Елордаға жеткізген екі күн - Жолсапар очеркі

7861
Adyrna.kz Telegram

Еңселі Елордаға бастау алған ұзақ жол… Қолымда қалам, жүректе сағыныш, көңілде толқу. Көңіл мен жүректегі ішкі сезім ұштасқанда ақ қағазға төгілер ой да, қаламға бекем байланған шексіз шер де еріксіз ағылары анық. Айналамда кедергі келтірер кескін жоқ.

Пойыздың тулаған дыбысы, қасымдағы жол көршілердің толассыз өсегі және жасы әлі он жетіге жетпеген ойы ластанбаған, жаман атаулыны жақсы дүниеге алмастырар сәби санасымен келе жатырған жеткіншек. Оны жетелеген шығармашылық шабыт. Елордаға жетуімізге екі күн бар. Демек екі күн өмірімдегі елеулі сәттерді еске түсіріп, естелік жазуға мұрша бар.

Елордаға мені жетелеген арман және марқұм әжемнің маған деген сенімі. Жалғыз қалған сәтіңде есіңе ғашығың немесе аспан өз әлеміне алып кеткен аяулы жан елестейді. Құлаққапта жан тыныштығын сездіретін саундтрек, көз пойыз терезесінің арғы бетіндегі зу еткен шатқалдар мен толы талда. Кезекті сапарыма арқау болған жас ақындық талабым. Талант деуге келмес, өйткені қазір ақ параққа өлең шығару жүйесінен алшақтап кеттім. Ал сол кездегі ақындық бала көңіл мені талай жерге сүйреді. Бұл жолғы станция Астана қаласы.

Естеліктерді есіркеп, күрмеленген тілді жаттықтырып отырған кезімде кенет пойыз тоқтап, жолда бір адамды қағып кеткенімізді айтып, елең еткізген еді. Қанаты қатаймаған, көкірегінде қорқыныш сезімі бар мына мен бұл суық хабарды естігенде елегізіп, аң таң күйде болдым. Купеде отыз-қырық шамасындағы әпкей екі қызымен және ақсақал бар. Ақсақалдың сөзі түзу, ойы жүйрік екен. Жол жүргізушісіне барып, мән жайды толық біліп, Құдайға құлшылық етер кезекті намаз уақытында қайтқан адамға дұға етіп, жанын жәннаттық қылуды тілеп әлек. Шама шарқыны жеткен адамның құлшылық етуден басқа бақытты кезі жоқ екенін, өз өнегесін өрімдей жас, мына бізге айтып, бір күрсініп қойды.

Жазатайым жол апаты еместігі айқын еді. Себебі пойыз жолағы өзге мәшіндер жүретін жолдан басқаша. Ажалына асыққан жиырма жастағы жігіт екен. Екі қолын ұшардай етіп көтеріп, пойыз астына түсіп, өз уақытынан бұрын жантәсілім еткен жанның бұл іс-әрекеті менің психологияма кері әсерін тигізді. Өйткені, мендегі жаманды жақсы ететін сәби көңіл қарама қайшы пікірді қалыптастырды. Жанымда жақыным жоқ кезде ересек өмірге бірден қадам басқандай күй кештім. Ақындық арғымағына мініп, арманыма ілесе, мақсатыммен жарысып келе жатырған мына жол маған пенде пиғылының сондай пасық болатынын, үнемі жақсы дүниелер орын алмайтынына сендірді.

Пойыздағы бір күн шымшытырық оқиғамен ұштасып ұзақ өтті. Келесі күні өткен сағаттар сынын ойламас үшін купелерді аралап, шекер сұрадым. Шекер жай сылтау ғой, өзім жасты өмірге ғашық кейіпкерді іздестіріп жүргем. Ұзын қолаң шашын екі жаққа жіберіп, тарап отырған бойжеткенге көзім түсіп қасына бардым. Сәлемі түзу, жүзі жарқын қыз екен. Бірден тіл табысып кеттік. Менен бір жасқа үлкендігі болмаса, санадағы ой бірдей. Жетімдер үйінде тәрбиеленген жеткіншектің өмірге тез араласып, бейімделгені түрінен ақ көрініп тұрған еді. Бір қызығы екеумізде бір аламан жарысқа бара жатырмыз. Жолсерік таптым. Менің екі жылда жазған елу шақты өлеңім, Зеренің том кітабының қасында жай ой дәптер секілді боп қалды. «Қандай күшті, қаламың ұштала берсін» деген бала тілегіме қатқан жауабы мені тағы бір қадамға есейтті.

«Қаламым қуаныштан жазса игі еді. Мендегі парақтар ана алақаны мен әке ақылына деген жеткізбес шексіз сара жол мен шетсіз сағыныштан туған жырлар ғой…».

Екі күндік ұзақ жол жалған өмірдің ұзын боп көрінгенімен сонша қысқа екенін ұқтырды. Жиырма жастағы жас жігіттің өз өмірін рұқсатсыз, бұйрықсыз қиюы мен жасы жеткен ақсақалдың өмір үшін таласып Аллаға рақым етіп, аманшылықты тілеп жүрген қарама-қарсы бейне.

Қаламның қуаныш пен қайғыға ортақтығы. Менің қаламым бақытты сәттерді жырласа, бірінікі ардақты ана алақанын аңсаған сағыныштан, күйініштен, жоқшылықтан жаза бастаған қалам, шыға бастаған өлең…

Дәл осы сәттен кейін ақындық жол мен үшін тарс жабылды. Бұл сапар мені есейтті.

Елордадан екінші орынды қанжығаға байлап тағы да ойға шомып дәл осы купеге міндім. Алда тағы да екі күн. Бірақ мен жататын орынға жолай әлі ешкім мінген жоқ…

Інжу ӨМІРЗАҚ

Пікірлер