Халық жазушысы, әдебиет тарихын зерттеуші ғалым Мұхтар Мағауиннің шығармашылық мұрасын сақтауға және насихаттауға арналған Mukhtar Magauin Foundation қоры ресми түрде ашылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Қордың мақсаты — Мұхтар Мағауиннің шығармашылығын сақтау, зерделеу және әлемдік деңгейде таныту. Біз зерттеу, аударма, баспа және мәдени жобаларды іске асырамыз»,- делінген хабарламада.
Қор қызметінің басым бағыттарының бірі – Мағауин шығармаларын әлемнің негізгі тілдеріне аудару. Бұл қазақ әдебиетінің әлемдік мәдени кеңістікке енуіне жаңа серпін береді деп күтілуде. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарына қолдау көрсетіліп, жазушының туындыларына арналған конференциялар мен мәдени шаралар ұйымдастырылмақ.
Айта кетейік, Мұхтар Мағауин былтыр 85-ке қараған шағында қайтыс болған еді. Ол әр жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінде, "Жұлдыз" журналында, "Жазушы" баспасында қызмет істеген. Ғылым академиясына қарасты Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, Мәскеуде Максим Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша лекция оқыған.
Жазушы ХV-ХVІІІ ғасырдағы ұмытылған ескілікті қазақ поэзиясын қайыра ашып, ресми әдебиет тарихына енгізген. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілген. Оның XV–XVІІІ ғасырдағы қазақ ақын, жыраулары туралы "Қобыз сарыны", "Көк мұнар" романы, "Шақан-Шері", "Гауһар" роман-дилогиясы, "Жармақ", "Шыңғыс ханның шарапаты" және өзге де шығармалары бар.
