Бас прокуратура қазақстандықтарға үндеу жасады

2204
Adyrna.kz Telegram

Әлеуметтік желілерде жекелеген тұлғалар елдің әртүрлі аймақтарында заңсыз митингілер мен шерулерге қатысуға шақырулар таратуда. Осыған байланысты Бас прокуратура митингілерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі 2020 жылғы 25 мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа Заңмен реттелетінін түсіндіреді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі органның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Демонстрациялар мен шерулер келісу тәртібімен өткізіледі. Ол үшін ұйымдастырушы оның өткізілетін күніне дейін 10 жұмыс күн бұрын өтініш беруге, ал жергілікті атқарушы орган ол бойынша 7 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті (Заңның 12, 13-баптары).

Ұйымдастырушы өтініште қатысушылардың жүру бағытын, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауды, медициналық көмекті ұйымдастыруды, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу шараларын көрсетеді (Заңның 12-бабы).

Өтінішті қарау қорытындылары бойынша жергілікті атқарушы орган ұйымдастырушыға демонстрация немесе шеру өткізу келісілгені не оны өткізуден бас тартқаны туралы хабарлайды (Заңның 13-бабы).

Тиісінше, Заңды (3-баптың 3-тармағын) бұза отырып жүргізілетін бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және оған қатысу құқыққа қайшы болып табылады және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (25 тәулікке дейін қамауға алу). Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүретін болса, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды, ол айыппұл не 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамау түріндегі жазаны көздейді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер