Қайырымдылық қорының қорлығы

3537
Adyrna.kz Telegram

«Ақ сенім» қайырымдылық қоры науқас баламның атынан ақшаны жинап алып, мені далада қалдырды»,- дейді бізге хабарласқан алматылық Бейсенбаева Ағайша.

Бес баласын жалғыз асырап-бағып отырған Ағайшаның екі баласы науқас екен. Міне, сол екі мүгедек балаларының еміне қаржыдан қиналып отырған Ағайшаның үйіне өз айтысы бойынша Алматы қаласы, Медеу аудандық әкімдігі арқылы «Ақ сенім» атты қайырымдылық қорының өкілдері келген. Қордың адамдары Ағайшаның балаларының денсаулығына қатысты мәліметтерді де әкімдіктен алыпты. Қайырымдылық қор өкілдері науқас балаларға көмектесетінін айтып уәде береді.

Үш ай бойы Ағайшаның материалдық шығындарын да көтеруге уәде берген қордың адамдары науқас балаларды фото-видеоға да түсіріп алып кеткен. Ауру балалардың фото-видеоларын әлеуметтік желілерге жариялаған «Ақ сенім» қайырымдылық қоры жиналған ақшаның нақты сомасын көрсетпей, біраз қашқақтаған. Кейін Ағайша өз адамдары салған ақшаның түбіртегін көрсеткенде ғана қор өкілдері «иә, 60 мың түгелдей жиналды. Ол ақшаны пәтерақыңызға төлейміз» дейді. Не керек, Ағайшаның науқас балалары үшін  бас-аяғы 950 мың теңгедей ақша жиналады.

Алайда «Ақ сенім» қоры «ақшаны қолға бермейміз, тек пәтеріңіздің ақысын төлейміз, балаларға киім аламыз, керек дәрілерді сатып әпереміз» деп, киілген, ескі киімдерді бір әкеп береді. Содан кейін «өзіміз жинадық» деп 100 мың теңгедей ақшаны қолына ұстатқан. Миллионға жуық жиналған ақшадан бас-аяғы 180 мың теңге ғана берген «Ақ сенім» қайырымдылық қорының өкілдері кейін қоңырауларға жауап бермей, түрлі сылтаулар айтып қашқақтай бастайды. Ең соңында «біз бұл жұмыспен айналысуды қойдық» деп қысқа қайырып, жалт бұрылады. «Бұл қалай сонда? «Ақ сенім» қайырымдылық қоры менің науқас балаларым үшін ақша жинап алды. Бұл қор Медеу аудандық әкімдігі арқылы келді бізге. Сонда мұқтаж жандардың қасіреті қайырымдылық қорлардың пайда табу көзіне айналғаны ма? Құқық қорғау органдары қайда қарап отыр?» деп ашынады Ағайша.

Аудан тұрғындарына қатысты мәліметтер аудандық әкімдікте болатынын ескерсек, «Ақ сенім» қайырымдылық қорының Ағайшаның отбасына қатысты ақпарды әкімдіктен алғаны рас та болуы мүмкін. Егер рас болса, онда мынадай қорлармен бірлесе жұмыс атқарып отырған әкімдік өкілдерінің әрекеттерін қалай бағалауға болады?

Мұқаш МҰРАТҰЛЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.  

Пікірлер