Биылғы көктем әлем халықтарының есінде мәңгі сақталары сөзсіз. Коронавирус індеті жаппай тарап, жер планетасының тұрғындарын әбден абдыратты. Жұқпалы аурудан сақтану мақсатында екі ел арасындағы шекаралар жабылып, мемлекет тұрғындары карантинге үйлеріне қамалды. Адамдардың осыған дейін күнкөрісіне жарап тұрған жұмыстары тоқтады, кейбірі тіпті қысқаруға ілігіп, табыссыз қалды. Сондай елдің бірі Қазақстан. Біздің елде де көктемгі карантиннің салдарынан жұмыссыздық деңгейі күрт өсіп, халықтың күнкөрісі күн санап төмендеп барады.
Сақтық шаралары ретінде үйінде отырған миллиондаған адамына Қазақ үкіметі тарапынан қолдау ретінде 42500 теңге жәрдем ақы төлеу қарастырылды.
Пандемияға байланысты басқа елдер де Қазақстан сияқты халқына қолдау көрсетіп пе? Көрсеткен болса, қалай көрсетіпті? Төменде осы сұрақтардың жауабын қарастырып көреміз.
Сонымен, Тайвань елінде көптеген компанияның жұмыссыз қалған әрбір азаматына алты ай бойы ай сайын 11 000 тайвань долларын (шамамен 140-150 мың теңге) төлеуге жарлық шыққан. Ал бұл елдің дәрігерлеріне де осы көлемдегі ақша күн сайын (!) төленіпті.
Германияда жеке кәсіпкерлер үш айға жәрдемақы алса, ал қарапайым жұмысшылар жартылай жұмыс күніне ауысқан. Жұмыс күні қысқаруына байланысты жалақы да азайған. Алайда мемлекет тарапынан 60 пайыздық үстеме ақы беріліп отырған.
Италияда көптеген өндіріс орындары жұмысшыларын міндетті демалысқа жіберген. Әрі карантин, әрі демалыс болатын бұл уақытта әрбір азамат жалақысының 80 пайызын алып отырған. Ал мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалары бар ата аналарға мемлекет тарапынан 500 еуро өтемақы ретінде үлестірілген.
АҚШ-та шағын кәсіптің иелеріне берілетін несие көлемі 50 млрд долларға арттырылып, салық төлемдерінен босату қолға алыныпты. Әрбір отбасыға 3000 доллар жәрдемақы берілген.
Францияда экономикалық көмекке деп 45 млрд еуро бөлінді. Сонымен қатар шағын және орта бизнеске 3000 млрд көлемінде грант берілген.
Чехия мемлекеті халқының 80 пайыздық жалақысын төлеген. Сондай-ақ жұмыссыз қалған немесе 13 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға карантин кезінде ай сайын 500 еуро төлеуге бұйрық шығарды.
Австрияда да ең алдымен елдегі ірі бизнес салаларына арналған пакеттер дайындалып, 4,4 млрд еуро бөлінген.
Японияда шағын және орта бизнес үшін $4 млрд бөліп, бұл соманың жартысы жұмыссыз қалғандарға жәрдемақы ретінде қарастырылыпты.
Польша азаматтарының жалақысының 40 пайыздық көлемін карантин кезінде жәрдемақы ретінде қарастырылған.
Данияда жеке компания жұмысшыларының 75 пайыздық жалақысын мемлекет тарапынан төлеу қол алынған. Ал қалған 25 пайызды компаниялар өздері төлеген.
Оңтүстік Корея 14 сәуірде орташа жалақыдан төмен жалақыға күні қарап қалған әрбір азаматқа 1 млн вон ($820) төлеуге арнайы қаулы шығарыпты.
Сингапурда да елдегі 21жастан асқан әрбір тұрғынға 600 сингапур долларын ($417) төлеуді ұйғарған.
Австралия билігі зейнеткер, аз қамтылған отбасыға, ардагер мен жұмыссызға және жүкті әйелдерге 750 австралиялық доллардан төлеген.
Испанияда мамыр айынан бастап ай сайын пандемиядан күнкөрісі қиындаған әрбір азаматқа 500 еуродан төлеуді бекітіпті.
Француз билігі жұртқа ақша таратумен айналыспапты. Есесіне карантин кезінде әрбір француз коммуналдық төлемнен толық босатылған.
Греция үкіметі әрбір азаматқа бір реттік жәрдемақы ретінде 800 еуро төлеуге шешім қабылдапты. Сонымен қатар әр балаға арнайы 90 еуро көлеміндегі жәрдемақы тағайындалған. Бұл аз десеңіз, медсақтандыру карантин кезінде түгел мемлекет есебінен төленсе, несие төлеу мерзімі үш айға шегерілген. Ал ең бастысы, халықтың жалға алған үйінің 60 пайызын төлеуді мемлекет өз мойнына алған.
Кипрде жұмыссыз қалғандар мен бар жұмысынан айырылып қалғандарға және студенттерге ай сайын 750 еуродан жәрдемақы төленген.
Миллиардтаған халқы бар Қытай да азаматтарына келгенде аянып қалмапты. Әрбір қытайға бір реттік 1200 доллар жәрдем ақша бөліп, пандемия кезінде тарығып қалмауына аса көңіл бөліпті.
Гонконг билігі «дағдарысқа қарсы жәрдемақы» деп әрбір азаматқа 1300 доллардан ақша үлестірген.
Жоғарыда сөз еткен ақшалар сомасы қазақстандықтар үшін бос сандар секілді көрінуі әбден мүмкін-ау. Десек те, дәл осы тақырыпқа неміс, ағылшын, поляк журналистері осындай мақала жазса... таңғалып, жағасын ұстар ма еді, қайтер еді? Орта Азиядағы жері кең, байлықтың үстінде отырған қазақстандықтар пандемия кезінде 42500 теңге жәрдемақы алыпты деп көздеріне жас алар ма еді, кім білсін. Әрине, АҚШ, Германия секілді алпауыт елдермен Қазақстанды салыстыру қисынға келе қоймас. Десек те, жерінің асты да, үсті де байлыққа малынған Қазақ елінің 20 миллионға жетер-жетпес адамдарына карантин кезінде қаржылық көмек көрсетуге биліктің шамасы келмеді дегенге де ешкім сенбесе керек-ті.
Меруерт ХУСАИНОВА,
«Адырна» ұлттық порталы.
Фото ашық дереккөзден алынды.