Неге туа бересіз?

2668
Adyrna.kz Telegram
Бетпақдалада жын жоқ, жыны несі, дым жоқ. Адамы несі, ел жоқ... Оны бәріңіз білесіздер. Түсімде осы бетпақдалаға әкім болыппын. Бетпақдала облысы құрылып, жан-жақтан ел көшіп келіп, көшелер бой түзеп... Қақаған қыс айында қаламыздағы бір апай бірден бес бала таппасы бар ма? «Дала», «Жусан», «Жантақ», «Топырақ» газеттері шеттерінен дабыралатып жазып жатты! Бір күні бұрын он баласы, енді қызыл шақа бес баласы бар алып ана қабылдауыма келді. Екі баласын арқасына таңып, екі баласын етегіне орап алып, бір баласын қолтығына қыстырып келген апай:
- Кешіріңіз, 15 баланың анасымын, пәтер берілсе деп. келдім....—деді.
- Қайда тұрып жатырсыздар?--деп сұрадым мен.
- Қасқырдың апанында тұрып жатырмыз... Қасқырдың апаны суық, жылу, газ, свет жоқ...
- Свет кіргізіп береміз. Тапсырма беремін,--дедім мен.
- Свет жоқ болса да, светке төлеп жатырмыз...
- Қалай сонда?
- Білмеймін, шырағым, әйтеуір айдың аяғында суға, жылуға, светке «кібітәнсия» келіп тұрады...Жер салығын да төлеп тұрамыз... «
- Ім-м... Күйеуіңіз не істейді?—деп сұрадым мен.
- Күйеуім мүгедек... Екі аяғы жоқ.. Қасқырлар күнде апан аузына келіп, ырылдап кетеді. «Шығыңдар!» дейді...
- Қақаған қыста шығаруға құқы жоқ! Сіздің жасыңыз қаншада?
- Елу үште...
- Ұялмайсыз ба апа... Келіндеріңізбен «марафонға» түсіп...
Неге туа бересіз? Бірдеңе көрінді ме?
- Менің жұмысым бар, түс қайта Астанаға ұшып кетуім керек... Сау болыңыз!
- Онда шырағым, мына бес баланы жылы кабинетіңе тастап кетемін! Көктемге дейін! Сау бол шырағым!— деген алып ана кабинетімнен шыға жөнелді... Столымның үстінде іңгәлап жатқан бес нәрестенің даусынан шошып, алып ананың артынан тұра жүгірдім. Әлі жүгіріп келемін...
Мұхтар Шерім
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер