Жол жөндеу жұмыстарының барысында бірінші кезекте сапасы сала мамандарының жіті қадағалауында болу қажет. Сонымен қатар, техникалық қадағалаушылар тарапынан орындалған әрбір жұмысқа зертханалық сынақтамалар жүргізіліп, сапасы тексерілуі тиіс. Мұндай тапсырманы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов кезекті рет Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесі қиылысындағы жол айрығы құрылысының барысын тексеру барысында айтты.
Бүгінге дейін, 3,74 шақырым су, газ құбырлары мен 4 шақырым электр сымдарының орны ауыстырылып, 7 дана бағана орнатылды. Сонымен қатар, 320 метр жер асты өткелі қазылса, 260 метр тіреу қабырғалары мен 110 дана қада құю жұмысы аяқталған. Жер асты өткелінің ішкі қабырғаларын гранит тақтайшалармен қаптау жоспарлануда.
Қала әкімі Қонаев даңғылы жалғасының құрылысын барып көрді. Нысанның жалпы ұзындығы 580 метр. Көшенің ені 42 метр, 6 жолақты. Қазіргі таңда, жол жамылғысымен бірге 400 метр жұмыс аяқталған. Көше құрылысы үшін жеке меншік үйлерді мемлекет иелігіне алғаннан кейін қалған бөлігін құру жұмысы жүргізіледі.
Құрылыстың І кезеңін аяқтау осы жылдың маусым айына жоспарланып отыр. Ал нысанның ІІ кезеңінің құрылыс жұмыстарын бастау үшін, яғни, «Магнолия» дүкенінен Терешкова көшесіне дейінгі аралықта жеке меншік үйлерді мемлекет иелігіне алғаннан кейін басталатын болады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі