"Станнан" құтыламыз деп, сау басымызға сақина тілеп алмаймыз ба?

6304
Adyrna.kz Telegram

«Ақ жол» демократиялық партиясының XVI сайлауалды құрылтайында төраға Азат Перуашев Қазақ Республикасы атауын қайтаруды ұсынды деп хабарлайды  «Адырна» ұлттық порталы партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құрылтайды сөз алған партияның төрағасы:«Биыл «Алаш» автономиясынан бастау алатын және қазіргі Қазақстанның негізін қалаған Қазақ республикасына 100 жыл толды.

Алдымен қателесіп «Қырғыз» автономиялық республикасы деп аталып, 5 жылдан кейін Сұлтанбек Қожанұлы, Сәкен Сейфуллин, Жалау Мыңбайұлы және де басқа тұлғалардың арқасында республикамызға ұлтымыздың төл атауы қайтарылды», деді. Сонымен қатар Азат Перуашев осы мәселеге байланысты партия тарапынан жасалған ұсыныстарды тізбелей келіп: «Өткен жылы «Ақ жол» демократиялық партиясы үкіметке бұл тарихи датаны ресми атап өтуді және «Қазақстан» атымен қатар, тоталитарлық кеңес билігінің өзі мойындаған «Қазақ Республикасы» атауын қолдану туралы мәселені көтерді. Бұл бастаманы Ш.Уәлиханов атындағы тарих институты да қолдады, бірақ біздің шенеуніктер үнсіз қалды.Сонда да біз тарихи бірегейлігімізді білдіретін Қазақ Республикасы мемлекеттік атауын қайтаруды жөн деп санаймыз», деп мәлімдеді.

Азаматтық қоғам белсендісі Ерсайын Балабек партияның бұл ұсынысымен келіспейді. "Мемлекеттің атауын өзгерту үлкен шаруа. Қазақстан атауын өзгертер болсақ, жұрт құжаттарын өзгертуі керек. Біздің елде құжатпен жүгірудің қандай екенін бәрі біледі. "Қазақстан" деген атауда тұрған не бар? Оның үстіне әлем бізді "Қазақстан" деп таниды."Станнан" құтыламыз деп сау басымызға сақина тілеп алмайық", -дейді ол.

«Ақ Жол» партиясының бұл ұсынысына қатысты тарихшы Ділмахамбет Бекталы: «Өте қажет және орындалуын талап ететін ұсыныс. «Стан» сөзінің мағынасы туралы талай рет айтылды. Біздің жеріміз қазақтың топырағы. Сондықтан да «Ақ жол» партиясының бұл «Қазақ республикасы» атауын қайтаруды сұраған ұсынысынын қол қолдап қолдаймын. Біз Қазақ республикасының азаматымыз. Тарихтағы саяси бұрмалаудың салдарынан кеткен қателікті түзейтін уақыт жетті деп санаймын»,- дейді.

Осы мәселеге қатысты өз пікірін білдірген магистрант Ғалымжан Байымбет: «Керемет болар еді. Мысалы, шетелге шыға қалсақ, Қазақстаннан келдім десек, көбісі еш түсіне алмайды. Пәкістан, Ауғанстанмен шатыстыратыны көп. Кейде әрине, намыстанып та кетесің. Қазақ республикасы, болды, бітті! Өте әдемі емес пе? Өз басым партияның бұл бастамасын құп көремін. Осы бастаманы тұтас қоғам болып қолдауымыз керек»,-дейді.

Қазақстан атауымен қала берген дұрыс па, әлде Қазақ республикасы деп өзгерткен жөн бе, сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

Меруерт ХУСАИНОВА, 

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер