Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Ашаршылық тақырыбын жан-жақты зерделеу үшін ғалымдардың отандық және шетелдік мұрағаттарға қол жеткізе алуын қамтамасыз ету керектігін мәлім етті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл мәселені сенатор Мұрат Бақтиярұлы еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында көтерді. Оның сауалы таяуда Парламент Сенаты, Тарих және этнология институты, сондай-ақ Мемлекет тарихы институты ұйымдастырған «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбына арналған дөңгелек үстелде қабылданған ұсынымдарға негізделді.
Сенатор большевиктік әкімшілік жүйенің аяусыз саясаты халықтардың дәстүрлі шаруашылығын ескермегенін және зорлық-зомбылық арқылы реформалар жүргізгенін атап өтті. Бұл миллиондаған адамдардың өмірін қиған аштыққа әкелді.
«Қазақ ұлтының бірнеше ұрпақтарының жадында ашаршылық құрбандарының жан азабы жазылмайтын жара болып, халықтың тарихи-психологиялық санасында терең із қалдырды», – деді Мұрат Бақтиярұлы.
Сенатордың айтуынша, ел тарихының осы қайғылы кезеңін жан-жақты зерттеу аса маңызды, бірақ сонымен бірге ғалымдар ауқымды ақпарат сақталатын мұрағаттарға қол жеткізе алмай, проблемалар туындап отыр.
«Аштық туралы есептер мен статистикалық деректер қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының еңбектері, корреспонденциялары туралы материалдар бұрынғы қауіпсіздік органдарының архивтеріне түсіп, кейін қайтарылмаған. Ашаршылыққа қатысты көптеген құжаттар мен құнды материалдар Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлік архивтерінде сақталуы. Бұл мәліметтер осы күнге дейін әлі құпия болғандықтан оған зерттеушілердің кіруі қиын», – деп атап өтті Мұрат Бақтиярұлы.
Сенатор сонымен қатар қолында нақты дерегі жоқ болғандықтан тарихшылар ашаршылық жылдары өлген, Қазақстаннан тыс жерге ауып кеткен, түрлі індеттер мен жұқпалы аурулардан көз жұмған адамдардың саны туралы кесімді нәрсе айтуға бара бермейтінін айтады. Тек жуықтап әрі шамалап айтуға ғана мәжбүр. Мұрат Бақтиярұлы осыған байланысты дөңгелек үстел отырысына қатысушылар қабылдаған ұсыныстарды еске салды.
Сенат депутаттары мұрағат материалдарына қол жеткізуді қамтамасыз ету және зерттеулер жүргізу, сондай-ақ қажет болған жағдайда олардан «құпия» деген белгілерді алып тастау үшін тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізуді сұрайды. Сонымен қатар, депутаттар Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Ресей мұрағаттарында ашаршылық туралы ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндігін қарастыруды сұрайды.
Сенаторлар сондай-ақ жыл сайын 31 мамырда мемлекеттік деңгейде «Аза тұту минутын» өткізуді, сондай-ақ жастардың санасында Ашаршылық қасіретін мәңгі есте қалдыру және орнықтыру үшін «Аза сарайы» мемориалдық кешенін («Аза сарайы») салуды ұсынды.
«Адырна» ұлттық порталы