«Адамның мүмкіндігі шексіз» – дейді көзі көрмейтін Кенжеғұл Сейітжан

3921
Adyrna.kz Telegram

"Ұланың" анықтамасы:

 Аты-жөні: Кенжеғұл СЕЙІТЖАН

Туған күні: 29 шілде, 1982 жыл

Туған жері: Қостанай облысы, Амангелді ауданы

Мамандығы: тарихшы

Кенжеғұл: «Екі астана» жобасының идеясы Бақтияр Базарбеков досым екеуміздің ойымызда бұрыннан бар еді. Содан өзіміз сияқты көзі көрмейтін адамдардан топ құрдық. 9 адам жаздан күзге дейін арнайы дайындалдық, шынықтық.  Сөйтіп, қыркүйектің 23-інен қазанның 1-іне дейінгі аралықты Алматыдан Астанаға велосипедпен 9 күнде жүріп өттік. О баста 10 күнде жүріп өтеміз деп жоспарлап едік. Өз ойымыздан да асып түстік. Барлығы 1200 шақырым жүрдік. Шараға қатысқан 9 адамның екеуінің көзі мүлде көрмейді. Оның бірі – Ілияс есімді 22 жасар студент, екіншісі – мен. Мен қазір 34 жастамын. Ал төртеуінің көзі 10-20 пайыз аралығында, яғни әлсіз көреді. Бұл істегі басты мақсатымыз – өз күшімізді сынау. Екіншіден, өз мүмкіндігін шектеулі санайтындарға адам мүмкіндігінің шектеуі жоқ екенін айтқымыз келді. Біз бұл жобаны енді халықаралық деңгейде өткізгіміз келеді. Келер жылы Ыстықкөлге барсақ дейміз. Осылайша, адамдарға өмірден түңілмеуді насихаттығымыз келді.

Ұлан: Шараларыңызға қолдау көрсеткендер болған шығар?

Кенжеғұл: 20 шақты демеушіміз, қолдаушымыз болды. Олардың әрқайсысы аз-аздан болсын қолдарынан келген көмекті жасады. Қауіпсіздігімізді жол полициясы қадағалап барды. «Қызыл жарты Ай» ұйымының медицина қызметкерлері бізбен 9 күн бойы бірге жүрді. Жекелеген адамдардың рухани демеушілігі де бізге зор демеу болды. Мәселен, Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова Алматыдан шығарып салып, Астанадан қарсы алды. 9 күн бойы телефон арқылы жағдайымызды сұрастырып отырды.

Ұлан: Сіз спорттың көптеген түрімен шұғылданасыз. Спорттағы армандарыңызды айтыңызшы.

Кенжеғұл: Тауға өрлеуден Қазақстанның чемпионымын. Бұл спорт түрі 2020 жылғы Токио паралимпиадасының бағдарламасына енбек. Сол кезде, бұйырса, жолдама алып қалармын деген үмітім зор. Үлкен теннисті де, үстел теннисін де ойнаймын. Голбол спорт түрімен кәсіби түрде айналысамын. Бұл спортты көзі көрмейтіндер үшін 1946 жылы автриялық Ганс Лоренцен мен неміс Зелп Райндле ойлап тапқан екен. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай желтоқсанда голболдан чемпионат өткізсек дейміз. Медеуде коньки де тебемін. Ал спорттағы арманымды сұрасаңыз, Шымбұлақтан шаңғымен жүйткуді армандап жүргенімді айтайын.

15910200_1216904715066713_946116885_n

Ұлан: Көзім көрмейді деместен, үнемі кітап оқып жүретініңізді білеміз. Осы күнге дейін алған біліміңіз жөнінде де айтып өтіңізші?

Кенжеғұл: Мен алдымен Қарағанды қаласындағы көзі нашар көретін және мүлдем көрмейтін жандарға арналған мектептің орыс сыныбында оқыдым.

Сосын Алматыдағы №4 Островский атындағы көзі көрмейтін және нашар көретіндерге арналған мектеп-интернатта 12 жылдықты бітірдім. Еркелеу, бұзық бала болдым. Бірақ, ең оқымысты бала да мен едім. Мұғалімдерім еркелігімді көтеріп, мені дұрыс бағыттай білгеніне ризамын. 12 айдың 8 айында интернатта болатынбыз. Сондықтан мектептегі мұғалімдер біздің ата-анамыздың рөлін атқарды. Мұғалімдеріме барып, «мына кітапты оқып беріңізші» деп жүретінмін. Сол жылдары «XXI ғасырдың көшбасшысы» атты телевизиялық зияткерлік байқау болатын. Соған қатысып, бақ сынағанмын. Ал, университетте кітапханашы апайлар, группаластарым маған қалаған кітабымды оқып беріп, көмектесетін. Алматыда нашар көретін жандарға арналған кітапхананың оқырмандар кеңесінің төрағасы болдым. Қазіргі таңда түрлі смартфондар көмекке келді. 2006 жылдан бастап ағылшын, жапон тілдерін үйрене бастадым. 2008 жылы бір жыл бойы Токиода «Әлеуметтік көшбасшылар» деген курс бойынша білім алдым. Ол жерде мүмкіндігі шектеулі жандарға қай ортада өзін қалай ұстаудан бастап, кіммен қалай сөйлесіп, жұмыс жасауға дейін үйретті. 2011-2013 жылдары АҚШ-та оқыдым. Сосын 2016 жылға дейін Англияда «Білім беру жүйесіндегі көшбасшылық және басқару» мамандығы бойынша магистрлік білім алдым.

Ұлан: «Оның көзі көрмейді ғой, шетел аралаудың қандай қызығы бар?» деп ойлайтын жандар бар. Сондай пенделік ойда отырған оқырман болса, ел-жер аралаудың өзіңізге әсері қандай екенін айтып берсеңіз…

Кенжеғұл: Рас, солай сөйлейтіндер бар. Мен Қырғызстан, АҚШ, Англия, Жапония, Түркия, Франция, Тайланд, Тайвань елдеріне барып қайттым. Көзім көрмесе де, көлі мен теңізін, тауы мен тасын сезіне алам ғой. Адамдарымен тіл табысудың өзі қандай ғанибет! Әр елдің асханасынан дәм татудың өзі қандай?! Сосын мен де әр елдің ерекшеліктері туралы оқып, білген адаммын. Көзім көрмей тұрса да, сол атышулы тарихи орындарға аяқ басып баруды армандаймын. Тарихи жерлерде мен де суретке түсуді қалаймын. Мысалы, мен Англияға бара сала Бигбонға бардым. Қайта-қайта суретке түстім. Сосын түскен суретімді ұлғайтып, әлсіз де болса, бір дүние көргендей болдым. Көзім анық көрмесе де, атмосфераны жақсы сезіне аламын. Сосын қай елде мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай қолайлы жағдайлар жасалғанын да байқап қайтамын.

Ұлан: Үйде бау-бақшаны да өзіңіз қарайды деп еді достарыңыз?

Кенжеғұл: Рас. Бағым бар. Ағаш та отырғызамын, картоп та саламын. Қолымнан келмей жатқан іс болса, кітаптардан оқып аламын. Болмаса, қасымдағы достарым мен бауырларымнан нені қалай істеу керегін сұрап аламын.

15910136_1216904735066711_1487881563_n

Ұлан: «Оныншы баламын» дегендерді еститін едік, бірақ «жиырмасыншы баламын» дегенді естімеппіз…

Кенжеғұл: Иә, бір ата-анадан 20 баламыз. Ең үлкен бауырымыз менен 24 жас үлкен. Мен жиырма баланың кенжесімін. Бәрі мені жұмсайды (күліп).

Ұлан: Осы сұхбатты оқып отырған балаларға не айтқыңыз келеді?

Кенжеғұл: Бала күнімде «неге мен мұндай боп жаратылдым?» деп, өміріме ренішпен қарайтынмын. Менің болашағыма алаңдаумен ата-анамның уайымы көп болды. О баста 2-3 пайыз ғана көретінмін. Қазір ота жасатып, соның арқасында 6 пайыз көретін болдым. Яки, адамның сұлбасын жарықта сәл де болса көре алатын болдым. Осы мақаланы оқып отырған әр баланың бақытты екенін айтқым келеді. Өйткені, мен ешқашан сендер сияқты газетті өз көзіммен оқи алған емеспін. Оқып беретін. Мен сендердей бала кезімде достарыммен тең ойнай алмадым. Одан кейін 10-сыныпта бір психологиялық тренингтерге қатысып, өз жағдайыма қалыпты қарай бастадым. Ал қазір еш шектеуім жоқ екенін түсіндім. Өзімізді өзіміз аяп, шектейді екенбіз. Соның бәріне көз жеткізген соң, қазір өзімді қолынан бәрі келетін жартылай Құдайдай сезінемін (күлді).

Естеріңде болсын, балалар, ешкім бізге бірдеңе жасап беруге міндетті емес.

Адамдармен ренжіспеуге тырысу керек. Айналаңа еңбегіңмен пайдаң тисін. Мен үйде кішкентайымнан еден де жуатынмын, кір де жуатынмын. Тамақ та пісіре аламын. Еш жұмыстан арланбау керек.

 

P.S.: Кенжеғұлдың көзінше ешбір досы «шамам жетпейді», «қолым тимейді» деген сөздерді айта алмайды. Өйткені, Кенжекең оларды ұялтып тастайды. «Әй, сен өзің уақытыңды текке өткізіп жүрсің» дейтінін біледі. Сұхбат барысында «қолыңыздан тағы не келеді?» деп сұрап қалғаным бар. «Қолыңыздан не келмейді?» деп сұрағаныңыз жөн» деді әзілдеп. Расымен, талаптыға алынбас қамал жоқ-ау. Солай ма?


Қарлығаш ДОСАНОВА

«Ұлан» газеті, №43

25 қазан, 2016 жыл

Пікірлер