СҚО аудандарының бірінің білім қызметкерлері аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналған ноутбуктерді жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі облыс аудандары әкімдіктерінің біріндегі білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Олар пандемия кезінде аз қамтылған отбасылардан шыққан аудан мектептерінің оқушылары үшін Білім басқармасымен ҚР Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резерві есебінен сатып алынған ноутбуктердің бір бөлігін ұрлады деген күдікке ілінді.
«Жасалған қылмыстан мемлекетке келтірілген залал құны 12 млн. теңгеден асқан.Қалған мән-жайлар тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды. Іс бойынша түпкілікті шешім тергеу әрекеттерін жүргізу нәтижелері бойынша қабылданатын болады»,-деп мәлімдеді ведомство.
«Адырна» ұлттық порталы