Өте ықпалды атқамінерлердің арқасында КазГу (ҚазҰУ) қалашығына тиісті жерлердің талан-таражға түсіп жатқанын қайта-қайта жазғанымызға екінші ай... Күніге жазамыз. Қайта-қайта жазамыз...
Президенттің атына да хат жаздық (әлеуметтік желіде). “Әл-Фарабидің есімі берілген ҚазҰУ-ға тиісті жерлерді өз қалпында сақтап, Алматыны серуендеуге ыңғайлы саяжайлар мен скверлердің қаласына айналдыруымыз - әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына жасаған ең керемет сыйлығымыз болар еді” деп те жаздық...
“Сулпак” дүкенінің маңында өсіп тұрған 13 ағаш кесілгенде қатты “отреагировать” еткен (слышащий) президент Тоқаев, гектарлы жерлердің ағашы қырқылып, оның орнын(д)а университетке қатысы жоқ үлкен құрылыс(тар) басталып жатса да ләм демеді. Ләм дер емес.
Өз басым, президент Тоқаев бұл мәселеден хабарсыз дегенге сенбеймін. Ол кісі бәрін қадағалап отыратыны айдан анық.
КазГу (ҚазҰУ) қалашығына тиісті жерлерді сатқан дөкейлер мен оны сатып алған алпауыттардан Қасым-Жомарт Кемелұлы аздап қаймығады деген де бос сөз. Ол кісі батыл адам. Ешкімнен қорықпайды, ешкімге жалтақтамайды (почти).
Онда неге үн қатпайды дейсіз бе? Кім біледі, жазылған жайтты дұрыс түсінбей отырған шығар? Жарайды, бүгін (онда) ағылшын тілінде хат жариялап көрейін. Қазақшадан гөрі ағылшыншаға жүйрік президентіміз осы жолы үнсіз қалмас бәлкім. Күтіңіздер.