Жанболат АҒАДІЛДІ өлтірген қылмыскер қанша жылға сотталады?

3148
Adyrna.kz Telegram

18.11.2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Ғұмар ШЫНЫБЕКОВ Жанболат АҒАДІЛДІҢ өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу барысының мән-жайымен  таныстырды.

Ғұмар Шыныбековтің айтуынша, елге белгілі азаматтық белсенді Дулат АҒАДІЛОВТІҢ ұлы Жанболат Ағаділ мен оны өлтірген қылмыскер бір-бірімен таныс емес және қылмыскерлер оқиға орнынан қашпақ болған. Сондай-ақ Жанболат Ағаділдің өліміне қатысты күдікті 20 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Тергеу басқармасының бастығы: «Ағаділовтің өліміне және бұзақылыққа қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында 2020 жылдың 7 қарашасында сағат 23.00 шамасында, алдымен Нұр-Сұлтан қаласындағы Көктал шағын ауданы, Болашақ көшесі 28-де, содан кейін Ақмола облысы Талапкер ауданындағы Sinooil ЖҚС-ында бойжеткен үшін жанжал болған. 2020 жылдың 10 қарашасында бұл жанжал өз жалғасын тапты. Сағат 23.00 шамасында Ағаділов достарымен бірге Ақмола облысы Талапкер кентінен бірнеше автокөлікпен келісіп, Нұр-Сұлтан қаласындағы Көктал шағын ауданына келеді. Сол жерде басқа топпен кездеседі. Төбелеске 5 адам қатысқан. Жәбірленушілердің бірі жеңіл дене жарақатын алған. Ал азамат Жанболат Ағаділдің  жүрегіне зақым келген. Оқиға орнына жедел жәрдем барған. Ал күдіктілер екі көлікке отырып қашқан. Бірнеше сағат ішінде бұл адамдардың іздері анықталып, сол қылмыс болған шағын ауданда ұсталды,» - деп мәлімдеді.

Сондай-ақ Ғұмар Шыныбеков күдіктілермен Жанболат Ағаділдің бұрын-соңды таныс болмағанын баса айтты.

Басқарма бастығы күдіктілердің қашуына байланысты сұраққа: «Күдіктілер қашпақ болғанда, мен айтқандай, қылмыскерлер кетіп қалған. Бірақ сол қылмыс жасаған Көктал ауылының ішінен бір автокөлік ұсталды. Кейін бір сағат шамасында екінші автокөлік ұсталды. Бүгінде үш адам ұсталып отыр. Полиция қызметкерлеріне олар қарсылық білдірмеді», - деп жауап берді.

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

 

Пікірлер