Мұндай мұғалімнен оңған шәкірт шыға ма?

7414
Adyrna.kz Telegram

Жыл сайын ҰБТ кезінде оқушылардың түрлі айла-шарғыға барып, қайтсе осы сынақтан жоғары балл алуға жанталасатыны үйреншікті жайтқа айналғаны рас. Оқушының бұл әрекетін балалыққа да балауға болады, әрине. Алайда мамандығына қатысты біліктілік сынағына баратын мұғалімнің де сорақы қадамға баруын қалай түсінбек керек? Мұғалімдерге арналған Ұлттық біліктілік тестілеу науқанында бірқатар мұғалімнің тіпті заңсыз әрекетке жол бергенін Ұлттық тестілеу орталығының басшысы ашық мәлімдеді.

Өзінің әлеуметтік парақшасында «Мұндай мұғалім не үйретеді?» деп бастаған жазбасында Дидар Смағұлов біліктілік сынағын тапсыру кезінде кей мұғалімдердің тыйым салынған заттарды пайдаланатынын жазып, алдағы уақытта бұл сынаққа ұстаздардың қатаң тексеріліп кіргізуге ұсыныс жасағанын жеткізді.

«Біз қадірлі педагогтерімізге асқан құрметпен қарап, олардың жұмысын бағалаймыз. Міне, сондықтан да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы негізінде Ұлттық біліктілік тестілеудің қатысушыларында тыйым салынған заттардың (смартфондардың, шпаргалкалардың және басқа да құрылғылардың) бар-жоғы тексерілмейтін.

Өкінішке қарай, кейбір әріптестеріміз біздің көрсеткен құрметімізді әлсіздікке теңеп, тыйым салынған заттарды жаппай қолдана бастады.

Егер 2020 жылы Ережені бұзған 1202 мұғалім анықталса, 2021 жылдың 19 күнінде ғана бұл көрсеткіш 349-ға дейін өсті!

Сонымен қатар, микроқұлаққаптар мен микрофондарды қолданудың жаппай фактілері анықталды, негізінен олардың таралымы шектеулі және пайдалануы үшін қылмыстық бап қарастырылған!

Осы фактілерді ескеріп, бүгін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің аппараттық жиналысында Ұлттық біліктілік тестілеуді тапсыру кезінде мұғалімдерді тексеруді енгізу қажеттігін айттым!» деп жазған тестілеу орталығының басшысы сенім жоғалған жерде бәрі жоғалатынын да жасырмайды.

Осы мәселеге қатысты өз пікірінде алматылық ұстаз Әйгерім Нышанбай: «Мұғалім мұндай қадамға тек өз білімініе сенбеген жағдайда ғана барады. Әрине, сауатсыз, білімсіз мұғалім сынақтан өтудің кез келген жолын таңдайтыны анық. Меніңше, расымен де біліктілік сынағына мұғалімдерді қатаң тексеріп кіргізу дұрыс шешім. Өзім де талай әріптесімді білемін, аттестациядан қалай өткенін. Бірі тыйым салынған заттарды пайдаланса, енді бірі таныс-тамырын жағалап жүріп өтеді. Сондай жолмен өткен мұғалім оқушыға не үйретеді?»- деп күйінеді.

Әйгерімнің әріптесі, шымкенттік мұғалім Ділмахамбет Әшенов: «Заңмен тыйым салынған заттарды қолданса, заң  алдында жауапқа тарту керек деп санаймын. Басқаларына сабақ болар еді. Әрине, сынаққа мұғалімдерді тексеріп кіргізуі көңілімізге тиеді-ақ. Алайда, әлгіндей қадамға барып жүргендерді тексеру арқылы әшкерелемесе, басқа жолы жоқ та ғой. Сынаққа қатысатын мұғалімді ғана емес, сол аттестацияға қатысы бар басқа да лауазым иелерін белгілі бір тексеруден өткізсе, тіпті дұрыс болар еді. Себебі, мұғалімдерге арналған аттестация кейбіреулер үшін жанталас болса, енді біреулер үшін «майшелпекке» айналғаны өтірік емес»,- дейді.

Өзінің біліктілік деңгейін анықтайтын сынаққа заңсыз әрекеттер жасап, қатысып жүрген мұғалімнен не қайыр күтуге болады? Санасына берілмеген сауаттылықты тыйым салынған заттың көмегімен толтыру мүмкін бе? Ал ең сорақысы, мұғалім осындай заңсыз қадамға барып жатса, расымен ондай мұғалімнен қайбір оңған шәкірт шығады? Өкінішті...

 

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер