Талас Омарбеков: 1916 жыл: ұлт зиялыларының көзқарасы

15515
Adyrna.kz Telegram

Алматы қалалық Орталық мемлекетік мұрағатында Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен "Адырна" ұлттық-этнографиялық бірлестігі  "1916жылғы көтеріліс - мұрағат деректерінде" тақырыбымен дөңгелек үстел өткізді.  Осы дөңгелек үстелде басты баяндама жасаған т.ғ.д., профессор Талас Омарбековтың баяндамасының толық нұсқасын ұсынып отырмыз.

1916 жылға тарихи көзқарас негізінен кеңестік заманда талқыға түскенін бәрімізде жақсы білеміз. Таптық маркстік-лениндік ұстаныммен зерттеу жүргізуге мәжбүр болған тарихшылар бұл оқиға туралы аса маңызды тарихи шындықтардан жалтарып, оның ресми большевіктік билікке қолайлы тұстарын ғана әңгімеледі. Егер мәселе тек осылай біржақты қойылған болса, сол заманның идеологиясының кемшін тұсы ретінде бұған да түсіністікпен қарауға болар еді. Алайда кеңестік тоталитарлық жүйе тарихи шындықтың толық айтылмауын қанағат тұтпай, енді 1916 жыл оқиғаларын қазақ ұлтына адал берілген қазақ зиялыларын айыптау және қуғындау құралына айналдырды. Бір өкініштісі, осы бағытта  негізінен пікір білдірушілер большевиктік таптық бағытты ұстанушы өзіміздің қазақтар болды. Солардың бірі белгілі қайраткеріміз Әліби Жанкелдин: “...байлар интеллигенциясына патша үкіметінің жағына шығу тән болды. Орынборда қазақ тілінде басып шығарылған “Қазақ” газетінде феодал-байлар интеллигенциясы патша армиясына баруға, мобилизацияланғандарға арнап киім және тамақ дайындауға шақырды”, - деп жазды (Жангельдин А.И. Из воспоминаний «Мой путь».// Қаһарлы 1916 жыл (құжаттар мен материалдар жинағы).-Алматы,1997. Т.2.-128 б.). Мұнда тарихи шындық біршама дұрыс баяндалғанымен, қазақ ұлттық интеллигенциясы неліктен осындай қадамдарға барды?- деген сауалға жауап жоқ.

oom-4

Таптық ұстанымдағы алғашқы қазақ тарихын жазған Санжар Асфендияров болса өзінің 1916 жылға байланысты зерттеуінде М.Тынышпаевтың, Б.Қаратаевтың және Ж.Сейдалиннің осы мәселеге байланысты пікірлеріне шолу жасай отырып, қазақ ұлттық интеллигенциясының 1916 жылы ұстанған бағытына “қорқақтық”, “сатқындық”, “орыс монархтары алдындағы жиіркенішті жағымпаздық” — деген тәрізді сорақы айыптауларға негізделген біржақты бағалар берді (Асфендиаров С.Д. История Казахстана.(с древнейших времен). Алматы,1993.-289-290 бб.).

Алайда мұндай көзқарастардың тарихи шындықтың терең тамырларынан бастау алмайтыны, сондықтан да біз әңгімелеп отырған мәселе тарихын қаз-қалпында сипаттай алмайтындары Алаш қозғалысына қатысқан қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілдерінің өздерін тыңдағанда айқындала түседі. Солардың бірі және бірегейі Міржақып Дулатов аталмыш оқиғадан арада 10 жыл өткеннен кейін “Еңбекші қазақ” газетінде 1926 жылы жазған мақаласында 1916 жылғы қазақтан қара жұмысқа жігіттер алу туралы маусым жарлығы шыққаннан кейінгі ауыр ахуал жағдайындағы қазақ интеллигенциясының дағдарысты көңіл-күйін төмендегідей бейнелейді: “...бір күні төбеден түскен жайдың оғындай июнь жарлығы сарт ете түсті. Бұл жарлықтың бізге жайдың оғындай көрінуі - қалың қазақ еліне оның әсері қандай болатындығын сезгенімізден еді. Бұл жарлықтың қазақ арасына қалай тарайтыны, қазақ елі не күйге ұшырайтыны көз алдымызға елестей қалды.

Өз өмірімізде басымызға тумаған ұлы дағдарысқа ұшырадық. Қайтпек керек? Не істейміз? Елге не айтамыз? Біздің басшылығымыз қандай болмақ керек? Елдің ризалықпен көнгісі келмейтіні, балаларын бергісі келмейтіні, “соғыс”, “солдат” деген сөздерден өлердей қорқатыны, патша өкіметіне сенімі жоқтығы белгілі. “Көнбе, берме” дейміз бе? Оның түбі не болады? Немізге сеніп, “Көнбе” дейміз? Көнбейтін күшіміз қайда? Біздің ұйымда күш жоқ. Барар жер, басар тауымыз белгілі... Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен қалқақтап келе жатқан надан қазақ, орыс өкіметінің табанында езіліп келе жатқан бишара қазақ көнбеймін десе қор болмай ма? Көнгені дұрыс па екен? Екеуінде де зиян бар екен. Екі зиянның қайсысы жеңіл болар екен?

Міне, біздің басымызды даң қылған, миымызды ашытқан, ұлы дағдарысқа қалдырған сұраулар осылар еді. Қайткенде бізге бұл жолдың біріне түспеске болмады” (Дулатов М. 1916 жыл. ».// Қаһарлы 1916 жыл (құжаттар мен материалдар жинағы).- Т.2. 64 б.). Иә, міне бүкіл қазақты тығырыққа тіреген мәселе шындығы! Кезінде осындай қыспақтан шығар жол таңдаған Міржақып Әлихан Бөкейхановпен және Ахмет Байтұрсыновпен бірігіп жоғарыдағы дағдарыстан шығудың төмендегідей бағытын ұсынған еді: патша шешіміне “көнгенде жұртқа қандай ауырлық бар, көнбегенде қандай ауырлық бар? Көнгенде шаруаға кемшілікте келер, барған жігіт қазаға да бейнетке де ұшырар, бірақ елдің іргесі бұзылмас (қазаға ұшырар деп ауру-сырқаудан болған қазаны айтамыз, әйтпесе солдат қылып алмайды, соғыстан өлмейді) - Көнбегенде көретін ауырлық: бағынып тұрған үкіметтің жарлығынан бас тартсақ, жау жағадан алғанда, бас қорғап үйде қаламыз деп мемлекетке қамшымыздың ұшын бермесек, үкімет құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар, ол күшті законға сүйеніп істер...

Міне, біздің екі ауырлық дейтініміз осы. Бірі — барса шаруаға кемшілік келіп, алынған жігіттер аз қазаға бейнетке ұшырағаны, екіншісі бармаймын деп қарсылық қылса, елге келетін зор бүліншілік. Осы екі ауырлықтың жұрт қай жеңілін таңдауы керек. Біздің білуімізше, жеңілі — көнген.

omm

Ал ел көнді, көнгенде не істеу керек? Ел басшысы адамдар әділдікпен спискті өздері түзеп беру керек. Мынау жақсы, мынау жаман, мынау бай, мынау кедей деп бөлмей, сатылмай дұрыстықпен іс қылу керек” (Әлихан, Ахмет, Мыржақып. Алаштың азаматы.// «Қазақ» газеті.-Алматы,1998.-322 б.).

Көріп отырғанымыз, Алаш қозғалысы қайраткерлері патшаның маусым жарлығына амал жоқ мойынсұнған, қалыптасқан қиын ахуалды таразылай келе артын ойламай, ашу жетегіне ілескен бейбіт халықты патша үкіметінің мұздай қаруланған және жақсы үйретілген жазалаушы әскеріне қарсы қойып қырып алмауды ойлап, халыққа «патша жарлығына көніңдер» деп кеңес беруге мәжбүр болған. Алайда, Алаш көсемдерінің осындай, бәрінен бұрын халық қамын ойлаған ізгі ниеті Алаш қозғалысы басшыларын керісінше, халыққа қарсы тұлғаларға айналдырып, тіптен оларды адамгершіліктен жұрдай етіп баяндауға құштар кеңестік тарихнама назарынан қасақана ілінбей қалды. Осы жерде мынаны да айтпауға болмас: алаш зиялылары қалың қазаққа жанашыр болып ғана қоймай, күші басым отаршыл жүйе құрсауына, орыс аюының қайырымсыз құшағына аңдаусызда түсіп қалмай, өздері армандаған жарқын болашаққа қантөгіссіз баруды да ойластырды.

Қазақ ұлттық интеллигенциясы көзқарасына жасалған талдау оның болашақ саяси төңкерістен үміт күткенін, бірақ ол төңкерістің нақты қашан болатынына көздері жете қоймағанын көрсетеді. Десек те, әрқашан да либералдық демократия жолын ұстанған ұлт зиялылары өздері әрқашан адал қызмет жасап келген қазақ ұлтының мүдделерін төңкеріс жолында құрбан етуге де  бара қоймаған болар еді. Төңкерісті пайдаланып, жеке бас мүддесін күйттеп, билікке қол жеткізу Алаш зиялыларына жат нәрсе еді. Осының мысалы жоғарыдағы М.Дулатовтың “Еңбекші қазақ” газетінде 1926 жылы жазған мақаласындағы төмендегідей жолдар: “Төңкеріс жолында қазақ жұрты құрбан болып-ақ кетсін деуге дәтіміз шыдамады. Сондықтан, біз екінші жолды қаладық - көну керек дедік. Осыған бел байлағаннан кейін елге көзіне айтатын сөзіміз де, басшылығымыз да осы бетте болды. Тек неше түрлі сылтаумен соза беру жағын ғана ескеріп отырдық: пішен шабатын кез, егін оратын кез бірінің артынан бірі келе жатыр мәулет сұраңдар дедік, халық әлі түсінген жоқ, әбден түсінсін, осыған пұрсат сұрау керек дедік” (Дулатов М. 1916 жыл. ».// Қаһарлы 1916 жыл (құжаттар мен материалдар жинағы).- Т.2. 63-64 б.).

Халықтың қарсыласамын деп қанға бөгіп қырылып қалмауын ойлаған Алаш зиялыларының мұндай адамгершілікті басшылыққа алған гуманистік көзқарасы өзінің ұлтына деген сүйіспеншілігінің, оған шексіз берілгендігінің тағы бір айқын көрінісі еді. Қазақстанның тәуелсіздік алуынан кейінгі кезеңде жарық көрген қазақ зерттеушілерінің еңбектері бұл пікірді нақты мұрағат және баспасөз деректеріне сүйене отырып, ғылыми тұрғыдан нақты дәлелдеп берді. Сондықтан да бұл мәселеге біз тоқталып жатпаймыз. Дегенмен де осы орайда назар аудармауға болмайтын тағы бір маңызды мәселе - қазақ зиялыларының патшаның маусым жарлығы шықпай тұрып-ақ “Қазақтан солдат алынады ма?” деген сауалға жауап іздеулері еді. Қазақ зиялыларын бұл о бастан-ақ қатты ойландырып, олардың бұл жөнінде өздерінің көзқарастарын төмендегідей тұжырымдағандары белгілі:

Қазақтан соғыс үстінде солдат алынбасын; солдат алудан бұрын метірке түзеу үшін муфтилікке қарасын; лажсыз алынатын болғанда, жаяу солдат болмай, атты әскер болу, қазақ-орыспен жер-су һәм правода теңгерілу» (Дулатов М. Дума һәм қазақтың мәселесі.//«Қазақ» газеті.-Алматы,1998.-270 б.).

Осы аталған жоғарыдағы мемлекеттік органдарға қазақ зиялыларының қойған талаптарының әсіресе үшінші бабы олардың туған халқына деген жанашырлығын тағы да дәлелдей түседі. Кезінде мұны кеңестік тарихшылар да байқады және өздерінің “зерттеу еңбектерінде олар, “Қазақ” газеті мен ұлттық демократиялық интеллигенцияның бұл мәселеде ұстанған бағытын бұрмалап, “буржуазиялық интеллигенция халықтың сыртынан үкіметпен ымыраға келіп, іс жүзінде әскерге қазақтан адам алуды жақтады” деген сияқты ұшқары  пікір айтқанда, жоғарыда берілген үш пункттен тұрған тұжырымның алғашқы екеуін жауып қойып соңғысына ғана сілтеме жасайтын (Қойгелдиев М. 1916 жылғы көтеріліс және ұлт зиялылары// «Қазақ тарихы», 1995.№2. -35 б.).

Кейінірек, патшаның маусым жарлығы жарық көріп, үкімет қазақты cолдаттыққа емеc, тыл жұмысына алу туралы шешімге келгенде де қазақ зиялылары 17 тармақтан тұратын, Ә.Бөкейханов, О.Алмасов және М.Дулатов қол қойған өздерінің патша үкіметіне тапсырған талап-тілектерінде тыл жұмысына шақырылатын қазақтарға қамқорлық жасауды патша үкіметінен арнайы талап еткені белгілі (7 август кеңесінің қаулысы.//«Қазақ» газеті. -Алматы, 1998. -325б.). “Қазақ” газетінде жарық көрген “Соғыс майданында қазақ жұмыскерлер” деп аталатын мақалада қазақ интеллигенциясы былай деп жазды: “Қазақ жұмыскерлерді ренжітпей жақсы ұстау үшін, мынадай шарттар қойылсын:

  1. Қазақтар өз алдына қос болсын. Өз арасынан ақсақал сайласын, тіл білетін тілмәштары болып, дружина бастықтарымен сөйлесу, хабарлау үшін;
  2. Намаз оқу секілді құлшылықтарынан тыйылмасын, қажет орны болса, табуға мүмкін болғанда араларына молда қойылсын;
  3. Тамақтары: шай, қой еті, түздаған сиыр еті болсын. Шошқа етін беруге болмайды. Ұн, тары, май, ет, шайлар қолдарына берілсін. Өз араларынан аспазшы сайланып қойылсын;
  4. Қазақтардың таза тұруына көз салынсын” (Соғыс майданындағы қазақ жұмыскерлер. //«Қазақ» газеті.-Алматы,1998.-310 б.).).

Өкінішке орай кеңестік кезендегі тарих ғылымы қазақ ұлттық интеллигенциясының тыл жұмысына алынған қазақ жігіттеріне көрсеткен көмегі туралы мүлде жазбауға, тіптен бұл мәселені ауызға алмауға тырысты. Қазақ интеллигенциясы патшаның маусым жарлығы шығысымен-ақ, қалыптасқан ауыр ахуалда туған халқына қолынан келген көмегін аянып қалмады. Тыл жұмысына шақыруды кейінге қалдыру әрекеті, халықты көтеріліске шығып, орынсыз алынған қазақтар арасына өз еріктерімен барып, олардың ауыртпалықтарын жеңілдетуге тырысу - міне туған халқының басына тұтқиылдан түскен ауыртпалықтарды жеңілдетуге тырысқан осы әрекеттердің бәрі кезінде кеңестік әдебиетте орын алған қазақ интеллигенциясын өзінің туған халқының мүддесіне қарсы қою әрекетінің қисынсыздығын тағы да дәлелдей түседі. “Ал мұның өзі,- академик Кеңес Нұрпейісовтың сөзімен айтар болсақ, - көп жылдар бойы айтылып та, жазылып та келген Алашорда 1916 жылғы көтеріліс кезінде ұлттық мүддеге сатқындық жасады деген пікірдің сыңаржақ тұжырым екендігін көрсетеді” қырылып қалудан сақтандыру, сонымен бірге тыл жұмысына (Қараңыз: Алаш һәм Алашорда. - Алматы,1995. - 68 б.).

Осындайда айта кеткен жөн, тәуелсіз тарихнамамызда  25 жыл бойы, күні бүгінге дейін жеткілікті назар аударылмай келе жатқан мәселенің бірі — 1916 жылғы көтеріліс сипатына саяси қуғындалған қазақ интеллигенциясының көзқарасы туралы мәселе.

1916 жылғы және 1917 жыл басындағы “Қазақ” газетінде жарық көрген материалдар қазақ зиялыларының о баста, 1916 жылғы көтерілісті жалпыхалықтық көтеріліс ретінде мойындамай, оны қазақтың тыныш өмірін тас-талқан еткен “бүліншілік” ретінде қабылдағанын көрсетеді.  Халықтың ақылға емес, ашуға ерік беріп, бас көтерулерін көзі ашық, Ресейдегі азаттық қозғалыстары тарихынан жан-жақты хабардар Алаш қайраткерлерінің қолдай қоймағанына түсіністікпен қараған жөн. Алайда елдің азаттыққа ұмтылған өршіл ерлігі де осы оқиғадан соң біраз уақыт өткен соң, Алаш зиялылары тарапынан жоғары бағаланып, олар оны «дарияның қуатты толқынына» теңеді. Нақтылыққа жүгінер болсақ, арада 10 жыл өткен соң Ә.Бөкейханов бұл наразылықтың көтеріліс болып табылатынын атап көрсетіп былай деген еді: “...Қазақ-қырғыздың көтерілісі қалың елдің дариядай толқыны. Дауыл болса ғана дария толқиды. Қалың елді қарғыс атқан билесе, қанды саясат қолданса, бұған қарсы ел де толқиды. Бұл сықылды қозғалысты қорлықтағы өзге жұрттар құлағына сырға қылып таққаны оң болады... Өрт қиырға жайылып барады. 1916 жылғы қазақ-қырғыз көтерілісі осындай өрттің тамызғысы болып шығады. Алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ері құлдықтан, әйелі күңдіктен шықпайды, малына да басына да ие болмайды” (Қыр баласы. ».// Қаһарлы 1916 жыл (құжаттар мен материалдар жинағы).- Т.2. -247 б.).

Ал енді Ә.Бөкейхановтың осы сөзі кеңестік режимнің орнығуы жағдайында айтылғандықтан, онда көтерілістің ұлттық немесс ұлт-азаттық сипаты туралы пікірдің болмауы түсінікті еді.

Алаш қозғалысы қайраткерлері арасынан жалғыз өзі ғана шет елге ауып, онда өзінің пікірін еркін айтуға мүмкіндік алған Мұстафа Шоқай бұл мәселеге әлдеқайда терендеп, қазақ көтерілісінің ұлттық сипатын батыл айта алды. Ол өзінің 1916 жылдың 15 жылдығына байланысты жазған “1916 жылғы ұлттық қозғалыс туралы большевиктердің өтірігі” деп аталатын еңбегінде осы қозғалысқа үлкен мән беріп былай деген еді: “...1916 жылғы көтерілістер, “Қоқан автономиясы” және “басмашылар әрскеттерімен” қосылып, орыс тепкісіне қарсы бағытталған ұлттық қозғалыс тарихымыздың ең маңызды құбылыстарының бірінен саналады” (Шоқай М. 1916 жылғы көтеріліс туралы большевиктердің өтірігі.//Шоқай М. Таңдамалы. –Алматы, 1998. 1 т. -214 б.). Яғни М.Шоқай 1916 жылғы қозғалысты Қоқан автономиясымен және Орта Азиядағы басмашылық қозғалыстарымен қатар қойып, олардың ұлттық сипатына баса назар аударды. Ол: “1916 жылғы көтерілістің баса көңіл аударатын ең бір маңызды тұстары қайсылар?” — деп сауал қойып, оған өзі нақты жауап берді: “Бұл сұрауға, - деді ол, - “16 жылғы қозғалыс жалпы алғанда ұлттық қозғалыс еді” деп жауап беруге болады. Онда таптық күрестің елесі де жоқ еді.

Түркістандықтарды, халықтың барлық жіктерін өз қол астына бірлестірген патшалық Ресейдің жалпы саясатын айтпағанда, түркістандыктарды майдандағы қара жұмысқа шақырған бұйрықтың өзі ұлттық табиғатына, рухына жат еді.” (Сонда, 214-215 бб.).

Осы мақаласында М.Шоқай 1916 жылғы көтерілістің ұлт-азаттық сипатын атап көрсетумен тоқталмай, осы қозғалыстың таптық сипаты туралы әңгімені де мүлде теріске шығарады.

Айта кеткен жөн, 1916 жылғы көтерілістің таптық мәні туралы мәселе, тіптен бұл көтерілістің 10 жылдығын 1926 жылы большевиктер атап өткен кезде де ашық айтыла қойған жоқ еді. Осы тұста большевиктік бағытта тұрған Тұрар Рысқұловтың өзі де көтерілістің бұқаралық сипатын көрсете келе, оның “халықтың кедей... бөліктері арасында белсендірек көрінгенін’"  жазумен шектелген еді (Рыскулов Т. Востание туземцев Туркестана в 1916 году.//Востание киргизов и казахов в 1916 году. -Бишкек, 1996. -75 б.). Мұнда ол әрине, қазақ ауылында таптық бөліну емес, рулық бірігудің басым болғанын, сондықтан да көтеріліс күшті көрінген кейбір жерлерде қазақтардың рулық негізде өздеріне хан сайлау әрекеттері орын алғанын ескерген еді.

1916 жылғы көтерілістің 10 жылдығына арналған Голощекин атындағы Комвузда өткен мәжілісте баяндама жасаған Қазақстандағы кеңестік жүйе қайраткерлерінің бірі Сейтқали Мендешев осы көтерілістің ұлт-азаттық сипатын мойындай келе, оны Ресейде пісіп-жетілген революцияның құрамдас бөлігі ретінде” бағалаған болатын (Мендешов С. О национально-освоводительном движении 1916 года. ».// Қаһарлы 1916 жыл (құжаттар мен материалдар жинағы).- Т.2. -23 б.).

Мұнда С.Меңдешовтың ұлтшыл атанудан сақтанып, қазақ жеріндегі 1916 жыл оқиғасын Ресейдегі 1917 жыл төңкерістерінің алғышарттарымен негізсіз байланыстыруға тырысу әрекеттерін аңғару қиын емес. Ал большевик Темірбек Жүргенов болса өзінің “Еңбекші қазақ” газетінде 1926 жылы жазған мақаласында “1916 жылғы қазақ көтерілісі, дұрысында ауылдың қалаға қарсы көтерілісі еді”, - деп жалпылама қорытынды жасай келе “елдің бойын кернеген ашу, наразылығы 1916 жылғы қазақ көтерілісі - ұлт (бөлек ел) көтерілісі еді. Өйткені, жоғарыда айтылған наразылықты тудырған үкімет озбырлығы, капитал құлдығы бүкіл қазақ еліне батты, бүкіл қазақ елі зорлық көрді” (Жүргенұлы Темірбек.1916 жылғы қазақ көтерілісіндегі қала мен ауыл арасындағы наразылық.//Еңбекші қазақ, 1926, 30 сентябрь.), - деп жазды. Темірбек Жүргеновтың бұл жерде “қала” деп отырғаны патша үкіметінің қазақ жеріндегі қамал-қалалары екенін түсінген жөн.

Осы талдаудың өзі-ақ, 1916 жылғы көтеріліске таптық тұрғыдан баға берудің тіптен, кеңестік Қазақстанда билік төңірегінде жүрген қазақ қайраткерлерінің өздерінің арасында да, оқиғаның болғанына 10 жыл толған соң да, әлі нақтылана және орныға қоймағанын дәлелдей түседі. Алайда сталиндік таптық концепцияның 20-жылдардың соңына 30-жылдардың басына қарай Қазақстанда да тамыр жая бастауы осы айтулы ұлттық көтерілістен таптық сипат іздеуді күшейте түсті. Бұл 1916 жыл оқиғасының 15 жылдығы қарсаңында айқын көрініс бере бастады. Кезінде осыған байланысты Мұстафа Шоқайдың былай деп жазғаны белгілі: “...пролетариат диктатурасының 14 жылына келген тұста, Галуза (Galuza) есімді біреу бастап, басқалары қостап, жоғарыға айтылған тайға таңба басқандай ақиқатты көпе-көрнеу бұрмалауда. Олар бұлтартпас фактілердің өңін айналдырып, 16-шы жылғы қозғалысқа таптық сипат беруде. Оны Түркістан шаруалары мен ұлттық пролетариатының, орыс мұғажыр мұжығы және орыс пролетариатымен бірлесе отырып, орыс пен Түркістанның буржуазия табына қарсы жүргізген таптық күресі ретінде түсіндіре бастады.

Орыс мұжығы мен орыс пролетариятын 1916-шы жылғы көтеріліс кезінде түркістандықтарға көмектескен етіп көрсету тарихи шындықты бұрмалағандық қана болып қалмастан, өтірікті ойдан шығарудың теңдессіз үлгісі де бола алады” (Шоқай М. 1916 жылғы көтеріліс туралы большевиктердің өтірігі.//Шоқай М. Таңдамалы. –Алматы, 1998. 1 т. -216 б.).

М.Шоқай өзінің осы еңбегінде 1926 жылы, яғни 1916 жылғы көтерілістің 10 жылдығында айтылған дұрыс пікірлерден арада 5-ақ жыл өтісімен, яғни 1931 жылға қарай бас тартудың, тарихи шындықты таптық концепцияға сүйеніп бұрамалу жолына түсе бастау басталғанын батыл атап көрсеткен еді. “Ең қызығы мынада — деп жазды ол, - “16-шы жылғы көтеріліс Ресейге, орыстыққа қарсы ұлттық қозғалыс еді”, “орыс мұғажырларының мүддесімен түркістандықтардың мүддесі бір-біріне қайшы еді”, - деп жазғандардың бәрі “тар ұлтшыл”, “шовинист” ретінде қараланды...” (Сонда.-218 б.).

omm-2

Өзі Әлихан бастаған Алаш зиялыларының аталмыш мәселеге байланысты көзқарастарын жақсы білген, алайда 30-ы жылдар басында кеңестік жүйенің жетекші қайраткерлерінің біріне айналған С.Асфендияровтың 1935 жылы жазған «Қазақстан тарихы» атты еңбегінде 1916 жылғы көтерілісті төңкеріс (революция) ретінде батыл атап көрсетпей, оның мазмұнынан “ұлттық азаттық, ұлттық бірігу (қалыптасу) үшін” ұмтылысты іздегенін де естен шығаруға болмайды. Бұл тарихи шындықты мойындау еді. Дегенмен де , оның “қазақ ұлттық революциялық қозғалысын” “Ресей пролетариатының революциялық күресіне тығыз тәуелді етуге” ұмтылысын тарихи шындықтан ауытқу ретінде қабылдауға тура келеді. Өзінің еңбегін сталиндік таптық көзқарастармен сәйкестендіруге барынша күш салған С.Асфендияров өзінен бұрын 1916 жылғы көтеріліске әділетті баға беруге талаптанған Т.Рысқұловтың және М.Тынышбаевтың көзқарастарын «маркстік емес, тікелей меньшевиктік» пиғыл ретінде сынға алды (Асфендиаров С.Д. История Казахстана (с древнейших времен). Алматы,1993. -292-293 бб.). Бұл әрине, уақыт сынына төтеп бере алмайтын, ақиқатты белінен басқан қате пікір еді.

Осы кезеңде тарихқа большевиктік көзқарас жолына түсе бастаған С.Асфендияровқа біздің ойымызша ең тиянақты да, шынайы жауапты М.Шоқай бере алады. М.Шоқай өзінің жоғарыда аталған еңбегінде 1916 жылғы көтерілісті “Түркістан ұлттық төңкерісінің... жалпы алғанда, орыстыққа, Ресейге қарсы әліппесі” ретінде бағалай келіп, былай деген еді:           “Отарлардағы ұлттық қозғалыстарды пролетариат төңкерісіне әкелу үшін, лениндік қағида бойынша, “ұлт ішіндегі таптық құрылыс пен таптық күрес жетілген болуы керек”. Бұл Түркістанда жоқ еді. Бұл бір. Екіншіден, “қаналушы және қанаушы ұлттар пролетарлар табының арасында достық жене туыстық байланыстар орнатылуы тиіс делінсе, Түркістанда мұндай жағдай патшалық дәуірде, Лениннің тірі кезінде де болған емес. Бүгін де жоқ. Атамекеніміз Түркістан Мәскеуге күшпен бағындырылғаннан бері Түркістанның ұлттық пролетары мен орыс пролетары арасында ешқандай бір достық, жақындық болған жоқ. Және болуы да мүмкін емес. Большевик суайттары өз көсемдері Лениннің төңкеріс хақындағы теорияларын да көпе-көрнеу бұрмалап отыр” (Шоқай М. 1916 жылғы көтеріліс туралы большевиктердің өтірігі.//Шоқай М. Таңдамалы. –Алматы, 1998. 1 т. -218-219 бб.).

Мұндай дәлелді пікірді мақұлдамау біздің ойымызша тарихқа қиянат болып шығар еді. Өйткені Мұстафаның қашанда ақиқаттың ақ жолынан ауытқымай, қара қылды қақ жаратын тарихи шындықты әрқашан ту етіп көтергенін бүгінгі тәуелсіз Қазақтандағы тарихи зерттеулер тағы да дәлелдеп отыр.

Қорыта келгенде айтарымыз, кезінде сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының 1916 жылға байланысты көзқарасында екі бағыт айқын байқалады. Олардың алғашқысы - қазақ демократиялық ұлттық интеллигенциясының осы көтерілістің өзіне және оның сипатына, ерекшеліктеріне байланысты ұстанымдары болса, ал екіншісі тарихқа баға берудің таптық, сталиндік концепциясын қабылдап, соған қызмет етуге мәжбүр болған қазақ большевиктерінің бағыт-бағдары. Айта кеткен жөн, қазақ интеллигенциясының осындай көзқарастарын тарихнамалық тұрғыдан өзара, жан-жақты зерттемеудің салдарлары бүгінгі тарихымызда да көрініс беруде. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан тарихшылары сондықтан да 1916 жылға баға беруде әлі де ортақ пікірге келе алған жоқ. Мысалы академик М.Қозыбаев бұл қозғалысты “көтеріліс шеңберінен шығып, төңкеріс (яғни революция — Т.О.) дәрежесіне көтерілген” тарихи оқиға ретінде бағаласа (Қозыбаев М. Жауды шаптым ту байлап. -Алматы,1994.-130 б.), ал зерттеуші А.К.Бисенбаев бұл көтерілісті “ұлт-азаттық соғысы” ретінде қарастырды (Бисенбаев А.К. К вопросу о характере событий 1916 г. в Казахстане// Казахстан в начале ХХ века: методология, историография, источниковедение: Сб.статей... Алматы, 1994. -104 б.). Алаш қозғалысының тарихын арнайы зерттеп жүрген белгілі ғалым М.Қойгелдиев 1916 жылғы көтерілісті қазақ ұлттық демократиялық интеллигенциясының көзқарасымен және қоғамдық-саяси қызметімен тығыз байланыста қарастыра отырып, бұл маңызды тарихи оқиғаны төңкеріс, яғни революция ретінде бағалауға болмайтынын атап көрсете келіп, “16-жылғы көтеріліс ұлт-азатгық революция дәрежесіне көтерілуі үшін қоғамдағы негізгі саяси күштердің, ең алдымен оның мақсат-мүддесін анықтап, бағыт-бағдар бере алатын ұлттық интеллигенцияның қолдауын алуы керек еді”, - деген пікірді алға тартады. Сонымен бірге зерттеушінің “кез келген ұлт-азаттық революцияның түпкі мақсаты болып табылатын саяси бостандықты” да көтерілісшілердің өздерінің алдына міндет етіп қоя алмағандары туралы қисынды ұйғарымы назар аударуға тұрарлық (Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы .-Алматы, 1995. -22-23 бб.).

Әйгілі М.Шоқайдың көзқарасымен үйлесетін осы пікірлерді белгілі тарихшы К.Нұрпейісовтың іргелі зерттеулерге негізделген тұжырымы орнықтыра түседі. Ол былай деп жазған еді: “Бүкіл Қазақстанды қамтыған көтеріліс негізінен патшалықтың қатал әскери-отарлық және кең көлемді орыстандыру саясатына бағышталған ұлт-азаттық қозғалысына ұласты. Сонымен қатар, бұл көтеріліс халық шаруашылығын дағдарысқа, ал халықтың басым көпшілігін қайыршылыққа ұшыратқан Бірінші дүниежүзілік империалистік соғысқа да қарсы бағытталды” (Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда.1995.-63 б.).

omm-k-rme

Бұл салиқалы қорытындының 1916 жылғы көтеріліс сипатын анықтаудағы жаңа көзқарас екендігі айдан анық. Мұны бүгінгі тәуелсіз Қазақстан тарихшылары да ескерулері керек. Барлық ұлт-азаттық көтерілістері тәрізді 1916 жылғы көтерілістің тарихы да қоғамдық дамудағы әртүрлі саяси-әлеуметтік өзгерістерге сәйкес бірнеше ондаған жылдарға, тіптен ғасырларға созылған тарихи ой-пікірдің эволюциялық өркендеу тезінен өте келе біртіндеп қалыптасып, ақиқатқа қол жеткізді. Тарихпен айналысатындар осыны ескерулері керек.


"adyrna"kz

 

Пікірлер