Шошқа фермасы жабылсын – ауыл тұрғындары

3511
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысының тұрғындары шошқа фермасын жабуды талап етуде, деп хабарлайды «Адырна»ұлттық порталы «Astana TV» арнасына сілтеме жасап. Олардың айтуларынша, ауыл маңына қоныс тепкен доңыздар халықты әбден мезі еткен. Айнала тезекке толған. Ал қолқаны қабатын жағымсыз иіс қар жауса да басылмай тұр.

Талпақ танаудың ішек-қарындары көмілген жерден аяқ алып жүру мүмкін емес. Ауыл тұрғыны осыны айтып әлеуметтік желіде араша сұрады. Автор шошқа қалдықтарының 900 шаршы метр аумақты алып жатқанын айтты. Тұншықтық деген халық 12 жылдан бері жанайқайға құлақ асар жан таппағандарына ашулы. Олар әу-баста кәсіпкердің бұл жерге түйеқұс өсіремін деп рұқсат алғанын айтады.

«Түйеқұс ұстаймыз деді. Оның аяғы не болып кетті. Бір емес, екі емес 26 баз бар. Бір базда мыңдаған шошқа бар. Соның нәжісін әкеп, төккенде мына Бестамақ қана емес Бесқопа, Қарағашқа дейін, тіпті Алғаға да иісі жетеді. Тыныс алу мүмкін емес»,-деді ауыл тұрғыны Ерболат Кенетаев.

Ауылдасының сөзін Гүлнәр Айтжанова да қостады.

« Суымыз лас, ауамыз лас. Тіпті терезе аша алмаймыз»,-деді ол.

Бұқараның айтуынша, 40 мың шошқа өсіретін үлкен ферма күн сайын 280 жануарды етке өткізу үшін бауыздайды. Ал оның зардабы ұшан-теңіз.

Басы дауға қалған кәсіпкер соңғы кезде қалдықтарды жерге көміп жүргендерін мойындады. Соңғы 20 күнде алты мың тоннадай өндірістік қалдықты көміпті.

«Бізде экструдерлер сынып қалып, содан өткір содамен араластырып, көміп тастадық. Жиырма күн болды»,– деді шаруашылықтың атқарушы директоры Нұрым Құмаров.

Аудан әкімі жағдайдан хабардар. Ол арнайы комиссия құрып, тексеріс жүргіземіз деп уәде берді.

«Біраз кемшіліктер анықталды. Арнайы келген комиссия тексереді. Соның қорытындысы бойынша іс сотқа беріледі. Соттың шешімімен ғана мекемені тоқтатуға болады»,– дейді Алға ауданының әкімі Мамырғалы Аққағазов.

Шошқа фермасы жабылы ма, жабылмай ма ол жағы әзір белгісіз. Ал тұрғындар ферманың көзін жою үшін аянып қалмаймыз деп отыр.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер