Мұсылман елі мұсылмандықтан алыстап бара ма?

5599
Adyrna.kz Telegram

Халқының басым бөлігі мұсылман саналатын Біріккен араб әмірлігі (БАӘ)  билігі алкоголь ішкендерге, өзіне қол жұмсағысы келгендерге қатысты жазаны алып тастады және неке қиылмаған жұптарға бірге тұруға рұқсат етті. Бұл туралы ақпаратты біраз уақыт бұрын хабарлап едік.

БАӘ президенті Халифа бен Зейд Әл Нахайян ұсынған жаңалықтар қылмыстық кодекске енгізілсе, БАӘ-де алкоголь ішу қылмыс болып есептелмейді. 21 жастан асқан азаматтарға жеке немесе белгілі бір қоғамдық орындарда алкоголь ішуге болады. Бұдан басқа, енді өзіне қол жұмсауға тырысқандар қылмыстық жауапқа тартылмайды және некесі қиылмаған жұптарға бірге тұруға рұқсат етіледі.

Бұл қалай? Күллі мұсылман киелі санайтын Құранда осы аталған мәселелерге қатаң тыйым салынбап па еді?

«Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Үмбетімнен арақты халал деп есептейтіндер болады». Бұхари риуаяты риуаят еткен. Құран Кәрім мен хадистерге жүгінсек, арақтың нағыз харам, тыйым салынған нәрсе екендігін білеміз. Алла Тағала былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Шындығында арақ, құмар ойын, пұттар, көріпкелдік жасайтын жебелер – шайтанның істерінен. Сондықтан да олардан қатты сақтаныңдар, сонда құтыласыңдар! Шындығында шайтан арақ пен құмар ойындар арқылы сендердің араларыңа от салып, дұшпандық пен жеккөрушілікті орнатуды, сендерді Алланың зікірінен, намаздан алыстатуды қалайды, сонда да тоқтатпайсыңдар ма?! Аллаға мойынсұныңдар әрі Оның елшісіне мойынсұныңдар, сақтаныңдар! Ал егер кері кетсеңдер, біліңдер, Елшіміздің бар міндеті  анық жеткізу ғана» (Мәида, 90-92).

Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Үш адам жәннатқа кірмейді. Олар: арақ ішуші, туыстық байланысты үзуші және сиқырға сенуші. Кімде-кім арақ ішіп, мас болып өлсе, даңқты һәм ұлы Алла одан әл-Ғута өзенінен сусындатады», – дейді. Адамдар: «Уа, Расулалла! Әл-Ғута өзені деген не?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (с.а.с.): «Ол тозақтағы зинақор әйелдердің мүшелерінен ағатын өзен. Олардың мүшелерінің исінен бүкіл тозақтықтар қатты жиіркенетін болады», – деп жауап берген. Бұл хадисті Ахмет, Әбу Яғла, Ибн Хиббан, Хакимдер риуаят еткен деп жазады Fatua.kz

Ал енді суицид, яғни адамның өз өмірін өзі қиюына қатысты Құранда: «...Және де өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге Мейірбан ғой. Ал кімде-кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, Біз оны тозақта өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай» (Ниса, 29, 30) деп жазылыпты. Бұл туралы ақпаратты Ақмешіт сайтынан алдық.

Арақ, суицидтен бөлек, мұсылман қауымын дүр сілкінтетін нәрсе болса, ол зинақорлық. Зинақорлық деген некесіз төсек қатынасына түсу. Яғни, біздің түсінікке салсақ, көңілдес, жасырын отбасын құру секілді дүниелер. Некелі жарынан басқамен төсек қатынасы былай тұрсын, тіпті көз қырын салудың өзі зина жасау болып табылады мұсылман үшін. Ал енді осынау күнәлі іске елдегі заң арқылы Біріккен араб әмірлігі рұқсат бермекші. Қайтадан Құранға жүгініп, бұл зинақорлық туралы не айтылғанына көз салайықшы.

«Зинаға жоламаңдар! Ол арсыздық, лас, төмен іс, жаман жол болып табылады.» (Исра 32). Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Аллаһтың алдында зинадан үлкен күнә жоқ.» (Р. Насихин) «Бір жерде зина және риба көбейсе, ол жердің халқы бәлеге ұшырайды.» (Хаким). Бұл ақпаратты Ислам діні сайтынан алдық.

Ал енді, жоғарыда сөз болған жайттарды сараптап көрейік. Қасиетті Құранда анық көрсетіліп, жазылған харам, күнәлі істерге мұсылман елі не себепті заңмен рұқсат бермекші? «Бұл күнәлі нәрселерді мұсылман елінің заңдастырмаққа ұмтылуын әлдебір саяси тактика деп ойлаймын. Өзін шынайы мұсылман санайтын адам заңды емес, ең алдымен Құран үкімдеріне бағынады. Сондықтан заңмен рұқсат берілгенімен, нағыз мұсылман арақ, зинақорлық, суицидке мүлде жоламайды. Өйткені ол жүрегімен иман келтірген мұсылман»,-деп сенеді шымкенттік шынайы мұсылман Мұхит БАҚЫТ.

Дәл осыған ұқсас пікірді оның әріптесі Нариман МЫРЗАГЕЛДІ де айтты: «Бұл мұсылман қауымына күйе жағудың кезекті көрінісі деп білемін. Қазір не жамандық бар, бәрін мұсылмандар жасауда деп жалаулату дәстүрге айналған. Меніңше, нағыз мұсылман ешқандай құжат, заңға қарамайды. Тек Құранның көрсеткен ақ жолымен жүреді».

«Иә, бұл ақпаратты мен де шетелдік басылымдардан оқыдым. Егер өтірік ақпар болса, осы күнге дейін терістеме берілер еді ғой? Соған қарағанда, рас болғаны деп ойлаймын. Демек, мұсылман екеніне қарамастан, БАӘ басшылығының бұлай заңға өзгеріс енгізбекке ұмтылуынан екі түрлі мән көремін. Біріншісі, мұсылман елі екеніне қарамастан, БАӘ жаңа қоғамдық өмір қалыптастырғысы келеді. Сол әрекеті арқылы мұсылман мемлекетіне қатысты дамыған елдердің саяси көзқарасын өзгертуді қалайды. Екіншісі, осыған дейін бір нүктесі өзгермеген деп дәріптелген қасиетті санаған Құранның жұрт ойлағандай аса бір қасиеті болмағаны. Жай ғана қағазға түскен араб тарихының жазбасы болғаны ғой? Егер расымен, Құраннан артық киелі кітап жоқ деп санаса, неге мұсылман елі сол Құрандағы тыйым салынған дүниелерге рұқсат бермек?» -дейді қарапайым азамат Ерғали ДҮЙСЕНҰЛЫ.

Қалай десек те, мұсылман әлемінде үлкен өзгеріс белең алып жатқаны рас. Бұл өзгерістің жақсылыққа немесе жамандыққа бастайтыны әзірге белгісіз. Сондықтан елеулі жаңалықтардың нәтижесін уақыттың еншісіне қалдырайық.

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер