Қазақ музыка өнері тарихында өзіндік орны бар, көне ұлттық музыкалық аспабымыз – қылқобызды кәсіби жолмен оқытуда өз мектебін қалыптастырған, сөйтіп, оны заман талабына сай дамытуға ерекше үлес қосып келе жатқан есімі елімізге танымал ұлағатты ұстаз, білікті маман Әбдіманап Жұмабекұлының өнегесі кісі қызығарлық. Ол – 1970 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының қылқобыз класына түсіп, өнерге құштар Базархан Қосбасаров, Қуаныш Әжмұратов, Құдайберген Нұрмановпен бірге әйгілі қобызшылар Жаппас Қаламбаев пен Дәулет Мықтыбаевтан және белгілі ғалым-этнограф Болат Сарыбаевтан тікелей дәріс алып, көне дәстүрді қайта тірілткен талантты қылқобызшы.
Қасиетті қобыз күйлерінің насихатталуына Ә. Жұмабекұлы секілді жанкештілер ерекше еңбек сіңірмегенде, қылқобыз қазіргі биікке көтерілмес еді. Ол ұлттық өнердің осы бір саласының қайта өрлеуі жолында аянбай еңбек етіп, қылқобыздың қайта жаңғырып, қайта түлеуіне өлшеусіз үлес қосты. Яғни, осы киелі аспаптың құлаққа жағымды, жан дүниені жаулап, сезімді билеп алатын сазды да сырлы, сиқырлы үніне жастардың жаппай қызығушылығын тудырып, сүйіспеншілігін оятып, құштарлығын арттырудағы зор еңбегін айтпай тұра алмаймыз. Ол – осы киелі өнерді әрі қарай жалғастырушы ғана емес, заманға сай кәсіби жолмен дамытқан алғашқы профессионал қылқобызшы ретінде таңбаланып қалатын тұлғалы азамат. Осы еңбегі арқылы қасиетті қара қобыздың ғасырлар бойы қалыптасқан орындаушылық дәстүрін ұстап қалды.
Әбекең қобыз тартуды үйретудің мектеп оқушыларына арналған алғашқы оқу-әдістемелік құралдарын жасап, республика бойынша бірінші болып бұл аспапты мектеп қабырғасынан бастап оқыту ісін кәсіби жолға қойды. Содан бері ол әдіскер-педагог ретінде қылқобызды үйрету мен оқытудың әдіс-тәсілдерін жетілдіруден еш жалыққан емес.
А.Жұбанов атындағы республикалық арнайы музыка мектебінде,К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатында және Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда Ә. Жұмабекұлы халықаралық және республикалық конкурстар мен фестивальдердің көптеген лауреаттарын тәрбиелеп шығарды. Олар – қазақ қылқобызын әлемге әйгілеп келе жатқан Әлқуат Қазақбаев, Жанар Жетпісова, Раушан Оразбаева, Батырбек Байназаров, Ақнар Омарова-Шәріпбаева, Ардақ Итекеева, Ағайша Жұрбаева, Алмат Сайжанов, Мақсат Медеубек, Ақерке Тәжібаева, Әділет Әзібаев, Мөлдір Ерболқызы, Олжас Құрманбекұлы, тағы басқалар.
Әбекеңнің сыныбынан бітірген қылқобызшылар бүгінде республикамыздың жоғары музыкалық
оқу орындарында ұстаз, ең маңдайалды оркестрлері мен ансамбльдерінде концертмейстер, жеке орындаушы ретінде танымал. Мәселен, Ә.Қазақбаев (Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері), Р.Оразбаева (мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері), А.Сайжанов Ұлттық өнер университетінде ұстаздық етсе, М.Медеубек, А.Тәжібаева Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында сабақ береді. Ж.Жетпісова («Құрмет» орденінің иегері) Астана филармониясының халық аспаптары оркестрінде концертмейстр әрі жеке орындаушы. А.Итекеева, А.Жұрбаева Құрманғазы атындағы Академиялық оркестрде концертмейстр, солист болса, бірқатары «Ақжелең», «Тұран», «Hassak» секілді танымал этно-фольклорлық ансамбльдер мен облыс орталықтарындағы өнер ұжымдарында, музыкалық оқу орындарында қылқобызды жан-жақты дамытуға өздерінің айрықша үлестерін қосып жүр.
Жоғарыда атап өткендей, Ә.Жұмабекұлы әдіскер-педагог ретінде 1990, 2000, 2013 жылдары республикалық орта арнаулы музыка мектептерінде, колледждерде қылқобыз оқытудың бағдарламасын жасады. Әрі ол мекемелер қазірге дейін осы бағдарламаларды басшылыққа алып қылқобызшы мамандар даярлап келеді. Және осы бағдарламалар аясында дайындаған үш кітаптан тұратын: бастауыш (1-4), орта (5-9) және жоғары сыныптарға (10-12) арналған, әрқайсысы 36 баспа табақ «Қылқобызға арналған хрестоматия» атты жинақтары 2009 және 2012 жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Білім» баспасынан жарық көрді. Міне, осыдан кейін музыка мектептері мен орта және жоғары музыкалық оқу орындарының қылқобыз сыныптарында оқитын түлектер оқулық тапшылығынан біржолата құтылды.
Ә. Жұмабекұлы жоғары және орта арнаулы музыкалық оқу орындары ұжымдарының арнайы шақырулары бойынша еліміздің бірқатар облыстарына барып, қылқобыздан шеберлік сабақтарын өткізіп тұрады. Сонымен бірге, мерзімдік басылымдарда қылқобыз тарихы мен оның орындаушылары жайлы мақалалары жиі жарияланады.
Әбдіманап Жұмабекұлы оқушыларға сапалы білім берудегі елеулі еңбектері үшін Мәдениет және Білім министрліктерінің көптеген грамоталарымен, «КСРО мәдениетінің үздігі» (1990 жыл төсбелгісімен), «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» (1999 жыл) және «Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің құрметті қызметкері» (2003 жыл), «Жаңашыл педагог» (2006 жыл) белгілерімен марапатталған. Иә, бір өзі бүгінде қазақ өнерін дүние жүзіне танытып жүрген жиырмадан астам лауреат тәрбиелеп өсірген, табиғатында қарапайым да кішіпейіл дарынды тұлғаның бүгінге дейін сіңірген ерен еңбегі қандай марапатқа да лайық!..
Кезінде Алматы облысы, Шелек ауданының «Винсовхоз» деп аталатын ауылына Алматыдан барып, осы жалын атқан жап-жас Әбекең мен мөлдіреген инабатты да ұяң қараторы бойжеткен Ләңкеңнің тойында асаба болған едім. Ол кезде Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда Әбекең менен бір курс жоғары оқитын. Тойдың қадірлі қонағы, бүгінгі қасиетті қылқобызшы шәкірттер ұстазының ұстазы, белгілі ғалым-этнограф Болат Шамғалиұлы Сарыбаев ағамыз екі жасқа ақ батасын беріп, ұлы ұстазға жас келін Ләңкең иіліп сәлем салған еді. Ал күйеу жолдас, қазіргі елімізге белгілі дарынды дирижер, сазгер-ұстаз Қарасай Сайжанов еді. Сол тойдағы ақ батамен көгеріп, қазақтың қасиетті қылқобызының шырақшысына айналған Әбдіманап досымызға өнерсүйер қауым түгел тілекші.
Сланқожа ҚАРАҚЫСТЫҚ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
"egemen".kz