Жастардың арасында трайбализмнің болмауы қуантады

3095
Adyrna.kz Telegram
ТРАЙБАЛИЗМ ҚУАТТАНДЫРМАЙДЫ...
Қолда энеpгетик. Трайбализм мәселесін ойланып отырмын. Ең қатты ұнатпайтын тақырып, бірақ бұл қоғамда бар құбылыс. Және тек қазақтарда ғана емес, көптеген әлем елдерінде бар.
Мысалы Орталық Азия елдері бойынша көршілес Қырғызстанда бұл құбылыс қатты. Зерттеу нәтижелері де, саяси үрдістердің жүру құбылысы да соны көрсетеді. Атамбаев пен Жиенбековтың арасындағы қақтығысты білеміз. Атамбаев Талас жазықтығынан бастап Ыстық көлге дейінгі аралықтағы солтүстік кланды, ал Жиенбеков оңтүстік кланды білдіретін тұлғалар. Сонау XV-XVI ғасырдан бергі екі аймақтың таласы әлі жалғасып келеді. Ол талас-тартыс КСРО кезінде біткендей көрінгенімен, тек ішкі тыныштық күйінде тұрған екен. КСРО құлаған соң қайта бұрқ ете қалды.
Канадалық тарихшы Эдвард Шатстың "Қанның саясаты" атты зерттеу кітабы бар, сонда осы трайбализм жайлы көп айтады. Осы тақырыпты зерттеп тастаған ғой қысқасы. Орталық Азиядағы трайбализм, оның ішінде Қазақстандағы үрдіс, көршілес елдердегі аяқ алысы, тағысын тағыларды зерттеп, мақала мен кітаптарды қарша боратқан жан.
Қазақстанда да трайбализм бар. Оны жоққа шығару ақымақтық қой. Көп қазақ енді танысқан сәтте атыңды, артынша руыңды сұрап жатады. Өзім ондайлардың қатарынан емеспін.
Трайбалистік көзқарас бізде 90-жылдардың соңы мен 2005-2006-жылға дейін қатты болған деседі. Қызметте алуға, оқуға түскенде, мансаптық өсуде кей аймақтарда адамның жеке қасиетіне емес, шыққан руына қарап шешімдер қабылданған сәттер болыпты. Бұл кері кеткен қоғамның бір көрінісі ғой. Африкадағыдай. Қазір ол азайған сияқты. Қаншама адаммен бірге жұмыс істедім, ұжымдарында сан түрлі рудан шыққан қазақтар дос-құрбы болып қызмет етуде деп ойлаймын. Міне, бұл дұрыс. Жалпы ұлттық деңгейге көтерілу маңызды.
Қазақ бар сәтте, ру да бола береді. Оны жоюға тырысу ақымақтық. Руды қан тазалығын сақтау, өткен-кеткеніңді білу үшін қолданса жеткілікті. Еуропада шежіре қағазға жазылса, біздің шежіреміз осы рулық институт болды. Сол мақсатта жүре бергені дұрыс шығар. Ал мемлекеттік, қоғамдық байланыстарда ешқашан рулық сипат алмауы қажет. Тек қана ұлттық, aдами сипат болуы міндетті.
ПыСы: Энергетикті сатып әкелген адам (досым), менің шыққан рулық тегіме қарап алған болуы мүмкін. Қуанып қалады деген шығар. Дей-тұра "Найман" ба, "Адай" ма, "Арғын" ба, "Қоңырат" яки басқа ру ма, маған ол маңызды емес. Іше беретін едім. А жалпы мұндай маркетингтік қадамды дұрыс санамаймын. Қажеті жоқ. Энергетик қуаттандырады, трайбализм әлсіретеді.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер