Биыл мектеп түлектері ұлттық бірыңғай тестті жаңаша тапсырмақ. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов айтты.
«Наурыздың 10-ы мен сәуірдің 10-ы аралығында ҰБТ ақылы негізде өтеді. Оған үміткерлер бір рет қана қатыса алады. Ал 15 сәуір мен 30 маусым аралығында ҰБТ тегін болады. Бұл ретте үміткерлер ҰБТ-ны екі рет тапсыру мүмкіндігіне ие. Олар білім гранттарын бөлуге қатысады. Сәуір-маусым аралығындағы ҰБТ-ға биыл мектеп бітіретін 120 мың түлектің қатысатындығы жоспарланған», - деді ол министрліктің аппарат жиналысында.
Айтуынша, еліміздің өңірлерінде ҰБТ өткізу пунктерінің саны жеткілікті.
«Өткен жылы біз оларға ҰБТ-ны пандемияға байланысты қашықтан өткізген едік. Сондықтан оларда ҰБТ-ны электронды форматта тапсыру тәжірибесі бар және бұл олар үшін жаңалық емес», - деді Мирас Дәуленов.