Nur Otan Праймеризі: Мәжіліске Ақтөбеден 4 үміткер тіркелді

2269
Adyrna.kz Telegram

Мәжілістегі партиялық тізімге Ақтөбе облысынан ұсынылған үміткерлердің ішінде жастар және медицина қызметкері бар. Олар партияның Ақтөбе облыстық филиалының кезектен тыс XXX конференциясында пікірсайыс пен дауыс беру қорытындысы арқылы анықталды.
Конференция барысында Мәжіліске Nur Otan-ның партиялық тізіміне үміткерлер арасында пікірсайыс өтті. Олар өз сайлауалды бағдарламасы бойынша мәселелерді шешу жолдарын ұсынып, бір-біріне сұрақтар қойды. Пікірсайыс қорытындысы бойынша 15 үміткерге «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы 109 делегат дауыс берді. Нәтижесінде ең көп ұпай жинаған төртеуі облыстың өкілдік квотасына сәйкес Мәжілістегі партиялық тізімге үміткер ретінде енді.
Атап айтқанда, грек-рим, еркін және әйелдер күресі облыстық федерациясының президенті Рахат Сыдықов ең көп дауыс жинады. Екінші орынды 96 дауыспен мемлекеттік қызметкер Аманғали Бердалин иеленді. Сонымен қатар тізімге «DARU Medical Group» бас директоры Ғалымжан Елеуов, «Jas Otan» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин кірді.
– Бүгінгі праймериз – бұл ортақ жеңісіміз. Себебі арманымыз бір – ел мен халыққа қызмет ету, мемлекетімізді көркейту. Пікірсайыс барысында түрлі мәселе көтерілді, оның шешу жолдары да айтылды. Мұнда «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей ең үздігі анықталды, - деді партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Конференияда облыстық мәслихатқа 50 адамнан тұратын партиялық тізім бекітілді. Оның ішінде әйелдердің үлесі 9 пайыздан 30 пайызға дейін, ал 35 жасқа дейінгі жастар - 20 пайызға артты. Қазіргі қызмет етіп отырған мәслихаттың құрамымен салыстырғанда орташа жас 6 жасқа, яғни 52-ден 46 жасқа дейін жасарды.
Тізімдегілердің 41 пайызын шағын және орта бизнес өкілдері құрады. Ал білім беру саласы 13 пайыз, квазимемлекеттік сектор– 8 пайыз. Сондай-ақ, конференцияда облыстық сайлауалды бағдарлама бекітіліп, партияның кезектен тыс XX Съезіне делегаттар сайланды.
Айта кету керек, облыс бойынша праймериздің бірінші кезеңіне 460 үміткер қатысты. Оның 36,7 пайызын – әйелдер, 28 пайызын – 35 жасқа дейінгі жастар құрады. Кандидаттардың 50,4 пайызы бастауыш партия ұйымдарынан ұсынылса, ал 49,6 пайызы – өзін-өзі ұсынушылар. Дауыс беруге 28,6 мыңнан астам партия мүшесі қатысты.

Пікірлер