Еріктілер – жүрегі «ел деп соққан» еркін ұландар

2378
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлер жылының жабылу рәсімінде сөз  сөйледі.

Айта кету керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі волонтерлік ұйымды дамыту мақсатында 2020 жылды еріктілер жылы деп жариялағаны мәлім. Елбасы жариялаған Жастар жылының заңды жалғасы ретінде болған еріктілер жылы шын мәнінде елге қамқор, қайырымды азаматтардың өте көп екендігін көрсетті.

Шындығында да көпке көмек көрсету, қысылған жанға қол ұшын беру қазақ халқында бұрыннан бар нәрсе. Атап айтар болсақ, асарлатып көмек жасап, ағайынның үйін салу немесе қолғабыс жасау әлімсақтан ұлтты ұйыстырған игі қадам.  Бұл жақсы үрдіс заман өркендеген сайын жақсарып, игі іске айналып келеді.

Расы керек, азаматтық қоғамды дамытуда еріктілер ұйымы елдің рухын көтерді. Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі қабылданған тұжырымдамасында да елімізде еріктілер қозғалысын дамыту және қайырымдылық шараларын ұйымдастыру және оларды ынтыландыру мақсатында іргелі шаралар жүргізілді.

Расы керек, пандемия жайлаған уақытта да волонтерлер қысылған азаматтардың жанынан табылды. Сырқат жандарға көмектесті. Қол ұшын берді.Көмектесті. Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлер жылының жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде нақты айтты.

–Еріктілер жылы жалынды жастарымыздың бойындағы ең асыл қасиеттерді дәріптеген ерекше жылға айналды. Бұл жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Біз мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік. Осылайша, адамгершілік құндылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық. Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірімнің қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті.Сондықтан, Волонтер жылының дәл биыл өтуі уақтылы және орынды болды деп санаймын. Қауіпті дерт ел-жұрттың денсаулығын ғана емес, бекем бірлігін де сынға алды.  Біз бір ел, бір халық болып бұл сынға төтеп бердік. Ауқымды жұмыстар атқарып, көптеген жобаны жүзеге асырдық. Барлық аймақта ашылған Еріктілердің фронт-офистерінде маңызды бастамалар көтерілді. Бұл жұмысқа мыңдаған азаматтарымыз атсалысты.

Отанға қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Расында, жаны таза адам ғана волонтер бола алады. Еріктілер – өзгенің мәселесін өз ісіндей көретін жүрегі кең, ниеті дұрыс жандар.Біздің еліміз дәл осындай азаматтардан кенде емес. Сіздердің қоғам үшін жасаған пайдалы істеріңіз, көпшіліктің ыстық ықыласы  мен ақ батасы – соның айқын дәлелі.

Әрқайсыңыз – шынайы құрметке лайықты нағыз отаншыл азаматсыздар.

Мұны еш күмәнсіз, нық сеніммен айтуға болады. Сол себепті, менің Жарлығыммен көптеген волонтерлер «Халық алғысы» медалімен марапатталды»,-деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Анығын айтсақ, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жасалған еріктілердің  «Сабақтастық». «Саулық»,  «Таза әлем», «Асыл Мұра», «Қамқор», «Білім», «Үміт» бағыты бойынша жасаған көмегі ересен болды.

Осыған орай биылғы жылы  еріктілердің саны екі есеге артып, 100 мыңға жетті. Пандемияның кезінде олардың саны 500 мыңнан асты. Жоғарыда атап көрсетілген жеті бағыт бойынша бір жылдың ішінде  18 қолдау орталығы, 6 мың дайындық орталығы ашылды. 2 мыңнан аса шара өткізіліп, 1 миллионнан астам адамға көмек көрсетілді. Пандемия уақытында 3,5 мыңнан астам волонтер -медиктер, нотариустер, адвокаттар және заң факультетінің студенттері азаматтарға құқықтық тұрғыдан тегін заңдық кеңес беріп, қолдау көрсетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлердің жылының жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде еріктілер ұйымы мен қайырымдылық қорларының заңдық мәртебесі жоқ екендігін айта келіп, ««Менің тапсырмам бойынша «Қайырымдылық туралы» арнайы заң әзірленіп жатыр,- деді. Осыған байланысты Президент үкіметке бірқатар тапсырмалар берді.  Атап айтқанда, қайырымдылық қорларының жұмысы қалыптасу үшін алғашқы жылы жеңіл несие беруді шешу керек. Волонтерлік ұйымдарға мемлекет және  бизнес тарапынан қолдау көрсеткен ләзім. Сондай-ақ қайырымдылық қорлары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін  олардың ресстрін енгізу мәселесін шешкен дұрыс. Сонымен қатар, еріктілер ұйымы жұмысының көкжиегін кеңейту үшін арнайы гранттар бөлген жөн. Мемлекет басшысы еріктілер ұйымына жастар ғана емес, аға ұрпақ өкілдері де белсене қатысып жатқанын айта келіп, волонтерлік қызметті қолдаудың бірыңғай стандартын  жасауды тапсырды.

Расын айту керек, волонтерлер жылы шындығында да  табысты аяқталды. «Адамзаттың бәрін сүй» бауырым»,- деп ақын Абай атамыздың даналық сөзінің ақиқаты айқын көрінді. Бір ғана мысал,  «Қоғамдық бақылау» республикалық тобының үйлестірушісі Саида Таукелева волонтерлер жылында табысты жұмыс істегенін айтады. Дерекпен сөйлесек, «Қоғамдық бақылау» Саида Таукелеваның тобы Қазақстанның барлық аймағында тынымсыз жұмыс істеген.  Пандемия кезінде олар Қазақстанға келіп түсіп жатқан гуманитарлық көмектің таратылуына бақылау жүргізген. Осыған орай олар 5 мыңнан астам мониторингтік шаралар өткізген көрінеді.

Тағы бір мысал,  Президент атап көрсеткен «Birgemiz:umit» жобасы аясында із-түссіз кеткен қазақстандық 566 сарбаздың есімі анықталған. Жоба аясында еріктілер 1 мыңнан аса жоғалған азаматтарды іздеуге атсалысқан. Волонтерлер хабарсыз кеткен 50 адамды табуға көмектескен. Біздің еріктілер Қазақстанда ғана емес, БҰҰ дамыту бағдарламасы жұмысы аясында Иордания, Кения және Түркия елдерінде де жұмыс істегені мәлім болды.  Мысалы, «Еріктілер лигасы» қоғамдық ұйымының жетекшісі Айсұлу Ерниязова  еріктілер жылын жариялап, жұмыстың бұқаралық сипат алуына кықпалын тигізген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдіреді. Оның сөзіне сенсек, әрбір сегізінші қазақстандық еріктілер қатарын толтырып тұр.

Рас, азамыттық қоғамды дамытуда еріктілердің еңбегі ерен. Жаны қысылған жанның жүрегі мейірім мен ізгілікті іздейді. Ал жақсы адамдар айналаңызда толып жұр. Солардың бірі – еріктілер тобы. Олар адамзатты «бауырым» деп сүйеді. Еріктілер ерігіп жүрген жоқ. Олар жан-тәнімен елге көмектесіп жүр.

Пікірлер