Мемлекеттің сыртқы қарызы қарапайым халықтың қалтасын қақпауы тиіс

2986
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары Ә.А. Смайыловқа 


ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Әлихан Асханұлы!

«Ақ жол» партиясы парламентте жүріп сыртқы қарыз проблемасын үнемі көтеріп отырады. Бүгінде еліміз сыртқы кредиторларға 160 млрд. АҚШ долларынан астам қарыз, бұл ЖІӨ-нің шамамен 90,7 пайызын құрайды және бұл көрсеткіш өсуді жалғастыруда.

Осы үрдістің теріс сипатқа ие екені туралы біздің сауалдарымызға шенеуніктер тек мемлекеттік қарызды есепке алу керек деген түсініктемелермен құтылып кетуде, ал кәсіпорындардың сыртқы қарызы халыққа әсер етпейтін сияқты.

Алайда, бұл мұндай тұжырымдар экономикалық сауатсыздықты ғана білдіреді, бұл мәселеге «Ақ жол» партиясының депутаттары мен партия Төрағасы бірнеше рет назар аударған болатын.

Мысалы, тек Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) жалпы сомасы 9,4 млрд. доллардан асатын 280 жобаны қаржыландырды, оның 66 пайызы – жеке секторда.

Мұндай қарыздар халықтың қалтасын қаға ма жоқ па оны екі жаңа мысалмен келтіруге болады: жеке кәсіпорындар қарыз алушы болып көрінгенмен, қарызды төлеу  қарапайым азаматтардың басына жүктелуде.

Мәселен, елордада мемлекеттік-жеке серіктестік (МЖС) желісі бойынша мектептер салу жобасы дайындалуда, онда құрылыс салушы компания бір мектептің құнын 7,5 млрд. теңгеге бағалады, бұл ретте қарапайым мектепке мемлекет 1,5-тен 2 миллиардқа дейін шығындайды екен. Жалпы алғанда, 30-40 млрд. теңгенің орнына 150 миллиардқа 20 мектеп жоспарланған. Демек, қала салық төлеушілердің қалтасынан 110-120 млрд. теңге артық алып отыр. Бұл не деген жалған «инвестициялар»? Қаланың өзіне біреудің несиесін жылдар бойы 4 есе артық төлегеннен гөрі 30-40 миллиардтық мектептерді салған тиімдірек емес пе?

 

Тағы бір мысал: Семей қаласында МЖС желісі бойынша 6,8 млрд. теңгеге қоқыс өңдеу полигонын (ҚТҚ) салу жоспарлануда, ал Батыс Қазақстан облысында сметалық құны 200 млн. теңгені құрайтын осыған ұқсас полигон салынды.

Яғни, Семей полигоны тіпті 4 емес, 34 есе қымбат тұрады!! Осы сала мамандарының есептеуінше, әр түрлі аудандар мен технологияларды ескерсек, жобаның құны 11 есеге артық.

Әлеуметтік желілерде Семей қаласы әкімдігі жанындағы «Келешек» мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Мақсұт Нығметовтың хаты пайда болды, онда ол батылдық танытып, ЕҚДБ-ға шенеуніктердің қысымына қарамастан, бұл жобаны жасаудан бас тартатынын хабарлайды.

Ол тез арада жұмыстан шығарылатынына қарамастан әкімдіктің ЕҚДБ-мен сценарийі бойынша тарифтердің 15 есе өсуіне әкелетін келісімге қол қоюдан түбегейлі бас тартатынын жазады!

Коммуналдық кәсіпорын басшысы тарифтердің жоспарлы түрде тым тез өсуінің себебін полигон құрылысына арналған сыбайлас жемқорлық сметаларының бірнеше есе артуымен тікелей байланыстырады.

Бұл шенеуніктердің сыртқы қарыздарды өте күмәнді мақсаттарда қалай пайдаланатындығының айқын мысалы. Бұл несиелер үшін ақыр соңында қарапайым азаматтар жауап беруде.

Шын мәнінде, мұндай қарыздар халықтың ақшасын біреудің жеке қалтасына тарту құралына айналады. Азаматтардың мойнына артатын сыртқы қарыздардың көлемінің көбеюінің есебінен әкімдіктер тақырға отырып жатыр.

Кеше ғана үкімет ЕҚДБ-мен серіктестік туралы 2025 жылдың соңына дейінгі мерзімге кезекті кеңейтілген негіздемелік келісімге қол қойғаны қуантады.

Шетелден тартылатын инвестициялар және олар бойынша жобаларды іске асыру біздің мемлекеттік мүдделерімізге және бірінші кезекте жалпы қоғамның мүдделеріне жауап беруі тиіс деп санаймыз.

Құрметті Әлихан Асханұлы, жоғарыда аталғандарға байланысты «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы төмендегілерді сұрайды:

1) Тарифтердің тұрақтылығы және бұл жүктемені Қазақстан азаматтарына салмау тұрғысынан МЖС шеңберінде сыртқы қарыз алу тәсілдерін қайта қарау;

2) Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің назарын көрсетілген мысалдарға аудару (Семей қаласынан кәсіпорын басшысының хаты қоса берілген).

3) Әлеуметтік желілерде жарияланғандай, «Келешек» кәсіпорнының басшысы Мақсұт Нығметов тиімсіз шартқа қол қоюдан бас тартқаннан кейін оны полиция қызметкерлері әкімдік залынан алып кеткен. Осыған байланысты, адал адамды шенеуніктердің қудалауынан қорғауды талап етеміз.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары

Пікірлер