Алаш арқауы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасы

4108
Adyrna.kz Telegram

Еліміздің тарихында елі үшін еңбек етіп, ұлтына қызмет еткен жандар аз емес. ХХ ғасырда халықтың сауатын ашып, білім алуына еңбек сіңірген, әлеуетін көтеруге жағдай жасаған Алаш арыстарының есімі мәңгі құрметке лайық. Алаш қайраткерлерінің бірі де бірегейі, қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы саналы ғұмырында қазақ қоғамының жаңа арнаға түсіп, үлкен өзгерістерге бетбұрыс жасауына әсер етті. Ел тағдырын шешетін саяси-әлеуметтік мәселелерді қолға алып, жаңа дәуірдің басталуына жағдай туғызды. Жаңа дәуір деп отырғанымыз – Тәуелсіздік. Әділетсіз билік пен қате саясаттың белең алуына кедергі болуға ұмтылды. Нендей қатерге бас тігіп отырғанын біле тұра, жарқын болашақ үшін бар азапқа төзді. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлын саяси көзқарасы үшін «ұлтшыл» деп айыптап, бірнеше рет абақтыға қамады. Итжеккенге, Сібірге айдады. Бұл – рухы мықты, еліне шын берілген адам ғана шыдай алатын ерлік.

Саясаттан бөлек, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әдебиеті мен журналистикасының дамуына қомақты үлес қосты. Түркі әдебиетін зерттеп, шетел ақын-жазушыларының еңбектерін қазақ тіліне аударды. Өзі де қоғамдық-тұрмыстық сипаттағы сан алуан мысал-өлеңдерін жарыққа шығарды. Қазақтың біртуары Абайдың ақындығы мен философиялық көзқарастарына талдау жасап, «Қазақтың бас ақыны» деген атаумен баспа бетіне ұсынды. Тіліміздің сақталып қалуы үшін тер төгіп, әліпби жасап шықты.

Ғалым Ахмет жазуы дамымаған ұлттың артта қалатынын ерте ұғынып, әліпбидің негізі ретінде араб жазуын алды. Әйткенмен, ол бір халықтың жазу жүйесін екінші халық алғанда, өзгерістер енгізбесе, әріп мәселесінде үлкен қиыншылықтар туындайтындығын 1924 жылы «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде» ашық айтты. Осылайша, араб әліпбиіне біршама өзгерістер әкеліп, қазақ тіліне бейімдеді. Бұл қазақ жастарының, жалпы қоғамның жылдам сауатын ашуына көмегін тигізді. Сонымен қатар, ХХ ғасырдың бас кезінде балалар алдымен діни сауатын ашатын. Сол себепті қазақы білім беру жүйесін құрастырды. Ахмет Байтұрсынұлы бұл жайлы: «Қазақша оқу дегенде мен осы күнгі мұсылманша оқып жүрген жолмен оқуды айтпаймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын. Бұл күнгі мұсылманша оқып жүрген жолдың бұлғалақ-жырғалағы көп, оныменен жүріп хат жаза білуге жеткенше, русша білуден уақыт кем кетпейді. Себебі қазақ тіліменен оқытпай, ноғай, түрік, парсы, араб тілінде жазылған кітаптар араласып бас қатып, ми ашып, балалар әуре-тәуре болады. Сондықтан оқу керегі даусыз болса, оқуға керек құралдарды сайлау керектігі де даусыз», - деп «Айқап» газетінің 1912 жылғы №4-5 сандарында жазды. Қазақ тілі мен әдебиетінің ережесін жазып, емлесін құрастырды. Осылайша ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы білім-ғылым, саясат пен басқару жүйесінде ұлы бетбұрыстар жасады.

Қоғам қайраткері тек 1988 жылы ғана ақталды. Бұған дейін ғалым жайлы түрлі мақалалар жазылып келгенімен, оның өмірі мен шығармашылығы толығымен зерттелмеді. Ал шығармалары ұзақ уақыт бойына «кітап түрмесінде» сақталды. Ұлт ұстазының өмірі мен отбасы жайлы құнды деректер мұрағаттарда қалып қойды. Тәуелсіздік алған соң Ахмет Байтұрсынұлы жайлы көптеген көлемді кітаптар мен ғылыми еңбектер құрастырылды. Соның ішіндегі ең елеулісі – 2013 жылы Ісімақова А.С, Пірәлі Г.Ж., Сәкенов С.Б., Мұстафаева К., т.б. құрастыруымен «Ел-шежіре» баспасынан басылып шыққан Ахмет Байтұрсынұлының алты томдық шығармалар жинағы.

Ғалымның әдеби-теориялық мұрасы бірнеше саланы қамтиды. Жинақтың І томына А.Байтұрсынұлының «Маса», «Қырық мысал», «Қазақтың бас ақыны», «Әдебиет танытқыш» еңбектері енсе, ІІ томына шәкірті Телжан Шонанұлымен бірге жазған «Оқу құралы» атты хрестоматиялық еңбегі енген. Тұңғыш рет 2004 жылы қазақ әрпіне түсіріліп, ұсынылған еңбек түпнұсқамен қайта салыстырылып, толықтырылған. Үш бөлімнен тұратын еңбек бастауыш мектеп оқушыларына қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, жағырапия, шаруа-кәсіп, жаратылыстану пәндері бойынша мәліметтер береді.

Ахмет Байтұрсынұлының жыр жинақтары мен кітаптары бұдан бұрын бірнеше қайтара басылғаны белгілі. Дегенмен, әр жылғы нұсқада кейбір бөліктері өзгеріске ұшыраған. Мәселен, «Қырық мысал» жинағының кіріспесі іспеттес «Замандастырыма» өлеңіндегі «өндіре ме?» сөзі 1991 жылғы нұсқада «оңдыра ма?» деп, «жүргенде» деген сөз 1989 жылғы нұсқасында «жүргенге» деп берілген. Қарап тұрсақ, бір ғана әріп. Әйткенмен, бір әріптің өзі автордың айтқысы келген ойын өзгертеді. Сол себепті құрастырушылар салыстыру кезінде әр жылғы түпнұсқаларды алып қараған.

Жинақтың ІІІ томына ғалымның өмірдерегі мен «Тіл – құрал», «Тіл жұмсар», «Баяншы» сынды қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты еңбектері енген.

Жинақтың ІV томы бірнеше бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде Әліппелер, екінші бөлімінде мақалалар, үшінші бөлімінде жазу, емле, терминология мәселелері, ал төртінші бөлімінде қазақша оқу, мектеп туралы оқу-ағарту мәселелері қарастырылған. А.Байтұрсынұлының жер мәселесі мен тегімізге жалғанған «-ов»қосымшасы туралы» мақалаларының жазылғанына бір дәуір өтсе де, ғалымның жан айқайы бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпады.

Жинақтың V, VI томына «23 жоқтау», «Ер Сайын» сынды ауыз әдебиетінің мұралары, ағартушының бұрын еленбей келген және ұмыт болған мақалалары, ресми құжаттары, тәуелсіздік кезеңіндегі ахметтану жайлы жазылған зерттеулер енген. Жинақтан Алаш қайраткері жайлы М.Әуезовтың «Ахаңның елу жылдық юбелейі» атты мақаласы мен С.Сейфуллин мен Т.Шонаұлының да мерейтойға орай жазылған еңбектерін көруге болады. Мақалада Мұхтар Әуезов Ахметтің еңбегін: «...Ахаңның бұл істеген қызметі қазақтың ұзын ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет. Істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш – мәңгілік ескерткіш», - деп бағаласа, Сәкен Сейфуллин: «...Ахметтің халыққа бұл істеген қызметтері зор қызмет. Бұл қызметінің əсіресе көрінетіндігі сол, өзге оқыған замандастары өз бастарының пайдасын ғана іздеп, ар һəм имандарын сатып жүргенде Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бəйгіге тіккен», - деп жазды.

Кез келген жинақты шығару үшін үлкен дайындық пен мол ізденіс қажет. Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Райхан Имаханбет Жүсіпбек Қорғасбекке берген сұхбатында ғалымның еңбектері әлі де толықтыруды қажет ететінін, жалпы көлемі он томнан асатынын сөз етеді. Тілші-ғалым Ғарифолла Әнес «Қазақ» газетіне жарияланған материалдардың 60-70 пайызы Ахмет Байтұрсынұлына тиісті екенін, мақалаларды ғалымның атына иелендіру кезек күттірмес мәселе екенін алға тартады.

Ғалым, ағартушы, әдебиеттанушы Ахмет Байтұрсынұлының сіңірген еңбегі, жастардың бойына еккен білім дәнегі еш уақытта ұмыт болып қалмайды. Заманында қылған қызметі, төккен тері келер ұрпақтың есінде сақталуына біз жауаптымыз. Ахметтің шығармашылығы, зерттеулері мен саяси көзқарасы елдігімізді қолымызға алуға қалай көмектессе, келешекте де дәл солай өз септігін тигізе бермек.

Шаттық ҚАНАТҚЫЗЫ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

филология факультеті,

қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенті

www.kaznu.kz

Пікірлер