Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2019 жылы тұңғыш рет мұғалім мәртебесі туралы заңның қабылдануы ұстаздар қауымын бір серпілтіп тастады. Бұл – сапалы білім беру ісін жетілдіруге арналған қадам. Заңда ең басты мәселе педагогтардың құқықтарын кеңейту және мұғалімге деген жүктемені азайту, оларды қатысы жоқ жұмыстардан босатуға, тек қана өзін-өзі дамыту арқылы шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беруге бағытталған.
Елімізде жарты миллионнан аса мұғалім бар екен. Қазақтың ғұламасы, біртуар ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Мұғалім қандай болса – мектеп те сондай болмақшы. Яғни мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы» -деген екен. Дәл осы атауға лайықты мектептердің бірі – Шымкент қаласындағы №65 мектеп-гимназия.
Талай тау тұлғалардың қанаттарын қақтырған білім ошағында ұстаз атты ұлағатты кәсіптің иесі Мира Ташимбетова жұмыс жасайды. 45 жылдан бері бастауыш сынып оқушыларына білім нәрін себуде.
Мира Мейірбекқызы тек білікті маман ғана емес, тәжірибелі жетекші ұстаз. Ол республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі семинар – кеңестерде өз тәжірибесімен бөлісіп, үлкен жетістіктерге жеткен.
«Қазақ елінің үздік ұстазы» кітабына енген. Әрбір сабағы өнегеге толы ұстаз баланың жан дүниесін байытуға, рухани нәр беруге, дүниетанымдық көзқарасын кеңейтуге аса көп мән береді. Ұстаздың әр сабағында осы мақсаттар бір- бірімен астасып, өз өрнегін тауып жатады.
Бүгінде мәртебелі ұстаздың білім берген оқушылары республикада жүйріктер қатарынан танылып жүр.
«Еңбегімнің жемісі – оқушыларымның жетістігінен көрінеді. Ешқашан шаршадым деген емеспін. Себебі ұстаздық қызмет адамдық борышпен ұштасып жатыр. Ұрпаққа білім мен тәрбие беру арқылы қоғамды қалыптастырып жатқанымды жете түсінемін», - дейді Мира мұғалім.
Ұзақ жылдар бойы атқарған педагогикалық ерен еңбегі үшін 2011 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет » грамотасымен, 2017 жылы Елбасының Жарлығы бойынша «Шапағат» медалімен наградталған.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі