Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлағалы жатсақ та, әлі де көшедегі ана тілімізді қорлап, қате жазылған ақпараттан құтыла алмай келеміз. Теледидар мен газеттерде айтыла-айтыла ақжем, жаза-жаза жауыр болса да, баяғы жартас - сол жартас. Тіпті үйреніп те кеттік, кейде күлеміз. Шарасыздықтан күлетін шығармыз... Депутат болып келгесін, бірінші кезекте осы мәселені қолға алып жатырмыз. Бұрынғы әріптестерім бастаған жұмысты жалғастыру және осы мәселе бойынша арнайы жұмыс тобын басқару өзіме бұйырды. Бүгін жаңа құрамның алғашқы отырысы өтеді.
Көшелерде толып тұрған қателердің әлі де дұрысталмауының бірнеше себебі бар. Біріншіден, мұндағы басты кемшілік - ана тілімізге немқұрайлы қарау, еш жауапкершіліксіз аудару, тілімізге жанның ашымауы. Екіншіден, көрген қатені жөндетуге аймақтық Тілдерді дамыту басқармаларының құзіреті жоқ. Тек қана жарнама, көрнекі ақпарат емес, дәрі-дәрмек анықтамасының, сол сияқты әр саладаға көптеген анықтамалардың дұрыс аударылмауы да - қазіргі қоғамның «бас ауруы». Ал бұл дегеніміз тілдің ғана емес, адамның өліміне де әкеп соғуы ықтимал.
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл» екенін баса айтты. Құдайға шүкір, қазақ тілін меңгерген отандастарымыздың саны артып келеді! Сондықтан да мемлекеттік мекемелердің, елді мекендер мен көше аттарын тек қазақ тілінде жазатын уақыт келді.
Әлеуметтік-мәдени даму Комитетіндегі әріптестерім Дархан Мыңбай, Бекболат Тлеухан, Айдос Сарым, Мақпал Тәжмағамбетова, жұмыс тобының мүшелері Қазыбек Иса, Жанарбек Әшімжан, Юрий Жулин, және Бақытбек Смағұл, Ерлан Саиров, Наталья Дементьева, Геннадий Щиповских, басқада әріптестеріммен бірге осы мәселені дұрыс жолға саламыз деп үміттенемін.
Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты.