Латын әліпбиіне қатысты мәселенің түп-тамырына қарап айтсам, өз басым, кирилл таңбасынан латын әрпіне көшу саясатын қолдаймын. Себебі, егер ел боламыз, қоғам ретінде қалыптасамыз десек, онда орыс мәдениетінен, ол халықтың жүріп-тұрысы мен әдетінен алшақ ұстауымыз керек бойымызды.
Осы ойымды үш сөзбен айтайын.
Біріншіден, Рус елінің саяси тарихын еске алғанда...
Оның саяси тарихына қарасақ, Петр патшадан бері ел мен билік арасындағы таластан ешбір позитивті нәтиже шықпапты. Сол «талас» - әлі талас. Таласатын – ит. Адам – түсіністігімен адам. Саяси түсіністік табылған жоқ.
Демек, ұлт ретінде қалыптасқан жоқ. Ұлттың белгісі – саяси жабайылықтан бас тартып, адам әлеуметшілігін құру. Әлеумет ретінде ортақ шешім таба білу.
Екіншісі – рух мәселесі.
Бұл халық рухани бойын түзеймін десе, Православие дініне тіреледі. Себебі, тамыры – сол. Болмаса, «сол» деп түсінеді.
Ол дін – христиан дінінің арасындағы ең консервативті ағымы – ортодоксалды христианизм болғандықтан, рухани ізденісі, бүгінгі болмысы көрсетіп отырғандай, надандыққа алып барады.
Мен түсінген орыстың тарихы мен табиғаты - осы. Сол себепті саяси өміріндегі процестер «жабайы либерализм» мен «орысша коммунизм» арасындағы шайқалыста өтті. Рухани өмірі діни надандық мен радикалды атеизм арасында өтіп жатыр.
Үшіншісі – адам тұлғасын қалыптастыру.
Адам болып туған, адам ретінде қалыптаспай, адам қоғамы құрылмайды. Қоғамды қоғам ететін – адам. Дәлірек айтқанда, әлеуметтік және рухани адам – әділ азамат.
Орыс тұлғасы «мұжық» болып туды. Сол күйінде қалды. Ғасырлар өтті, саяси формациялар ауысып жатыр, бірақ орыс мұжығынан гражданин шыққан жоқ.
Басқа да атайтын тұстары бар бұл мәселенің, бірақ осы сөз жетер.
Сондықтан, ел боламыз десек, орыс үлгісінен бойды алшақ ұстап, дамудың басқа жолын салуымыз қажет.
Кириллді тастап, латынға күшуді құптағандағы түпкі ойым осы еді.
* * *
Бірақ түпкі мақсат бар да, қолдағы мүмкіншілік бар. Осыны шатыстыруға болмайды.
Латын таңбасына жедел көшуді қолдайтын жұрт осының есебіне жетпейтін сияқты.
Неге?
Себебі, басқа елдер тәжірибесіне қарасақ, бұл саясаттың көзге жеңіл көрінетін жағы көп. Оны саралаған ғылыми сөз жоқ. Көршіміз Өзбекстан мен ғасыр бұрын латындалған Түркия жолы бар. Қарасақ, мәселе шеңбері материалдық-техникалық базаның жетіксіздігімен шектеліп қойған жоқ, таза тіл мәселесінің өзі жетіп жатыр.
Ал, "сначало надо ввязаться в серьезный бой, а потом уже видно будет" дейтін, бұл - соғыс емес. Тілдің, рухани болмыс ретінде сипаттайтын, өз жолы бар.
Тілді не байытады?
Әрине, сөздіктер! Сөздіктің түр-түрі. Ал, бүгінше, жарытып жасалынған «Қазақ-Қазақ» сөздігі жоқ, басқасын айтпағанда. Өкпелемесін бұл сөзіме тіл саласының құрметті қауымы.
Сондықтан, латын әрпіне көшуді бүгін-ертең қоя тұрып, тілді байыту керек.
Қазақ-түрік, түрік-қазақ тілінің; қазақ-алтай, алтай-қазақ тілінің; қазақ-хакас, хакас-қазақ тілінің, - және тағы басқасын айтам, - сөздігі жасалсын. Сол негізде тілді талқылайық, халықтық дүниетанымды таниық, сөздің мәнін толығырақ меңгерейік.
Бірінші қадам ретінде, осыны жасасақ, кейінгісіне кейін тоқтармыз.
Бұл интеллектуалдық, ғылыми алғышарт жасалмай, латынға алда-жалда көшемін деу, менің ойымша, ғылыми және қоғамдық-саяси қателік.
Сейітқасым ӘУЕЛБЕКОВ, ғалым,
Франциядағы қазақ азаматы.