ҚУАНЫШ ЕДІЛХАНТЕГІ: АҚШ-тың ішкі істерімізге араласқаны дұрыс

5019
Adyrna.kz Telegram

Кеше уәде етілгендей бүгін Байден мем. департаментте кездесу өткізіп, онда АҚШ-тың жуық арадағы сыртқы саясаты туралы мәлімдеме жасауы тиіс. Әзірге оның мәлімдемесі туралы ақпарат жоқ, дегенмен де кейбір нәрселерді алдын-ала айтуға болады.

Соның бірі (Қазақстанға қатысы бар) - Иран мәселесі.

Кезінде Обама Иранмен Келісімге келген болатын, ол Келісім бойынша Иран уранды байытуды тоқтатады, ал АҚШ Иран мұнайын сыртқы нарыққа шығаруға салған санкциясын алып тастайды. Өмір көрсеткендей, бұл Келісім кезінде өте жақсы жұмыс жасады, ұзақ жылдар бойы АҚШ санкциясында болып келген Иран мұнайы сыртқы нарыққа ағылды, сөйтіп мұнай бағасының түсуіне айтарлықтай ықпал етті. Ал уранды байыту ісін бақылау МАГАТЭ-ге тапсырылып, Иранның ядролық программасы іс жүзінде халықаралық МАГАТЭ ұйымының бақылауына көшті. АҚШ-тың осындай саясаты арқасында 2014 жылы Сауд Арабиясы мен Иранның бірлесіп мұнай бағасын құлдыратуы Путиннің шаруасын шайқалтып, ол Украинаның РФ агрессиясын тоқтатуға айтарлықтай ықпал етті.

Трамп келісімен осы Келісімді себепсізден-себепсіз бұзып, бұрынғы санкция саясатына қайтып келді. Шамасы ол Мәскеудің ықпалынан шыға алмай, өзінің "шпиондық" әрекетін одан әрі жалғастырған болуы керек. Нәтижесі белгілі - мұнай бағасы қайта көтеріле бастады да, РФ бұрынғы агрессиялық саясатын одан әрі жалғастыруға мүмкіндік алды, Сириядағы соғысқа килікті.

Байден осы саясатқа қайта оралуы мүмкін. Бұл не береді? Иран мұнайы сыртқы нарыққа шығады, ол мұнай бағасының сөзсіз түсуіне алып келеді. Осының тасасында жасыл энергетиканы одан әрі дамытуға мүмкіндік туады. Иранның ядролық программасы тағы да МАГАТЭ-нің бақылауына көшеді, себебі ол Келісім ұзақ жылдар бойы дайындалған, барлық нюанстары бүге-шігесіне дейін кезінде разработка жасалған.

Мұнай бағасының түсуінің Қазақстанға қатысы бар дейтініміз сондықтан. Тек қана шикі мұнай сатып отырған Қазақстан сияқты елдерге қиын болатыны анық, алайда біз бәрібір осы жолдан өтуге тиістіміз - мұнай бүгін болмаса да ертең бәрібір таусылатыны анық, соған алдын-ала дайындала берген дұрыс.

Тағы бір мәселе - бұрынғы СССР құрамында болған елдердің тәуелсіздікке ұмтылысына көмек көрсету АҚШ-тың жақын арадағы саясатының арқауы болмақ деп күтілуде. Әрине, мұны Ресей жақтырмайды. Онсыз да Ресейдегі бүгінгі шерулерге қатысушыларды полиция күштерінің қатаң басып-жаншуын айыптаған АҚШ-ты ресейлік БАҚ-тар: "Бұл АҚШ-тың Ресейдің ішкі істеріне араласуы" - деп сипаттап жатыр. Адам құқы бұзылған жерде ішкі іс деген болмайды, адам құқы барлық жерде қорғалуы тиіс. Біреуді біреу күш қолданып өлтіріп жатса, оған сырттай бақылаушы ретінде қарап тұру еш адамгершілікке жатпайды, сондықтан АҚШ-тың араласуы дұрыс деп есептеймін. Олар біздің де ішкі істерімізге араласауы қажет, өйткені біз өз күшімізбен мына билікке қарсы дым да бітіре алар емеспіз. Арон да, Макс та, кешегі Марғұлан Боранбай да сырты күштердің араласуынсыз бостандыққа шығатын түрі көрінбейді. Егер кінәсі болса сөз басқа, ал жерін, елін қорғағандарды түрмеге қамау деген тіпті сұмдық.

Пікірлер