Қазақстандық оқушылар наурыздан бастап мектепте оқиды. Бұл туралы Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың карантин туралы жаңа қаулысында айтылды.
2021 жылғы 1 наурыздан бастап жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5-сыныпқа дейін қоса алғанда, халықаралық мектептерде 1-ден 7-сыныпқа дейін қоса алғанда аралас оқиды.
Сондай-ақ оқу бітіретін сыныптар (9, 11 (12) сыныптар) үшін аптаның 6 күні ішінде аралас оқытуға рұқсат етілді: пәндердің 70%-ы штаттық режимде, 30%-ы қашықтан өтеді (сыныпта 15 адамнан артық емес, әлеуметтік қашықтықты сақтау, 1 сынып - 1 кабинет қағидаты бойынша оқыту, бір уақытта мектепте жобалық қуаттың 30%-дан аспайтын адамның болуы, санитариялық-дезинфекциялық режимді, маска режимін күшейту талаптарын орындау қажет).
Білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат берілді. Оның ішінде колледждер мен жоғары оқу орындарының I курс студенттері үшін екінші семестрден бастап штаттық оқуға болады.
«Адырна» ұлттық порталы