Тылсым әлем."Атама барам! Менің атам айда жүр..."

4093
Adyrna.kz Telegram
Тылсым әлем
Мынау баланы кейбіреулеріңіз түрін танитын шығарсыздар...

Бүгін қазақ елінің қабырғасын қайыстырып отырған тағы бір ауыр күн болды. Бағана жұмыста отырып, мазам болмай, Аман Абдужаппарұлы досыма "Аман, есеп қисапты ертең жасайықшы, бүгін үйге барып тынығайық!" деп айттым. Аман жарайды деп, үйге қайтып кеттік.

Бүгінгі бес періштенің қазасына орай біраз уақыт бұрын біздің әулеттің басынан өткен ауыр жағдай есіме түсіп, кетпей тұрып алды. Мынау көзі оттай жанған періштеден біраз уақыт бұрын айырылып қалдық. Бала суға кетті. Бірақ істің барлығы да көкейімізде күмән күйінде қалды. Нәрестені қорламайық, Жаратушы Аллаға ғана тапсырайық деп, мен өзім тоқтаттым. Онсыз да жүрегіміз қарс айырылған еді.
Бұл баланың есімі Әлинұр. Өте рухты, оттай жанып тұратын, өзінің қатарластарынан көш алдында жүретін бала еді. Өзімен қатар балалардың басынан сипап, құлап қалса орнынан тұрғызып жүруші еді. Біз кенеттен бұл періштеден айырылдық та қалдық. Әкеміздің өмірден өткеніне аз ғана уақыт өтіп еді, араға сәл уақыт салып, осы бала аттанып кетті. Бұл бізге оңай болмады. Жағдайдың өзі тылсым әлеммен байланысты сияқты өрбіді.
Бұл балапаым өзінің атасын өте қатты жақсы көтетін еді. Әкем де бұл баланы қаладан келсе болды, алдына салып алып, еркелетіп, мойнына отырғызып алатын. Сондай сүйкімді балапан еді. Қозғалысы басқа балаларға ұқсамайды. Өте өткір, бір орында тұрмайтын, әр нәрсені бүлдіріп жүретін. Балаларды артынан барып теуіп, соғып кететін. Бірақ өзіне бәрі де жарасатын еді. Қаладан үйге келсе болды, әкемді іздеп, бөлмелерді аралап жүретін еді. Бір күні әкем өмірден өтті. Сонда бұл балапанның атасын іздеуі көзге қатты көрінді. Үйге келсе болды, бөлмелерді аралауға кірісетін. Бірақ атасы жоқ. Атаң келмейтін жаққа қыдырып кетіп қалды дейтінбіз.
Бала Шымкенттегі қалада жүрген үйінде өмірінің соңғы уақыттарында "Атау, атау!" дегенді қайталай беретінді шығарған. Әсіресе өмірден өтетініне бір апта қалғанда, "Атама барам, атам айда жүр, мені атама апарыңдар!" дегенді шығарған. Түнде айға қарап "Атам айда жүр, атам айда жүр, атама барам!" деп айды көрсетумен болған. Содан бауырым мен келін үрейлене бастап, баланы оқытуға апарған. Балаға дем салған, әруақтарға арнап шелпек жасап таратып, құран оқытқан. Бірақ бала атама барам деген сөзін тоқтатпаған. Содан бауырым мен келін тойға барған күні, Шымкенттегі Поплавок тойханасының алдында бала суға кетті (бәрі де күмәнді). Балапан атасының артынан сапарға аттанып кетті.
Бала жоғалып кетті. Ауылдан қалаға ұшып тұрдық. Бәріміз қаланы, қаладағы суды, қаланың түкпір түкпірлерін таң атқанша араладық. Баланы сол бойы таппадық. Кеудеміз қарс айырылып барады. Жанымызда тыныштық жоқ. Шымкенттің бүкіл волонтерлары іске кірісіп кетті. Көріпкелдерді де аралап кеттік. Бәрі табылады да, табылады деп тоқтады. Бірақ бала жоқ. Ертесіне таңертең баланың мәйітін бадамға құятын сарқырмамның маңынан тапты. Ең алғаш болып басына мен жеттім. Сұмдық жағдай. Ішіміз езіліп барады. Томпайып, тап таза болып баламыз жатыр. Алыстан танып қойдым. Келінім есінен танып өзін жоғалтып алды. Інім боз-боран жылаумен кетті. Енді ол кездегі жағдайды сөзбен жеткізе алмаймын.
Сонымен баланы тексеруге береміз бе, анықтаймыз ба деген сұрақ тұрған соң, баланы бөлшектейтін болған. Бірақ мен олай жасатпаймыз дедік. Оған жүрек шыдамайды. Баланы ауылға алып кеттік. Кеше ғана қазалы болған үйде тағы да ауыр қазалы жағдай. Ағайын, ел-жұрттың бәрі де үйге келіп қалған. Құдайдың салғанын көтересің. Тағдыр сол.
Баланы жуындырып, атасының жанына қойдық. Жерлеп жатып, балапанымның басынан сипап, "енді сенің жатқан орының осы сыз жер болатына сене алар емеспін..." деп жүрегім сыздап барады. Көзімнен жас бұлақтай болып тұр. Маңдайынан сипап отырып қалыппын. Бір кезде үлкендер, жетер енді, орныңнан тұр дегеннен соң ғана мені адамдар шығарып алды. Баланы қойып қайттық. Содан ел тарады, менің буындарым босап, денемді көтере алмай қалдым. Бір ауыр күш бойымда басып, тұрғызатын түрі жоқ. Баланың әке-шешесінің күйін айту мүмкін емес шығар бұл кезде. Содан екі күн ауырып, тұра алмай жатып қалдым.
Бір күні ауылда балалар ойнап жүріп біреуінің аяғы сынып кетіпті. Содан тез арада машина тауып, әлгі кішкентай баланы калыстау ауылдағы Сейдолла деген (Жарылқап Қалыбай ағам тануы керек, Жылбұлақтың кісісі) білімдар, сынықшыға апардық. Шырқыратып отырып баланың аяғын салып берді әлгі сынықшы. Сонда сынықшы менің телефонымдағы өмірден өткен балапанның суретін көріп қалды. Ой, мынау баланың көзін-ай... жанып тұр ғой деп таңданып еді, бұл бала аттанып кетті дедім. Сынықшы бозарып кетті. Маған алып келмедіңдер ме, мынау баланы жетектер сүйреп жүрген ғой, оқытып қайтаруға болатын еді ғой, деген. Бірақ бәрі де кеш...
Балапанның кетерден алдын бір апта бойы "Атама барам, атам айда жүр!" дегені мені таң қалдырды. Тылсым әлемнен періштеге расында хабар келіп тұрғаны анық сияқты болды. Себебі, балапан атасын, атасы немересін өте қатты жақсы көретін еді. Бұл не сонда? Тартылыс па?
Балапанға арнап сол кезде осы өлеңді шығарып едім.
ПЕЙІШТЕ БОЛШЫ, ҚҰЛЫНЫМ!!!
😢😢😢
Айналайын, құлыным!
Желкілдеген тұлымың.
Сені ойлап, зарланып
Зар соңында құрыдым.
Зарымның таппай бір емін,
Қан жылады жүрегім.
Аман болсын деп құлыным
Құдайдан жылап, тіледім.
Оттай жанған ұл едің,
Озаттының бірі едің.
Өзің құлын болсаң да
Қимылыңда ірі едің.
Көп көріпті бес күн де.
Атаңды іздеп кеттің бе?
«Атама барам» депсің ғой,
Қойнына оның жеттің бе?
Ертеңі толмай ес кірген
Бұйырмай орын бес күннен.
Біздерді тастап, құлыным
Не көремін деп кеттің сен?!
Мезгілсіз келіп кезегің
Өртенді менің өзегім.
Құлыным сені ойласам
Қайғыны қалай жеңемін?
«Құлыным» деп атаған
Аңырап қалды-ау ата-анаң.
Тағдырың болды тым ауыр
Осындай хәлге матаған.
Ұйқымды менің қашырған
Жұмбақ боп қалдың жасырған.
Ажалдың оғы осы ма
Айласын тауып асырған?
Тәңірдің көріп жылуын,
Пейіште болшы құлыным!
Дұға жасаймыз артыңнан
Желкілдеп жүрсін тұлымың!
Ешкім де қалмас, өтерміз
Ол жаққа біз де кетерміз.
Жәутеңдеп келіп, қарсы алсаң
Қуанып саған жетерміз.
Жәутеңдеген Періштем!
Орының болсын пейіштен!
Бүгінгі өткен бес періштені естіп, есіме түсіп отыр. Бүгін қаралы күн. Өте ауыр жағдай. Балапандарымыз аман болсын! Періштелері сақтасын!
Бекболат Қаржан,
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер