Жұмабек Тәшеновтың қазақ үшін жасаған ерлігі мен қайраткерлігін кең масштабта дәріптемеу - бұл біздің әруақты ұмытқанымыз.
Ұлылар ұмытылмайды!
Заманының заңғар ұлы, күрескер қайраткері!
Бүгін Алты Алаштың ардақты ұлы, қазақтың маңдайына біткен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтың туған күні. Жұмабек атамыз 1915 жылы 20 наурызда Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Танагүл ауылында дүниеге келген.
Осы ұлы тұлғаның қазақтың ұлан-байтақ жерін сақтап қалған ерлігі қазақ тарихында ғасырларда қайталана бермейтін қайсарлық пен мықтылық еді. Хрющевпен тартысып, алған бетінен қайтпай, Қазақ елінің тұтастығы үшін басын да, қызметін де бәйгеге тікке ұлы тұлғаға мың тағзым! Кезінде Маңғыстауды Түркіменстанға, Бостандықты Өзбекстанға, Тың игерілетін тұтас аумақты Ресейге қосып жібермек болғанда, қазақ жері үшін жан арпалысқа түскен тұлға осы Жұмабек атамыз болды. Өкінішке орай Жұмабек атамыздың аты мен ерлігі лайықты дәріптелмей, жас буынға оның ерлігі мен қайраткерлігі жайында толық айтылмай келеді. Бұл біздің қателігіміз, бұлай жасау біздің парызымыз еді! Тәшеновтың қазақ үшін жасаған ерлігі мен қайраткерлігін кең масштабта дәріптемеу - біздің әруақты да ұмытқанымыз.
Бұл адам тұтас жаны қазақ, қаны қазақ азаматтардың барлығы үшін идеологиялық тарихи тұлға бола алады. Қазақ тарихында елі үшін басын бәйгеге тіккен, рухы мен сағы сынбай күрескен Жұмабек атамыздың жүрген жолы біздің жастарға күрескерлік рух пен жігер береді.
Батыр мен қайраткер алмағайып, аласапыран кезде ғана майданда көрінеді. Өз заманының майталманы, өз заманасының майданында төбе көрсеткен ұлы тұлғаға мың тағзым!
Бекболат ҚАРЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы