Қазақ тілінде ғылым мен технология жасамаса, қазақ көштен қала береді

5705
Adyrna.kz Telegram

ҚАЗАҚ ТІЛІ ҒЫЛЫМ МЕН ТЕХНОЛОГИЯ ЖАСАУҒА ЕҢ ҚОЛАЙЛЫ ТІЛ

(Ғылым мен технологияға көңіл бөлген жастарға құлаққағыс)

Жалпы әңгіме былай: Жоғары оқу орнында оқып жүргенімізде біздің оқитын техникалық әдебеттеріміздің барлығы да орысша болды. Өзіміздің техникалық мамандықтарға қатысты қай әдебиетті тапсақ та, кездескенінің барлығы дерлік орысша. Біз қазақ тобында оқығандықтан қажетті материалдарды қазақ тіліне аударуға тура келетін еді. Оқу орнында бір кезде бізге қазақша жазылған, авторы Ғ.Нұрсұлтанов деген «Мұнай мен газды өңдеу және өндіру» деген кітаптар келді. Сонымен мамандығымыз бойынша қазақша кітап табылды, бізге жақсы болды деп қуанып едік, көптен күткен кітабымыздың қазақша аудармасын оқып, қателікке толып тұрғанын көзіммен көрдім.

 

Техникалық әдебиеттердің сөздерін көпшілік оқитын көркем әдебиеттің сөздерімен салыстырмаңыз. Техникалық тілдер әлдеқайда күрделі әрі ауыр болады. Оны тездетіп те аудара алмайсың. Сонда бір ұстазымнан (техника ғылымдарының кандидаты) қазақша әдебиеттегі техникалық сөздердің мағынасы ауысып кеткенін, неге бұлай жазылғанан сұраған болатынмын. Сонда ол кісі: «Негізі техникалық материалдар орыс тілінде ыңғайлы жазылады. Қазақ тілі техниканың тіліне келмейді» деп айтқаны есімде. Ұстазымның сол кезде айтқанын кейіннен қате екенін білдім. Мен өзім студент кезде де, одан кейін магистратураны оқып жүрген кезде де техникалық әдебиеттерден көптеген материалдарды қазақшаға аудардым. Кейбір материалдарды кітап етіп басып шығарамын деген ниетпен жинап жүрдім. Өзіме керекті материалдарды үнемі қазақшалап отыратынмын. Адам аудармамен айналыса берсе, оған да машықтанып кетеді. Мағынасы мен сөйлменің ұйқасын, қай жерде үйлеспей тұрғанын анық көріп отырады. Сонда менің көзім жеткені, қазақ тілі нағыз ғылым мен техниканың тілі екендігі болды. Қазақ тілінде қазіргі уақытта көптеген докторлық диссертациялар қорғалып та жатыр. Бірақ мойындау керек, орыс тіліндегі диссертациялардың бәрібір салмағы мен саны басым болып тұр.

Мұндағы ең өзекті мәселе тағы да қазақтың тілінің тағдыры болып шығады. Біз көптен бері қазақ қоғамның дамуына ғылым мен технологиялық прогресс керек деп зарлап келе жатырмыз. Оны сіз өзіңіз де білесіз. Біз көп құндылықтарды жаратудан, іске асырудан кешігіп қалдық. Ал өзге жұрт прогрестің адам сенбейтін түрлеріне көшіп үлгерді. Бірақ қазақ өзін: «Ештен кеш жақсы» деп жұбатып отырады. Ғылым мен технологияны дамытып,  іске асыру үшін біз не істеуіміз керек? Біз нақты жолын таба алып жатырмыз ба? Бізге қандай қажетті ресурстар жетіспей жатыр? Міне, осы сұрақтарға өзімше жауап іздеп жүремін.

 

Ғылым мен технологияны жасауымыз үшін ағылшын, орыс тіліндегі сапалы оқулықтарды сауатты, жинақы, түсінікті, оқуға ыңғайлы етіп  қазақтың тілінде ғылыми жолмен аудару керек. Осы шаруаға мемлекеттен қаражатты жеткілікті бөлу керек. Қазақ тілі нағыз ғылымның тілі. Түркі тілдерінің ішіндегі ең таза, ең көркем, ең бай тіл де біздің қазақтың тілі. Тек қазақтың өзі қадірін білмей жүр. Осы тілге керекті техникалық әдебиеттерді орайын келтіріп аударса, орасан көп дүниелерді жарата аламыз. Бізге қазіргі ақпараттық технологиялық дәуірде техникалық әдебиеттерді қазақшалау өте керек.

 

Мен мұны не үшін айтып жатырмын?

Біздің техникалық мамандықтарда оқитын қазақ тілді студенттер қазақтілді құнды материалдар таба алмай, дәл осы орыс тіліндегі материалдарға келіп сүрініп, дұрыс ақпараттар ала алмай, шала-жансар болып, басым бөлігі білімсіз қалуда. Қазақ тілді аудиторияның артта қалып отырғаны да осыдан. Себебі, мен оны өз көзіммен көргенмін. Ол жағынан хабарым да жақсы. Қазақтілді техникалық аудиторияның аурасы мен аясын кеңейтетін ниетіміз болса, қазақ тіліндегі қазақтың қаракөздерін ғылым мен технологияның технократтарына айналдыратын ниетіміз болса, дамыған өркениетті ел боламыз деген ниетіміз болса, қазақ тілінде ғылым мен технологияның прогресс көшін бастайық деген ниетіміз рас болса, міне, мен азаматтарға осындай ұсыныс пен өтініш айтамын.

 

Біз осылай ғана қазақ тілін ғылымның тіліне айналдырамыз. Біз өзімізді сыйламай, бізбен ешкім санаспайды. Барсың ба, жоқсың ба, сені ешкім ел екен деп, ұлт екен деп мойындамайды. Ғылымыңды өз тіліңде жасасаң ғана сен өзгені іздемейсің, іздейтіндер өзі келеді.

 

Батыстың немесе шығыс елдерінің ғылыми техникалық прогресі мен әлеуетін өздеріңіз білесіздер ғой. Олар кез келгенг елге өздерін сыйлата алады. Неге десеңіз, олар өркенеттің тірлігін жасап отыр. Олар адамзат баласын заманның жаңа қырымен таныстырып, танымын кеңейтіп, өрісін арттырып отыр.  Солардың барлығы да өз тілімен өркениетті жасап жатыр ғой.

 

Бекболат ҚАРЖАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер