Ыбырай Алтынсарин музейі – тарих шежіресі

16812
Adyrna.kz Telegram

Ыбырай Алтынсарин – Қазақтың ХІХ ғасырдағы ғұлама ағартушысы, публицист, ұлы ұстаз, ғалым-этнограф, жазушы, қоғам қайраткері, аудармашы, ақын, прозашы, кирилл харпіндегі қазақ жазба әдеби тілінің негізін қалаушы.

Ғұлама ғалымның соңында қалдырған мұрасы зерттеушілердің назарын өзіне әр кезеңдерде аударып келгені анық.

Бүгінде ұлы ұстаздың атында бұрынғы Торғай даласы, қазіргі Қостанай облысында Ыбырай Алтынсарин атындағы мемуарлық музей жұмыс істейді. Күні кеше ғана Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлының музей үйінде ұлы ағартушының 180 жылдығына арналған «Қазақ әліпбиінің негізін қалаушылар» іс-сапармен келіп, көшпелі көрмесінің салтанатты ашылуын өткізді.

Жиында Қостанайдан ат терлетіп келген музей басшысы Марғұлан Оспанов пен музей қызметкерлері, сондай-ақ, ғалым-ұстаз Бақытжан Хасанұлы, жазушы, публицист Мағира Қожағметова, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры, ф.ғ.к., аға оқытушы Имаханбет Райхан, ф.ғ.д. Гүлжаһан Орда, Орынай Жұбанова апайларымыз, қара шаңырақ ҚазҰУ-гі аға-оқытушыларымыз Шортанбаев Шоқан ағай мен Гулмария Оспанова апайымыз болды.

Сөз басын музей директоры Марғұлан Оспанов бастап, көрме жайында қысқаша таныстырып өтті.

Ұлы ұстаздың атымен аталған музейдің Ахмет Байтұрсынұлы атындағы музей-үйіне келудегі басты мақсат-міндеті – екі тұлғалық музейлер арасында қарым-қатынасты нығайтып, мәдени-рухани байланысты орнату, іс-тәжірибе алмасу, ұлылар ұлағатын ұлықтау және Ыбырай өміріне қатысты, оның артына қалдырған өшпес мұраларын, сондай-ақ халық ағарту ісіне байланысты материалдар жинап, сақтау, оны зерттеп, зерделеу, халыққа насихаттау болып табылмақ.

Музей қызметкерлері Ыбырай Алтынсаринға қатысты мәліметтерді айтып, тарих тылсымынан сыр шертіп, сөрелер «сөйлей» бастады.

Көрмеде  Ұлы ұстаздың  күнделікті тұрмыста қолданған заттары, 1864 жылы Торғайда ашқан алғашқы мектебінің макеті, онда оқыған шәкірттерінің, ізбасарларының суреттері бар, тіпті, осы мектептің кірпіші ұсынылған. Көрмедегі құнды, әрі түпнұсқа заттардың бірі – ақынның отбасы мен өзі пайдаланған төсекқабы. Бұл төсекқапты 1992 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ленгір қаласының тұрғыны Гүлсана Тастемірова сыйлапты. Оған апасы Рәзия табыстап кеткен екен. Рәзияға апасы Айғаныс беріпті. Айғаныс – Ы.Алтынсариннің жары, Сыр бойының қазағы, жаппас Шолақ Әбілевтің қызы. Ал, Ұлы ағартушының  еңбектерінің өзі бір төбе. Атап айтқанда, араб тіліндегі «Шариғат-ул ислам» еңбегі исламның негізгі шарттарын баяндайды. Оны белгілі ғалым, этнограф Ақселеу Сейдімбек  «Мұсылман тұтқасы» деп бүгінгі кирилл харпіне қопарған.

Мені қызықтырған дүние Ыбырай Алтынсариннің мектеп жасынан бастап үздік танылғаны. Оған дәлел, көрмедегі құнды құжаттар. Атасы Балғожа би 9 жасында 1850 жылы Орынборда Қазақ балаларына арналып ашылған мектепке тіркеген. Тіркеу жөнінде мөрі бар құжат осы музейде сақталған. Сондай-ақ, оқушылар тізімі бар журналда, Ы.Алтынсариннің тізімде үздік бестіктердің қатарында төртінші болып тұрғанын көре аламыз. Ыбырай Орынборда оқып жүрген кезінде атасы Балғожа би немересіне деген сағынышын өлеңмен хат қылып жазған.

Үміт еткен көзімнің нұры – балам,

Жаныңа жәрдем берсін Хақ Тағалам.

Атаң мұнда анаңмен есен-аман,

Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.

Атаңды сағындым деп асығарсың,

Надан боп білмей қалсаң, аһ ұрарсың.

Шырағым, мұнда жүрсең не етер едің,

Қолыңа құрық алып кетер едің.

Тентіреп екі ауылдың арасында

Жүргенмен, не мұратқа жетер едің?!

Осылайша атасы немересіне рухани күш береді. Алтынсарин атасы берген батасыменен одан сайын білімге ынтасымен кіріскен...

Сондай-ақ, көрмеде Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен қызметі туралы кітаптар, құжаттар, отбасымен, Қостанай екі сыныптық училищесінің тәрбиеленушілерімен түскен суреттері, ағартушының нағашы атасы Шеген бидің шапаны ұсынылды.

Әрбір жердің сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Солардың бірі, әр қазақ білуге тиіс, ұлт ұстазы – Ыбырай Алтынсарин.

Ыбырай Алтынсарин – аса көрнекті ағартушы, өз заманының ақыл – ойшысы, оның халқы үшін жасаған ағартушылық қызметін насихаттау біздің парызымыз. Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық қызметінің тағылымымен елжандылық қасиеті ұрпаққа үлгі болып қала береді.

Әсем МАМЕЖАНОВА,

филология және әлем

тілдері факультеті,

қазақ тілі мен әдебиеті

мамандығының 4-курс студенті

 

 

Пікірлер