Бүгін менің туған күнім ой пәлі ай: Мұқағали Мақатаев 90 жасқа толды

16598
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың ақиық ақыны, мұзбалағы Мұқағали Мақатаев 90 жасқа толды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі. 

1931 жылы Нарынқол өңірінің Қарасаз ауылында дүние есігін ашқан ақынның балалық шағы сұм соғыспен дәлме-дәл келді. Жастайынан еңбекке араласып, қаламгерлікке бет бұрады.

Мұқағали Мақатаев алпысыншы жылдардың басында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, 1963-1965 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), 1965-1972 жылдары «Жұлдыз» журналдарында, 1972-1973 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарған.

Қазақ поэзиясының қайталанбас қайсары Мұқағали Мақатаевтың бір шумақ өлеңін білмейтін қазақ жоқ болар. Өлеңге өмірін арнаған ақынның бірегейі. Денсаулыңы сыр беріп, дегбірі қашқан кезінде де қаламының сиясын өшірмеді.

"Бары ақиқат бір дерттің жүрегімде,
Дәрігер-ау,арқалап жүремін бе?
Сорлайтындай соншама кім едім мен,
Heгe аяныш атасың іреңіңнен?", - әсерлі өлең шумағы ақынның "Жоқ, дәрігерінен" келтірілген үзінді. Аурумен арпалысып, өмірден 45 жасында-ақ қоштасқан ақын ел есінен ұмытылмасы анық. 

Алматы қаласы мәдениет басқармасының қолдауымен және Алматы телеарнасының ақпараттық демеуімен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай, "Есіңе мені алғайсың " атты ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан республикалық онлайн байқау жарияланды. Бұл ақын өлеңдерін сүйіп оқитын оқырман үшін үлкен мүмкіндік. Жеңімпазға бір миллион теңге көлемінде сыйақы берілмек.

"Бүгін менің туған күнім ой пәлі-ай, 

Мына халық неге жатыр тойламай.

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай",- деп жырлаған Мұқаңның туған күнін барша халқы тойлауда. Өнер иесінің өлеңін де, өмірін де өз сүйген елі өнеге етері анық. 

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер