Жапонияның 146 миллион доллар тұратын Hayabusu спутнигі ғарыштағы астеройдтан пайдалы қазба іздеуге жол тартты

7617
Adyrna.kz Telegram
Адамзат баласы 1492 жылы Америка құрлығын ашты. Батыстың дамуына тікелей ықпал еткен осы мұхиттың арғы бетінде не бар, Үндістандағы аты мәшhүр алтындарға қалай жетеміз деген арман мен сұрақтардан басталған. Мұхитта жүзді. Кеме технологиясын жетілдірді. Өнертапқыштарына инвестиция салды. Технократтық бум басталды.
Сол замандары Осман империясы да дүркіреп тұрған. Бірақ жарықтықтар дінге беріліп, догмамен кетіп, құранда жазылған Стамбулды алдық деп 5 ғасыр бір әңгімені мың қайталап, адамзат дамуының соңында қалған ғой. Европалықтар Американы ашып жатқанда Османлы жердің кіндігі Стамбул деп отырған орнынан қозғалмаған. Мешеу қалған қоғам 1900 жылдардың басында "Мешітке тоқ тартқан дұрыс па?", "Құранды батыс елдері жасаған станокпен басып шығарсақ жаратушының қаhарына қалмаймыз ба?" деген сұрақтарды талқылап отырған. Бүгінгі біздің зиялылардың XXI ғасырда отырып "Шыңғыс хан қазақ па?", "Аттан түсіп рухымыздан айрылып қалмадық па?" деген қырт әңгімесі секілді ғой қысқасы.
XXI ғасырда өркениетті елдер Американы қойып, астероидтардан пайдалы қазбалар іздей бастады. Соның бірі Жапония. 2014 жылы Hayabusu атты спутнигін ғарышқа ұшырды. Әлгі Hayabusu 4 жыл Рюгу атты астеройдты қуалап жүріп 2018 жылы 80 метр қашықтыққа дейін жақындады. Оңтайлы сәтті пайдаланып 2 роботты астеройдқа түсірді. Әлгі роботтар астеройдты тесіп, грунттарын алып, суретке түсіріп, қайтадан Hayabusu спутнигіне тіркеледі. Жарықтық Hayabusu астеройд грунттарын жер орбитасына жақындап Австралиядағы арнайы белгіленген орынға бағыттап жібереді. Өзі әрмен қарай екінші астеройдты зерттеу үшін соңынан қуалап ұшып кетті.
Жапондар Hayabusu спутнигіне 146 миллион доллар жұмсаған. Не үшін? Жауабы қарапайым. Ең біріншісі астеройдтардың грунттарын зерттеп біздің ғаламшардың пайда болу заңдылықтарына ғылыми тұрғыда жауап алу. Екіншісі ең қызығы. Астеройдтарда темір, никель, кобальт сынды пайдалы қазбалар бар ма деген сұраққа жауап табу. Байқасаңыз 500 жыл бұрын мұхит асып табиғи байлық тасыған өркениетті елдер енді байлықты астеройдтардан іздеп жүр. Ғылымның күші ғой бәрі.
Жалпы әлем қайда, біз қайда?.. Ертең өркениетті елдер ғарыштан біз білмейтін жаратылыстың, физика, биологияның жаңа заңдарын ашып, пайдалы қазбалар мен жер планетасында жоқ металдың жаңа түрін тауып жатса ше? Қарыштап дамып, бізге тас дәуірі елдері деп қарай бастайтыны анық. Технологиясы күшейген елдің саясаты да күшейеді. Ұлы даланы ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын саясатқа көшсе ше? Немізді қарсы қоямыз?.. Атқа мініп шабамыз ба?.. Домбыра тартып, рухпен бетін қайтарамыз ба?..
Негізі біз аморфты ойлайтын, абстракті дүниелерге әуес халықпыз. Біздің ойлау жүйеміз әлемдік бәсекеге, тіпті капитализмде өмір сүруге бейімделмеген. Жалпы ешқашан әлемдік конкуренцияға да түсіп көрмеген халықпыз ғой. Дәл осылай кете берсек "Мәңгілік ел" деген ұранымыз да абстракті дүние болатынына еш күмәнім жоқ. Қазақ технократты ұлтқа айналмай ертең уақыт, сағатымен сол технократтық елдерге жұтылып кететініміз анық. Сенбесек айналамызға қарайық. Тарихқа көз жүгіртейік. Кімнің технологиясы мықты соның экономикасы мықты. Ал, кім мықты сол әлсіз елдерді жер бетінен жойып, жұтып отырған. Бұл факт!
Біз XXI ғасырдағы технологиялық бумда өмір сүріп жатырмыз. Технологияда ең үлкен қасірет - уақыттан ұтылу. Ал, біз ұтылудамыз. Ел басқарған біздің үкімет бұдан қорытынды шығаруы қажет.
Бауыржан СЕРІКБАЕВ, 
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер