Талғат Нәрікбаев ректорларды әлеуметтік жауапкершілікті сезінуге шақырды

3207
Adyrna.kz Telegram

КАЗГЮУ Университеті Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев қазақстандық ЖОО-лардың ректорларын білім саласына әлеуметтік жауапкершілікпен қарауға шақырды. Бұл туралы ол жоғары оқу орындарының ректорларымен өткен кездесуде айтты. Жиында 120-ға жуық университеттің басшысы жоғары білім саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, білім сапасын арттыру жолдарын талқылады.

«Құрметті әріптестер, баршаңызды білім саласына бизнес емес, әлеуметтік жауапкершілік ретінде қарауға шақырамын. Енді бұрынғыдай мемлекеттік үлгідегі дипломдар болмайды. Сондықтан әрқайсысымыз ел алдында, студенттер мен ата-аналар алдында білім сапасы үшін жауаптымыз. Біздің басты клиентіміз – студенттер емес, жұмыс берушілер. Қазір білім алып жатқан студенттер кейін біздің және балаларымыздың болашағына ықпал етеді»,- деп атап өтті ол ректорлар кездесуінде.

Талғат Нәрікбаевтың айтуынша, егер университет студенттен оқу ақысын ала отыра еңбек нарығында сұранысқа ие сапалы білім бермесе, ол алаяқтық деп есептеледі.

«Тұтынушы өзі күткендей сапалы білім ала алмаған жағдай да кездесуі мүмкін. Кәсіби құзыреттілігінің төмендігінен жұмыссыз қалған студенттер немесе ата-аналары оқуға жұмсалған ақшаны қайтаруды талап етіп, университетті сотқа бере бастауы да мүмкін», - дейді ол.
Сондай-ақ Талғат Нәрікбаев оқу процесі мен бизнес-процестерді цифрландыру әрдайым ақшаға тіреле бермейтінін атап өтті. Университеттің ішінде қандай проблемалар бар екенін, нәтижелері қай кезеңде «тоқтап қалатынын» немесе бұрмаланатынын түсіну үшін сапалы және терең аудит жүргізіп, процестерге қанша уақыт жұмсалатынын анықтау қажет.
«Әдетте, жоғары оқу орындары ашықтықты қаламаған кезде академиялық процестерді цифрландыруға қарсы болады. Себебі білім сапасын бағалаудың, өтініштерді қараудың және шешімдерді қабылдаудың әрбір кезеңі көпшілікке көрініп тұрады және сақталып қалады», - деді Талғат Нәрікбаев.
Атап өтейік, шара ҚР Білім және ғылым министрлігінің Фейсбуктегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер