Бала- тапқандыкі ме, баққандыкі ме?

9048
Adyrna.kz Telegram

Әлеуметтік желіде түрлі қызықты жазбалар қалдырып, қызу пікірталас тудыратын белсенді Кенжегүл Тергембаева кеше тағы бір тақырыпты ортаға салды. Бұл жолғы оның көтерген мәселесі тастанды балаға қатысты болды деп жазады «Адырна» ұлттық порталы автордың жазбасына сілтеме жасап.

Өз жазбасын жастарға сабақ болсын, сәбиді асырап алатын отбасы ойлансын, мәселе журналистердің назарында деген ескертпемен бастаған Кенжегүл Тергембаева Алматы облысында болған жағдай туралы ақпаратпен бөлісті. Автордың айтуынша, Алматы облысының 19 жасар қызы жігітінен аяғы ауырлап қалып, босанған кезде араларында жанжал туындайды да, жігіт алмаймын деп, қыз оған ерегесіп, стресс жағдайында баладан бас тартып, перзентханаға тастап кетеді.

«Кейін, екі тарап татуласқан соң, естерін жиып, жаңа жылдың бірінші күнінен бастап баланы іздеуге кіріскен. Нәресте Талдықорған қаласы сәбилер үйіне өткізілгенін, ол жақтан бір отбасы сәбиді асырап алғанын анықтаған. Облыстық Білім басқармасына жүгінген, Прокуратураға шағымданған. Әзірше нәтиже болмай тұр» деп жазады К.Тергембаева.  Мәселенің ақыры балаға таласуға ұласқан. Кезінде тастап кеткен шешесі қайтарғысы келеді. Ал асырап алған анасы бергісі келмейді. Туған анасы істеген ісіне қатты өкініп отыр, еңірегенде етегі жасқа толады. Ал асырап алған әйел баланы беруден бас тартып отырған көрінеді. Асырап алу бойынша құжаттар заңды түрде рәсімделмеген. Яғни, құзырлы мекеме мұндай жағдайда сәбиді туған анасына дереу қайтаруға тиіс!» дейді жазба авторы.

Автордың осы жазбасына қатысты пікір білдірушілердің бір легі қолдау білдірсе, енді бірі қарсылық танытуда. Жастықпен ақымақтық етіп, баласынан бас тартқан қызды қорғап, асырап алған әйелдің сәбиді қайтаруын сұрағандар мейлінше адамгершілікке, имандылыққа жүгінуге шақырады. Ал бір ай бұрын сәбиді бауырына басқан кісілер сол сәбидің ендігі ата-анасы болады, бала тастап кете беретін зат емес деген пікірлер әлі де толастар емес.

Жалпы, біздің қоғамда мұндай жағдай өте жиі болып тұрады. Әсіресе, ауылдарда туысының баласын бауырға басу оқиғаларының соңы осындай жайсыз аяқталып жататыны жасырын емес. «Заңды тұрғыда сәбиінен бас тартқан әйелге белгілі бір мерзімге дейін уақыт берілетін бұрын. Ұмытпасам, 2017 жылдан бері дәл осы Алматы облысында жаңа туған сәбиді асырап алуға ниетті отбасыларға бірден табыстау туралы тәжірибе іске қосылған еді. Заң бойынша анасы перзентханада бас тартқан балалар, бір ай бойы дәрігерлердің бақылауында болуға тиіс. Кейін олар жетімдер үйіне жіберіліп, әрмен қарай олар туралы ақпарат арнайы базаға енгізіледі. Десе де, мұндай ұзақ рәсімді жеңілдетудің Талғар ауданының прокурорлары қолға алып, бірер жыл бұрын балалы болудың жолын жеңілдеткен. Осыны ескерсек, әрине, асырап алған отбасы тастанды сәбидің ендігі ата-анасы саналуға тиіс. Алайда өз әрекетіне өкініш білдіріп, сәбиін қайтарғысы келетін әйелдің де құқығы бұл жерде ескерусіз қалмайтыны тағы бар. Жалпы, өте даулы мәселе дер едім»,- дейді заңгер Арман Тұрдалы.

Ал мәселеге діни тұрғыдан пікір білдірген наиб-имам Мұхит Бақытұлы: «Бұл жағдайға Алланың әмірі деп қараған дұрыс деп санаймын. Бала бір күнде дүниеге келмейді. Тоғыз ай анасының құрсағында жатады. Осы уақыт аралығында жүрегі қатар соққан сәбиіне мейірімі ашылмаған әйел ғана сәбиді тастау әрекетіне баруы мүмкін. Алланың берген осынау нығметінен әлдебір ашу үстінде бас тарту мұсылманға тән қасиет пе? Бүгін бас тартып, ертең қайтара салатын зат емес қой! Тірі адам ол! Сенің бауыр етің, балаң! Арада біраз уақыт өткенде, баланы бауыр басқан отбасыдан кері қайтару дұрыс деп санамаймын. Тастанды баланы бауырына басқан отбасының ниеті нағыз мұсылманға тән дер едім. Өйткені қасиетті Құранда да жетімнің басынан сипау туралы, жетімді жылатпау туралы айтылады. Олай болса, кезінде керексіз етіп, тастап кеткен баланы енді даулау адами тұрғыдан қателік деп санаймын»,-дейді.

Адами тұрғыдан демекші, кезінде ата-анасы бас тартып, бұл күнде басқа отбасыда тәрбиеленіп өскен Маржан Тұрлыбек (аты-жөні өзгертілді-ред.) сәбидің туған әке-шешесіне ренішін білдірді. «Мені де ата-анам 7 айлығымда тастап кетіпті. Жасым 4-ке толғанда биологиялық әкемнің ар-ұяты оянған ба, жоқ әлде басқа жағдай болды ма, мені кері қайтармақ болған екен. Өкінішке қарай, ешкімге, ештеңеге бағына қоймайтын мінезімнің арқасында өз отбасыма қайтыппын. Шыңғырып жылап, бұзық әрекеттер жасап әкемді әбден әбігерге салыппын. Содан амал жоқ, қайтарған екен. Меніңше, есі дұрыс адам баласын ешбір себепсіз бір сағатқа да тастап кетпейді. Ал бір ай, бұл кәдімгідей уақыт емес пе?! Бір айдың әр сағатында тастанды сәбидің қасында кім болды? Оның іші ауырса, қолына алып, ауыруын жеңілдеткен, түнде қарны ашып оянса, тамағын берген, астын құрғатып, жайлы жағдай жасаған кім? Міне, бала сол адамдыкі! Бір ай бұрын жігітімен ұрсып қалып, тірі баласын тастап кете барған әйел, күні ертең мысалы, күйеуі ажырасуға арыз берсе, қайтеді? Тағы да баласын тастап жөнеле ме? Баланың алдындағы жауапкершілік әйелдің бойына шарана біткен сәттен бастап қалыптасуға тиіс. Сол уақытта қалыптаспаған жауапкершілік сәби дүниеге келген соң қалыптасары екіталай. Егер, бұл дауда төрелік айтуға құзірет берілсе, сәбиді асырап алған отбасыда қалдыруға үкім шығарар едім. Амал қанша, біздің елде әділетсіздікке үстемдік берілетін жайттар жиі кездеседі ғой...»- дейді.

P.S Сәбиді туған шешесі қараша айында тастап кеткен екен. Одан бері екі айға жуық уақыт өткен. Шарасыз шарананы бауырына екі айдан астам уақыт басқан отбасының жағдайы қалай болмақ? Екі ай баласынан безіп, бас қайғысымен жүрген 19 жасар жас ана алдағы уақытта тағы да баласын тастап кетпесіне кепілдік бар ма? Сұрақ көп.  Осы жағдайға байланысты сіз не дейсіз, құрметті оқырман?

 

Мұқаш МҰРАТҰЛЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер