінге қалдырудың жартысы ғана орындалғанын көрсетіп, өзара байланысты мәселелердің бүкіл кешенін пысықтауды талап еттік.
Қолданыстағы несие шарты шеңберіндегі қарапайым кейінге қалдыру мәселені шешпейді, керісінше қарыз жүктемесін күшейтеді. Ол аяқталғаннан кейін жинақталған төлемдер сомасын банктер қарыздың негізгі сомасына аударады және Шарттың қалған мерзімінде ағымдағы төлемдер өсе береді. Бұл кәсіпорындарды күйреу қаупіне ұшыратады, өйткені олардың айналым мөлшері азайды. Мысалы, қызмет көрсету саласында, соңғы бір жылдан астам уақыт ішінде айналым 5-6 және тіпті одан да көп есеге азайды.
Сондықтан «Ақ жол» демократиялық партиясы аталған сауалдарда келесілерді табанды түрде ұсынды:
- 1)Төлемдерді кейінге қалдыру ғана емес, сондай-ақ ағымдағы төлемдер сомасын сақтау үшін шағын және орта бизнеске осыған ұқсас кезеңге несие шартының мерзімін автоматты түрде ұзарту құқығын беру;
- 2)Дәл сол мақсаттар бойынша банктерге кейінге қалдырылған төлемдерді борыштың негізгі сомасына айырбастауға тыйым салу, бұл үшін тек кейінге қалдыруды ғана емес, ШОБ-тың зардап шеккен секторлары үшін несие демалыстарын жариялау.
Өткен жылдың сәуір және мамыр айларында біз бұл ұсыныстарды елемеу кейінге қалдыру аяқталғаннан кейін (1 қазан) осы мәселеге қайта оралуға мәжбүр ететінін, бірақ көптеген бизнес субъектілерін құтқару мүмкіндігінің жойылатынын атап өттік.
Алайда біздің талаптарымыз ескерілмеді. Егер Президенттің Жолдауын орындау үшін өткен жылдың күзінде бизнестің 8400 жобасына арналған несиелер қайта қаржыландырылған болса, кешегі «Ақ жол» фракциясының барлық өңірлердің қатысуымен өткен Сауда кәсіпорындары мен базарлар қауымдастығы мүшелері қатысқан отырыста айтылған деректерге сүйенсек, қоғамдық тамақтану, көлік және қызмет көрсету объектілері туралы айтпағанда, тек осы аталмыш салада 10 мыңнан астам кәсіпорын жұмысын түпкілікті тоқтатты.
Несие беру саласындағы ахуалға жауап беретін Қаржы нарығын реттеу агенттігі бизнестің күйреуінің тағы бір жарты жылын күтпей-ақ өткен жылдың жазында және күзінде жағдайды шынайы бағалауға, Президенттің алдыңғы тапсырмаларын толыққанды пысықтауға және орындауға міндетті болғанына сенімдіміз.
Қаржы нарықтарының әл-ауқатының негізі - бұл банктердің тұрақтылығы ғана емес, ең алдымен - шағын және орта бизнесті қоса алғанда, олардың жаппай қарыз алушыларының төлем қабілеттілігі екенін еске салуға мәжбүрміз.
Осыған байланысты, Президенттің несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру туралы тапсырмасын орындау шеңберінде «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы экономиканың зардап шеккен секторларында ШОБ үшін несие мерзімдерін ұзарту және несие демалысын енгізу туралы жоғарыда көрсетілген ұсыныстарды қайта жібереді.
Жоғарыдағыларға ұқсас, келесідей үшінші шараны ұсынамыз:
3) Пандемия аяқталғанға дейін салық демалыстарын енгізу, зардап шеккен секторларда айыппұлдар мен өсімпұлдарды жою, сондай-ақ салық төлеушілердің жағдайын нашарлататын жаңа салық салу және оны әкімшілендіру нормаларын енгізуге тыйым салу.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары