Байқаушыларға байланысты бап

1931
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда 2021 жылдың 10 қаңтарында Мәжіліс және мәслихат сайлауы өтетіні белгілі. Қазіргі уақытта еліміздегі тіркелген бес партия Орталық сайлау комиссиясына тіиісті құжаттарын өткізіп, сайлау науқанына дайындықты қызу жүргізіп жатыр.

Ақиқатын айту керек, бұл қоғам үшін маңызы зор сайлау. Сайлауда Қазақстан халқы өз таңдауын жасайды. Соның арқасында парламентке жаңа азаматтар келеді. Ал қай партия қанша дауыс алады, ол енді халықтың жасаған таңдауына қатысты болатыны сөзсіз.

Қалай айтақанда да, сайлауда заң бұзушылыққа жол берілмеуі керек. Бәрі заң аясында өткені дұрыс. Бұл ретте шетелдіктермен қатар, сайлау учаскелеріндегі заңдылықты өз байқаушыларымыз да қатаң бақылайтын болады. Ең алдымен байқаушылардың өзі қолданыстағы заң аясында қызмет көрсетуі тиіс. Жөнсіз байбалам шығарып, ерсілі-қарсылы жүріп, рұқсатсыз суретке, видеоға түсіре беруге болмайды. Негізі Бауыржан Момышүлы айтқандай, «тәртіпке бас иген құл болмайды».

4 -желтоқсан күні Орталық сайлау комиссиясы  Мәжіліс және мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша сайлау процесіне қатысушылардың жекелеген санаттарының өкілеттіктерін іске асыру мәселелері туралы заң актілерін немесе  ережесін  қабылдады. Мұнда не жазылған? Сонда байқаушылардың құқы қандай болады? Мұнда нендей өзгерістер бар?

Расын айту керек, бұрынғы болып өткен сайлауда, сайлау  учаскелерінде байқаушылар процесті суретке түсіріп, тіпті әлеуметтік желіде тікелей репортаж жасай беретін. Бұл белгілі бір деңгейде сайлаушылардың таңдау еркіндігіне көп  кедергісін келтіретін.

4 –желтоқсан күнгі жарыққа шыққан заң актісінде шектеулер жоқ. Бәрін де заң шеңберінде жүзеге асыру көзделген. Байқаушылар учаскелік сайлау комиссиясының отырыстарына еркін қатыса алады.

Бұл бір. Екіншіден, бұрынғы сайлауларда кез келген адам мемлекеттік емес мекеменің атынан сайлауға бақылаушы болып қатыса беретін. Бұл жолы олай емес. Заңдылыққа сәйкес, байқаушыны сайлау учаскесіне жіберген мекеменің немесе ұйымның жарғысында оның қызметі, яғни байқаушыны жібере алатыны атап көрсетілуі тиіс. Өйткені парламенттік сайлау мемлекеттік маңызы бар қоғамдық саяси шара. Сондықтан қоғамдық бірлестіктер немесе үкіметтік емес ұйым болсын, олардың бір қызметінің  бағыты сайлауға қатысы  болуы керек. Сонда ғана сайлау учаскесінде жүйелік тәртіп орнайды. Мысалы, шетелде ондаған жылдар тарихы бар  осындай іргелі үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер өз еліндегі сайлауға байқаушы, бақылаушы ретінде заң шеңберінде кедергісіз еркін қатыса алады. Өйткені қоғамдық ұйым болсын, олардың жарғысында сайлауда қадағалау жұмысын атқара алатыны атап жазылған. Біз де сол жүйеге келе жатырмыз немесе енді көштік. Мысалы, сайлауға қатысып жатқан партия өз адамын байқаушы ретінде сайлау учаскесіне тіркеп, отырғыза алады. Оларға мұндай мүмкіндік берілген. Ал байқаушының жөні басқа.

Сайлау додасына қатысып жатқан кез келген партияның сенім білдірген адамы ол ең алдымен Қазақстан азаматы болуы тиіс. Бірақ байқаушы сайлау учаскесінде болатын  кейбір заңсыздықты көрген жағдайда айқай-шу тудырып, заңның аясынан шығып кетпеуі керек. Ол қалай болғанда да сайлау комиссиясы белгілеген тәртіп ережелерін сақтауға міндетті. Мысалы, сайлауға дауыс беруге келген адамды процес барысында оның келісімінсіз фотоға түсіруге және оны таратуға болмайды. Бұл Азаматтық кодексінің 145-бабы. Бұл бір. Екіншіден, бұл жеке адамның құпиялылығын сақтау туралы «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына негізделгенін де айта кету керек. Суретке түсіру мен бейнежазбалар тарату үшін онда бейнеленген азаматтардың келісімін алғаннан кейін ғана барып іс жүзеге асады. Осы бапты байқаушылар сайлау барысында терең білуі тиіс.

Жалпы қоғамның бірлестіктер немесе үкіметтік емес ұйымдардан сайлауға байқаушылардың қатысуы құптарлық іс. Бірақ бұл қоғамдық сананың саясиланып кетуі емес. Бұл елдегі демократиялық құндылықтардың толыққанды дамуы мен азаматтық қоғамның қалыптасуын көрсетеді. Сондықтан байқаушылардың сайлауды бақылап отыруы заңдылық.

Жалпы атап өтер бір жайт, сайлаудың заң аясында әділ өткені дұрыс. Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  та айтты. Президент Мәслихат пен Мәжіліс  сайлауының әділ, ашық таза өтуіне кепілдік беріп отыр. Сондықтан да сайлауға бару керек, белсенді түрде қатысу керек. Сөйтіп ғана біз заң шығарушы орган парламентке баратын партия мен халық депутаттарын дұрыс таңдай аламыз.

 

 

 

Пікірлер