Биыл ауқымды су тасқыны күтілмейді. Дегенмен қатты жауын-шашын болған жағдайда су басуы мүмкін бірқатар өңірлер бар. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы дереккөзге сілтеп.
"Қазгидромет" мәліметіне сүйенсек, биыл 2015, 2017 жылдары болғандай ауқымды су тасқыны күтілмейді. Ауа райының күрт өзгеруі және қатты жауын-шашын болған жағдайда Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Алматы, Түркістан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарын жергілікті су басу қаупі бар", - деді Қожаниязов ОКҚ брифингінде.
Оның айтуынша, қазір республиканың барлық аумағында қар қарқынды еріп жатыр.
"Қар Қызылорда, Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарының жазық бөлігінде толық еріп кетті. Алайда жазықта орналасқан елді мекендерде су басу қаупі тек көктемгі кезеңде ғана болса, таулы жерлерде су тасқыны қаупі тауларда қар ерігенде және қатты жауын-шашын болғанда туындайды", - деп ескертті Қожаниязов.