Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова оқу жылының IV тоқсанында жүктемесі екі есе артқалы отырған мұғалімдердің еңбекақысы туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, IV тоқсанда төмен және орташа тәуекел аймақтарындағы бала саны 300-ден 3000-ға дейінгі оқушыны қамтитын қала және ауыл мектептері аралас форматта оқытуды жоспарлауда. Аталған мәселе халық тығыз орналасқан оңтүстік аймақтарына ғана емес, елордаға жақын орналасқан орта мектептерге де қатысы бар. Осы ретте, бас санитар дәрігердің сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмай, аралас форматта оқыту және «1 сынып-1 кабинет» қағидатын сақтау қаулысын орындау мүлдем мүмкін емес екенін айтқымыз келеді», - деді депутат.
Оның сөзінше, көпшілік орта білім мекемелерінде оқушы саны 35-тен асатын сыныптар бар. Бұл шара осындай сыныптарды екіге бөлуге, сәйкесінше мұғалім жүктемесін екі есе арттыруға алып келеді. Мәжіліс өкілі оқу жылының соңында мұғалімнің жоспарланбаған мұндай жүктемесіне жалақы қандай қаражаттан төленетінін сұрады. «Мектептерге бұл орайда қосымша қаражат бөліне ме? Егер бөлінбесе, мұғалімнің еңбегі, маңдай тер ақысы қайдан төленбек? Егер сыныпта оқушы санын 25-тен көбейтуге шешім қабылданса, онда мектеп директорлары өз қалтасынан айыппұл төлеуге мәжбүр. Пандемия кезінде мектеп директорларына айыппұл төлету қаншалықты қисынды?»,- деді Жұлдыз Сүлейменова.
Сауалының соңында мәжілісмен жергілікті атқарушы билік органдары бас санитар дәрігерлермен бірлесіп, оффлайн негізде сыныпқа келетін 25 оқушының нақты критерийлерін анықтап, аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты дәстүрлі форматта білім беруге көшуге икемді шешім қабылдауы керек деген ұсыныс айтты.
Сіз не дейсіз?
Ермек ШОНБАЙ, мұғалім, Түркістан облысы: «Әрине, вирустың әлегі қай салаға болсын, үлкен залалын тигізіп жатқаны сөзсіз. Алайда дәл осы кезеңде дәрігерлер мен мұғалімдерге жүктің ең ауыр тұсы түскендей. Бір сабағын бір сыныпқа екі қайталап өткізу мұғалімге физиологиялық тұрғыдан да ауыр. Қазіргі кезде өңіріміз қауіпті аймаққа енбегендіктен, кейбір ауылдарда сабақ дәстүрлі форматта оқытуға көшіп жатыр. Бүгін 4-ші тоқсанның бірінші күні біздің мектепте де оқу дәстүрлі форматта басталды. Бірақ бұл жағдай қашанға дейін созылатыны белгісіз. Өйткені Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты негізгі ірі қалаларда вирустың таралу жағдайы нашар болып тұр. Олай болса, көп ұзамай, бізді де онлайн форматқа көшіруі мүмкін деп отырмыз. Соңғы тоқсанды қашықтықтан оқытып, бітірте салу дұрыс еді деп ойлаймын. Мұғалімнің бір сабақты екі рет өткені үшін мемлекеттен 2 сағатқа жалақы төлеуі мүмкін деп санамаймын. Олай болса, мұғалімдерге тағы да «тегін» жұмыс күшіне айналуына тура келетін сияқты ғой».
Сапарәлі ҚАДЫРЖАН, Алматы облысының мұғалімі: «Әбден сандалтып, шаршатты мұғалімді. Онлайн білім беру оңай деп ойласа керек, мектеп басшылары мұғалімдерді бұрынғыдан бетер қағазбасты етіп қойды. Енді жартылай онлайн, жартылай оффлайн форматты білім беру тіпті оң жамбасқа келмей тұр. Мысалы, мен 5 сыныпқа онлайн сабақ берумен қатар, 9-11 сыныптар үшін бір сабағымды екі реттен өтуім керек екен. 9-11 сыныптар үшін аптасына 8 сағатым бар еді. Енді 16 сағатқа көбейеді. Алайда маған айлық 8 сағатқа ғана төленеді. Сонда қалай болғаны? Бұл әділдік пе?»
Майра ҚАЙРАТҚЫЗЫ, ата-ана: «Әбден басты қатырып бітті. 4 тоқсан екі айға жетпейтін ең қысқа, әрі қорытынды тоқсан еді. Неге онлайн форматта оқытып, бітіре салмады? Қазір менің екі балам мектепке барып оқиды да, ал екі балам үйде, қашықтықтан білім алады. Бірнеше қаламыз қауіпті аймаққа айналып, карантин талаптары күшейтіліп жатқанда, мектепке барып оқу дегенді кім ойлап тапқаны қызық. Ертең баламыз ауырса, не болады? Онсыз да, ауыспалы ауа-райынан балалар тұмауратып ауырып, бір-біріне жұқтырып жатыр. Ал енді ковид жұқтырса, жағдай қалай болмақ?»
Мұқаш МҰРАТҰЛЫ,
«Адырна» ұлттық порталы.