Наурыз мейрамына қатысты құнды деректер табылды

3265
Adyrna.kz Telegram

Белгілі этнолог, мәдениеттанушы Серік Ерғали Наурыз мейрамына қатысты құнды деректерді тапты. Ол бұл туралы Facebook желісіндегі ресми парақшасында жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Назарларыңызға автордың жазбасын ұсынамыз.

1- СҮЙІНШІ! НАУРЫЗДЫҢ ТАРИХИ КУӘЛІГІ ТАБЫЛДЫ!

Шамамен 5000 жыл бұрынғы Алматының солтұс-батысындағы 170 шм жердегі Аңырақай тауындағы жартаста қашалған ежелгі суреттер. Онда жер бетілік мақұлықтардан бірнеше есе ірі екі тұлға бейнеленіпті: оң жағында күндидарлы адамкейіпті киелі тұлға бері қарап тұр, бұл «Тәңір» аталып жүрген жарқын күш болса керек, оның сол жағында әрі қарап, түндидарлы сайтанкейіпті - Ыңыр (Іңір – бұл қазақтарда күн батқаннан кейінгі кеш түскен уақытты білдіретін ұғым түрінде қалған); олардың ортасында сағат тіліне қарсы бағыт бойынша Сиыр жылының төрт маусымы бейнеленген: жаңа туған бұзау, оның үстін ала баспақ жайылып тұр, ал оның сол жағында семіз де мүйізі қарағайдай ірі бұқа Тәңірге қарап тұр да, оның астын ала мүйізі түскен, ауру да көтерем сыйыр тәлтіректеп тұр. Бұл сәйкес түрде бейнеленген жылдың төрт мезгілі – көктем, жаз, күз және қыс. Бұлардың бәрінің астында түрлі айуан бейнесіндегі он екі адам билеп жүр. Бұл – ежелгі наурыз мерекесінің рәсімі, жоралғысы! Бұл - сиыр жылының Наурызын мейрамдау көрінісі! Бұл – Күн мен Түннің теңесу сәті.

2-СҮЙІНШІ! НАУРЫЗБӨРІК ТАБЫЛДЫ!

Аталмыш бөрік, ресейлік баскиімдер сайтында орыстың ұлттық баскиімінің тізімінде жүр, атауы - НАУРЫЗ!

НАУРЫЗБӨРІК. Сипаты: бөріктің бір түрі болғанымен негізі қалпақ пен бөрікті біріктіріп жасағандай әсер бар; бұл - ай мен күннің, Күн мен Түннің бірлескенін, теңескенін білдіреді; қалпақтың аласа етегі жоғары қарай бұрыш жасай қайырылған, түймелер немесе тастармен әшекейленген; бөрік етегі бағалы терімен көмкерілген. Наурызбөрік төбесі күннің қызуын білдіретіндей қызылтүсті болмаса жеті түспен құрақтап тігуге де болады. Аталмыш баскиім Алтынорда дәуірінен қалған орыс ерлерінің баскиімі тізімінде суретімен жүр. Бірақ атауы – наурыз.

3-СҮЙІНШІ! НАУРЫЗҚАЛПАҚ ТАБЫЛДЫ!

Алтынордалық наурыз қалпақ. Орыстардың ұлттық бас киімдерінің арасында жүр.
НАУРЫЗҚАЛПАҚ. Сипаты: қалпақтың төбесі екі жолақтың араласа тігілуінен құралады; көктүсті жолақ – аспан, топырақтүсті жолақ – жерді білдіреді. Айыр қалпақтың екі бөлектенген етегі Айдың бейнесін береді, оның бетіне айқыш/крест кестеленген, бұл Күннің таңбасы. Ай мен Күннің бірігуі астрономиялық Күндіз бен Түндіздің теңесуін нұсқайды.
Аталмыш баскиім Алтынорда дәуірінен қалған орыс ерлерінің баскиімі тізімінде суретімен жүр. Киген адамның суреті де текті қыпшақ екені көрініп тұр, оның ширатылған мұрты Көкке қараған.

4-СҮЙІНШІ! Әбілқайыр ханның ордасындағы Көрісу ғұрпы.

 

1736 жылдың жазы. Жем-Ембі өзенінің бойы.
Ағылшын суретшісінің салған суреті.
* Сатаев А. «В лебедей не стреляют». — А.: Қайнар, 2011.

5- СҮЙІНШІ! КӨРІСУ ҒҰРПЫНА – 5000 ЖЫЛ!

Ұлы қазақ ақыны Абайдың «Жазғытұрым» өлеңінде  «... Қырдағы ел, ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, КӨРІСІП, құшақтасып...» деп сипаттауы қазақ халқының төл жаңа жылы мен көктемнің алғашқы күнін қарсы алу ғұрпы ретінде насихаты болатын. Алайда бұл ғұрыптың тастағы насихаты табылды! Шамамен 5000 жыл бұрынғы Алматының солтұс-батысындағы 170 шм жердегі Аңырақай жотасындағы Таңбалы жартаста қашалған ежелгі суреттер. Онда жер бетілік мақұлықтардан бірнеше есе ірі екі тұлға бейнеленіпті: оң жағында күндидарлы адамкейіпті киелі тұлға бері қарап тұр, бұл «Тәңір» аталып жүрген жарқын күш болса керек, оның сол жағында әрі қарап, түндидарлы - Іңір; толық сипаттамасы - 1-СҮЙІНШІДЕ!
Бұлар бір біріне құшақ жая көрісу ғұрпын жасап тұр! Бұл – ежелгі наурыз мерекесінің рәсімі, жоралғысы! Бұл – Күн мен Түннің теңесу қарсаңындағы ғаламдық үйлесімді паш ету салтанаты!

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер