Электрондық үкімет және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің деңгейін көтеру – ел басшылығы мен Министрлік жұмысының маңызды бағыттарының бірі.
Өмір бойы, әртүрлі өмірлік жағдайларда, әрбір азамат мемлекеттік қызметтерді алу қажеттілігіне тап болатыны даусыз. Бірі некесін заңды тіркеуге ниеттенсе, екіншісі баласының өмірге келуіне байланысты оған туу туралы куәлік алғысы келеді, тағы біріне емханаға тіркелу қажеттілігі туындаса, енді біреуге өз бизнесін заңды тіркеу керек болады. Осылар тектес біздің өмір сүруімізге қажетті қызмет түрлері жетерлік. Қазіргі күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік тізілімінде олардың саны 740 құрап отыр. Осы 740 түрлі қызметтің 71,9 пайызы толығымен автоманттандырылған және бір терезе қағидаты бойынша ұсынылады.
Еліміздің азаматтары мемлекеттік қызметтерді egov.kz порталы арқылы, MGov мобильдік қосымшасының және Телеграм-бот арқылы онлайн түрде, немесе еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан барлығы 359 Халыққа қызмет көрсету орталықтарының кеңселері арқылы офлайн түрде де ала алады.
2019 жылдың 6 айында Қазақстандықтар барлығы 23,5 млн қызметті "Электрондық үкімет" порталы арқылы, ал 15 млн қызметті "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының кеңселері арқылы алған.
Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру "Цифрлық Қазақстан"мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Осы бағыт шеңберінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру үшін мемлекеттік органдардың барлық процестері мен жүйелерін интеграциялау және қағаз құжаттар мен анықтамаларды алып тастау жоспарланып отыр.
Бүгінде министрліктер мен ведомстволардың жүйелерін ықпалдастырудың арнайы жоспары әзірленіп, іске асырылуда, соның арқасында әртүрлі ведомстволық жүйелер арасында деректермен автоматты алмасу жолға қойылады. 2019 жылы 196 интеграция, ал 2020 жылы тағы 39 интеграция болады деп жоспарлануда.
"Smart Bridge"жобасы өзара ықпалдасу процесін жеделдетуге арналып отыр. Оның мақсаты мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелері мен дерекқорлары үшін бірыңғай платформа құру, сондай-ақ барлық интеграциялық рәсімдерді жеңілдету болып табылады.
Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру бойынша жұмысқа барлық мемлекеттік органдар-қызмет көрсетушілер тартылған. Бұл үдерістің үйлестірушісі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.
Бұдан басқа, "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде, сондай-ақ Тұңғыш Президенттің "Болашақтың цифрлық экономикасын", атап айтқанда "ауқымды деректер" және "жасанды интеллектті" дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында "деректердің бірыңғай қоймасы" жобасын енгізу күтілуде.
2020 жылдың 10 желтоқсанында өткен Ведомствоаралық комиссияның отырысында цифрландыру мәселелері талқыланған еді.
Отырыста жоғарыда айтылған мәселелер, мемлекеттің, осы салаға жауапты министрлік пен мемлекеттік органдардың жүзеге асырып жатқан, болашақта жүзеге асырылуы жоспарланған іс-шаралар жайында сөз қозғалды.
Сонымен қатар «Цифрлық құжаттар» жобасын іске асыру бойынша міндеттер, қызметтерді үздіксіз ұсыну мүмкіндіктері және басқа да мәселелер қаралды.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құжаттардың түпнұсқасын ұсыну қажеттілігін болдырмайтын «Цифрлық құжаттар» сервисін іске асырғандығы атар өтілді.
Қазіргі уақытта Сервисте мынандай 9 құжат ұсынылған: Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі, некені тіркеу немесе бұзу туралы, баланың тууы туралы және атын, тегін, әкесінің атын өзгерту туралы куәліктер, жүргізуші куәлігі, білімі туралы диплом, студенттік билет, ПТР-тест нәтижесі.
Ағымдағы кезеңде бұл құжаттарды заңды түрде қолдануға болады. Өйткені «Ақпараттандыру туралы» заңда электрондық құжаттар цифрлық құжаттар сервисі арқылы қалыптастырылады, тексеріледі және пайдаланылады, яғни қағаз құжаттармен қатар қолданыла алады деген норма енгізілген.
Тағы бір елең еткізген жаңалық, ол құжаттардың түпнұсқаларын міндетті түрде ұсыну талап етілмейтін процестерді оңтайландыру бойынша ұсыныстар берілді. Құжаттың электрондық нұсқасының заңды күші бола тұра, қағаз жүзіндегі тұпнұсқасын талап ету негізі артық екені даусыз.
Сонымен қатар, 2020 жылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 90% - дан астамы электрондық форматта қолжетімді болады. Бұл ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмысының өзектілігін арттырады. Сол себепті ақпараттық жүйелердің іркілістерін үздіксіз қамтамасыз ету және мониторинг жүргізу мақсатында қазіргі уақытта «Зерде» Ұлттық инфокоммуникация холдингі » АҚ технологиялық процестерге қатысушылар арасында жауапкершілікті шектеу бойынша «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлескен жұмыстар жүргізуде.
Осы жұмыстарды оңтайландыруға мүмкіндік беретін SLA (Service Level Agreement, Қызмет көрсету деңгейі туралы келісім) қағидаты бойынша мемлекеттік органдармен келісімдер жасауды қамтамасыз ету ұсынылды.
Азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша электрондық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді қағаз нысанда беруді болдырмау бөлігінде 25 Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.
Қызмет көрсету нәтижесі қызметті алушының Egov порталындағы жеке кабинеті арқылы қолжетімді азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы QR-коды бар электрондық анықтама болатыны күтілуде.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Ауыл шаруышылық министрліктерінде сұранысқа ие қызметтер де қаралды.
Осылайша, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Білім және ғылым министрлігімен бірге әлеуметтік сипаттағы білім беру қызметтері бойынша белсенді форматты енгізуді жоспарлауда. Мысалы, үйде тегін оқыту, мектеп жанындағы лагерьлерге мектеп оқушыларына жолдама беру, ауылдық мекендерге тегін жеткізу және жеңілдікпен тамақтану.
Болашақта пернетақтаны түртіп қана, компьютердің экранына қарап отырып, барлық шаруаны тындырып, қажетті құжаттардың барлығына қол жеткіземіз деген сенім зор.
Ерке Жомарт,
«Адырна» ұлттық порталы