Мемлекеттік қуыршақ театры халықаралық сыншылар жүлдесін иеленді

3406
Adyrna.kz Telegram

«Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» - «International Union of Theatre Critics» – еліміздің және шетелдің белгілі кәсіби театртанушы мамандарының басын біріктіретін алаң. Бірлестіктің басты мақсаты – бүгінгі қазақ театрының негізгі тенденцияларын анықтап, заманауи театр мен драматургия мәселелерін қарастырып, оның дамуы жолында жұмыс жасау.

Бүгінде еліміздегі театрларда болып жатқан шығармашылық үдеріс, оның даму мен бағыт-бағдары, репертуарын жасаудағы ұстанған саясаты, көрерменнің қойылымға келуі мен қабылдауы т.б. мәселелері және ол үдерісті дер кезінде сараптамадан өткізу отандық және халықаралық театр қаумдастығы, кәсіби мамандар және ресми мемкемелер тарапынан қызығушылық тудырып отыр.

Осыған орай, өткен жылы негізі қаланған бірлестік биыл да дәстүрлі түрде 2020 жылдағы Қазақстан театрларының жасаған жұмыстарына кәсіби бағаларын беріп, сарапқа салды. Жұмыс нәтижесін анықтау мақсатында арнайы құрастырылған сауалнама сұрақтары еліміздің барлық театрларына жіберілген. Аталмыш жылдың 14 қаңтар күні сауалнамаға қатысқан театрлардың деректері негізінде мониторинг жұмысы жүргізіліп, шығармашылық әрі сандық көрсеткіші бойынша «Қазақстан театрлары – 2020» атты онлайн конференция ұйымдастырылып, «СЫНШЫЛАР ЖҮЛДЕСІ» табысталды.

Осы тұста еліміздегі Ұлттық, академиялық, мемлекеттік облыстық, қалалық статусын иеленген 60-қа жуық республикалық, облыстық және қалалық деңгейдегі драма, музыкалық драма, комедия, қуыршақ театрларының ішінен Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры төмендегі номинациялар бойынша ҮЗДІК деп танылды:

- «Үздік балаларға арналған қойылым – «Үйшік» спектаклі»;

- «БАҚ-пен үздік жұмыс жасаған театр»;

- «Онлайн форматтағы ең белсенді театр».

Сондай-ақ, театрдың талантты режиссері Антон Зайцев респбулика бойынша үздік ТОП-5 режиссерлер қатарынан табылды.

Айта кетерлігі, 2019 жылғы нәтиже бойынша Мемлекеттік қуыршақ театры «БАҚ-пен үздік жұмыс жасаған театр», «Үздік балаларға арналған қойылым» номинациялары бойынша да үздік деп танылып, кәсіби мамандар тарапынан жоғары бағаға ие болған.

Бүгінде ұлттың рухани қажеттілігін өтеп, қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендетіп, кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білуді мақсат тұтқан Мемлекеттік қуыршақ театрының бағыты мен бағдарының дұрыс екендігін осыдан аңғаруға болады.

 

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ

Пікірлер