Павлодар облысында аппараттық кеңесте өңірдің үш басқармасының басшысы облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтан тәртіптік жаза алды, деп хабарлады өңір басшысының баспасөз қызметі.
Мәдениет, мұрағат ісі және құжаттама басқармасының басшысы Самал Бегалинова ономастика комиссиясының қызметін және ономастика мәселелерін тиісінше хабарламағаны үшін сөгіс алды. Өңір басшысы осы бағытта жұмысты ретке келтіруді талап етті.
Бұған дейін 29 наурызда Павлодардағы көше атауларының ауысуын талқылау бойынша қоғамдық тыңдау жоспарланған болатын. Алайда 27 наурызда ол кейінге қалдырылды. Павлодар әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тыңдау "атауы өзгертілетін көше тізімін қайта қарауға байланысты кейінге ауыстырылды".
Әлеуметтік желіде тараған тізімде 30 көше болды, олардың басым бөлігі қоғам және мемлекет қайраткерлерінің есімін алуға тиіс екені көрсетілді.
Енді Павлодардағы көшелердің атауын өзгерту бойынша қоғамдық тыңдаулар 3 сәуірге жоспарланып отыр. Бірақ ресми тізім әлі жарияланған жоқ.
Сондай-ақ, аппараттық кеңес барысында Әбілқайыр Сқақов "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Мейрам Өтешов пен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Зеновқа тәртіптік жаза қолданғанын мәлімдеді. Біріншісі – "Достық" шағын ауданында екі үй құрылысының сапасын бақыламаған, екіншісі – жол және көлік инфрақұрылымын күтіп ұстау және жолаушылар тасымалы сапасы бойынша тиісті жұмыс істемеген.