Аға буыннан алған тағылымды – бала буын керек қыла ма?

4375
Adyrna.kz Telegram

Қазақ театрының алтын ордасы – өнердегі қонар тұғырым, шығар төрім, менің сүйікті театрымның 95 жылдығы! Дәл осы 95 жылдығында М.Әуезов атындағы театр ұлттық мәртебеге ие болып қосқабат қуаныш қатар келді.

Театр бір күнде құрылған жоқ, оған театр тарихының тұтқасы болған бірнеше буын өкілінің маңдай тері төгілді, киелі сахнасында ізі қалды, керегесіне үні сіңді. Ұлттық театр дегенде Жұмат Шаниннен басталатын өткен ғасырдың өнердегі ұлылары, маған дейінгі өнердің өз өкілдері - киелі шаңырақтың қасиетті қара шалдары, бекзат болмыстың иелері, абыздары, менің алдымдағы аға буын - ақсақалдарым, апаларым еске түсті. Өзім еркелеген ағаларымды елжірей еске алдым, несіне жасырам, сағыныппын оларды... «Атамекенде» шапанына қазақтың кең даласын «орап алып» қазақ қариясының кесек болмысын бір өзі көрсеткен Елубай аға Өмірзақов, «Өтелмеген парызда» дастарқандағы нанның қиқымын әуелі асықпай жинап, содан кейін асқан бір ұқыптылықпен аузына салатын Әнуар аға Молдабеков... Театры қасында жоқ, Әуезов театрына жете алмаған көрерменге кино арқылы таныс болған ыстық бейнелердің еске түскені ғой. Қалың көрерменіне «Абай осындай-ақ болар» дегізіп, Мұхтар Әуезовтей заңғар жазушының ризашылығын алған Қалибек Қуанышбаев, театр десе жанын беріп киноға түсіп жүрген жерінен: «Менің спектаклім бар», – деп үш күн бұрын анау Нарынқолдан бері қарай жаяу тартып кететін Серәлі Қожамқұлов ағалардың өнерге деген жанкештілігі қазақтың есінен шыға ма? Қасиетіңнен айналайын қара шалдардың бірлі-жарымын ғана мысалға келтіргенім бұл! Бәрінің есімін тізіп шығу мүмкін емес, десе де... Өнерге барынша адал болып өткен Бикен апа Римова, бір ауыз орысшасыз-ақ орман-орысты аузына қаратқан Сәбира апа Майқанова, шындықты тіліп тұрып бетке айтатын өзімнің аяулы ұстазым Шолпан апа, «балақай-балақай» дейтінімен-ақ аса бір ерекшеленіп, Батыстың мәдениетін бойына сіңірген Хадиша апа, ғасыр жасаған театр анасының бірі – Хабиба әже, «театрдың Қарагөзі» аталып кеткен Зәмзагүл апай, театрдың жүрісінен жаңылмаған қос жорғасы қазақтың Ыдырысы мен Фаридасы... Олардың әрқайсысы еткен еңбегімен, қазақы болмысымен, көрсеткен өнегесімен «ұлт», «қазақ» деген ұғымды санаға мықтап шегелеп кеткендерін түсіндім. «Менің ұлттық театрым», – деп ішімнен сан мәрте айтқанымда біз осы кісілердің аманатына адал бола алдық па деген сұрақ жанымды сыздатып өткенін қалай жасырам. Өнер адамының нәзік жүрегіне бәрі сыя бере ме өзі... Өткенімді шолсам «Мәмбетов дәуірі» атанған 60-90 жылдар аралығына ертегідегі ұшатын кілемге ие болғандай әп-сәтте жетем. Жетем де Әз-ағамның кезінде жұмысқа қабылданғаныма қуанам, алдымдағы ұлылардың сарқытын ішкен үлкен буын аға-апаларымның жұмсағанына мәз болып, тілалғыш баладай алдынан қия өтпей көңілін табуға тырысқан күндерімнен өн бойыма жылылық тарайтынын сезем. Соған мәз болам. Сол аяулы аға-апаларымның ойынына сахна сыртынан ықыластана қарап, талай тамсанған сәтім еске түседі. Бұл күнде шетелде тұруға мәжбүр болған Болат Атабаевтың маған ренжіп күйіп-піскен сәттері, жұмыстан шығып қалмасын деген жанашырлығымен кішкентай ғана эпизодпен сахнаға шыққаны, Болат ағамның қайтсем көңілінен шығам, қайтсем риза етем, қайтіп қуанта алам деп аласұрған күндерім, өзім бүкіл спектаклінде ойнаған режиссеріміздің бірі – Әубәкір Рахимовтің жастарға деген қамқорлығын қалай ұмытарсың. Актерлігі бір төбе, режиссерлігі бір төбе Оразхан аға Кенебаевтың Қожанасыры қазақтың мұңын сахнадан айтқызып, жоғалтқанымды іздетіп келе жатқаны көрермен де жақсы біледі.

Сондай-ақ Қайрат Сүгірбектей талантты режиссердің, өзімнен кішілердің – өнердегі әріптестер Шалқардай бауырым мен Наздай аяулы қарындасымның ерте кетіп қалғаны неге мұңайтпасын...Еркелете отырып жұмсаған, ақылын айтқан, дос санаған, сыр ақтарған, өзімсінген алдымдағы алтындай аға-апаларыма іні бола алғаныммен өзімнен кішілерге қамқор аға, адал дос бола алдым ба? Үлкен буын мен аға буыннан алған тағылымды өзімнен кейінгі толқын – бала буын керек қыла ма? Аяулы өнердің нәзік «жаратылысын» өзгенің жүрегіне жеткізем деп жүріп өз жүрегін жаралайтыны дәл бүгінгі күнде сирек шығар, ал жұдырықтай жүрегін жарып алғаны қаншама... Өмірден озған ардақты театр актерлерінің бейнесі бір сәт көз алдымда көлбеңдеп, енді бір сәтте жанымнан жылыстап өтіп жатыр, өтіп жатыр... Өзінің Тастанындай сертіне адал Әнуар, кең болсам кем болмайтынымды сәт сайын айтып өзімсіне жұмсайтын дарқан көңіл Уайыс, ешқашан дүниеге құмартпаған жаны сұлу һәм қарапайым, жасы үлкен бола тұра маған: «Старик», – деп жүретін Мейірман ағаларым, олардың қатарынан ажыратуға келмейтін Тоқсын мен Құдайберген ағаларым... Қазақстан мен Қарақалпақстанның өнерін тел еміп, екі ұлттың мәдениетіне еңбегі сіңген Жұмабай Медетбаевтай, аңқаулығы бүкіл театрға белгілі Қабдош Сүлейменовтей қазаққа белгілі актерлердің шетінен еске түскені-ай! Бәрінің аруағы разы болсын! 95 жылдық тарихы бар қара шаңырағымның алтын уығына айналған Сәбит Оразбай бас болған Асанәлі, Тұңғышбай, Есмұхан, Төлеубек, Шоңмұрат, Айдос, Омар, Бауыржан ағаларым мен Нүкетай Мышбаева бастаған Торғын, Салиха, Шәмшагүл, Баян Рашида, Рахиля, Ғазиза, Шайза апаларым, қазақ өнерінің қыз Жібегі мен Төлегеніне айналған марқұм Құман ағамның жаны жаннатта болсын, аққуды сыңарынан қалай бөлем, Меруерт апамды Құман ағамсыз қалай бөлек айтам... Астана театрының ақсақалы атанып жүрген тағы бір ұстазым Тілектес ағам Мейрамов, Асқар Тоқпановтай театр десе ішер асын жерге қояр ұлағатты ұстаздың алдын көрген, Тоқпановтың тоқпағына шыдаған өнердегі бауырларым мен замандастарым, қарындастарым, мерейлі мерекелеріңізбен! Сонымен қатар Ал аз уақытта екі бірдей халық театрын ашып ауыз толтырарлықтай жетістікке жетіп үлгерген және ауыл адамдарының ықыласына бөленген қымбатты менің Асқар Наймантаев құрдасым да кезінде біздің театрда істегенін, Әзірбайжан ағаның ерекше жақсы көрген актерінің бірі екенін қазіргі жастар білмеуі мүмкін. Құрдасымды да жеткен жетістігімен бүгінгі мерейтойда арнайы құттықтағым келеді. Ұлттық театрымыздың әр актеріне бекзат өнерді кіршіксіз қалпында сақтап, рухы тірілермен бірге жасайтын алыптардың аманатына адал болайық, ұлттық сахна өнерінің мерейін өсіре берейік дегім келеді. Мереке құтты болсын!

ҚР Еңбек сіңірген әртісі,

«Дарын» сыйлығының лауреаты,  

Бекжан ТҰРЫС.

 

Пікірлер